Атқарылған жұмыс та, шешімін күткен мәселе де аз емес

 

Байзақ аудандық мәслихаттың кезекті ХХХІІ сессиясында аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев өзінің функциялары мен міндеттерін орындауы жөнінде, ағымдағы жылдың жарты жылдығының қорытындысы туралы мәслихат депутаттары алдында есеп берді.
Халық қалаулылары алдындағы өз есебін Елбасы Жолдауындағы міндеттер мен межелерге шолу жасаудан бастаған Рахматілдә Сегізбайұлы алты айдың қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінің оң динамикасы қалыптасқанын жеткізді. Атап айтсақ, аудандағы егістік жерлер көлемі 1 683,2 гектарға артқан. 50 415 гектар егістік жер электрондық картаға енгізілген. Пайдалану тиімділігін арттыру мақсатында осы жылдың алты айында 293,6 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Ағымдағы жылы ағын су жеткізуге арналған он алты каналдың 154,6 шақырымы тазаланып, қосымша 13 701 гектар жерді айналымға енгізу үшін шаруа қожалықтарына тиісті жағдайлар жасалыныпты.
– Ағын суды тиімді пайдалану мақсатында өткен жылмен салыстырғанда 338 гектарға артық жаңа технология енгізілген. Ауданда 5,2 гектар жерді пайдаланатын екі өнеркәсіптік және үш фермерлік үлгідегі бес жылыжай шаруашылығы жұмыс істеген болса, ағымдағы жылы 0,8 гектар жер игеріліп, жеті отбасылық жылыжай іске қосылған.
Бүгінгі күнге, аудан бойынша жылыжайлардың жалпы көлемі 6,0 гектарды қамтып отыр. Аудан шаруаларының арасында техника жаңартудың оңды үрдісі байқалады. Ағымдағы жылы 22 шаруашылық 208,7 миллион теңгеге 35 жаңа техникалар алып, ауыл шаруашылық техникалар паркін жаңартқан. Ағымдағы жылы мал санының барлық түрінің ұлғаюына қол жеткізілсе, ет экспорты бойынша да межеленген жоспар орындалуда. Аудан бюджетінің орындалуы кірістер бойынша 100,8 пайыз қамтамасыз етілген. Ал шығыстары бойынша жоспарда 7 152,1 миллион теңге болса, нақты 7 150,0 миллион теңге немесе қаржы 100 пайыз игерілген. Бөлшек сауда айналымының көлемі 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2 513,8 миллион теңгені немесе 163,9 пайызды құраған, – деген Рахматілдә Сегізбайұлы өз баяндамасында атқарылған жұмыстармен қатар, шешімін күтіп тұрған мәселелердің бар екенін жасырмады.
Аудан басшысының айтуынша, аудан көлеміндегі елді мекендердегі жайылым жерлер 7,7 мың гектарды құрайды. Осы жайылымдардың тозу үрдісі байқалса, есесіне алыс мал жайылымдары қажетті инфрақұрылым желілерінің істен шығуына байланысты айналымнан тыс қалған. Бүгінгі күнге, аудандағы елді мекендерге 222,9 мың гектар жайылым жер қажет. Аудандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы 170 мың гектар жердің ішінде егістік жер көлемі 58,7 мың гектар, оның 28,6 мың гектары суармалы. Осы суармалы жердің 40-45 пайызы судың тапшылығын сезінуде. Егіс егуге қолайлы жағдай болмағандықтан аудан аумағында жекеленген дақылдар бойынша межеленген көрсеткіштер орындалмаған. Сонымен қатар күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі – тұрғын үй салу үшін жер учаскелерімен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілмеген. Жастарды спортқа баулу жұмыстары да жақсартуды қажет етеді.
Аудан басшысы есепті кезеңде өнеркәсіп саласы, мал шаруашылығы, өсім көрсеткіші, ветеринариялық жұмыстар, өсімдік шаруашылығы, одан алынған өнім көлемі, тамшылатып суару жүйесін енгізу барысы, жылыжай өнімдері, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, бюджеттен бөлінген субсидиялар, ҰБТ көрсеткіштері, мектепке дейінгі тәрбие, ұлтаралық қатынас, қоғамдық қабылдаулар, діни бірлестіктер, қылмыспен күрес және жергілікті полиция қызметі туралы жан-жақты тоқталып, слайд арқылы баяндап берді. Сондай-ақ Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру мақсатында «Туған жер», «Қазақстандағы 100 жаңа есім», «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» жобалары бойынша атқарылған іс-шараларды атап өтті. Баяндама аяқталған соң мәслихат депутаттары тарапынан аудандық емхананы басқа жақтан салу, Қостөбе, Бурыл, Амангелді ауылдарына инфрақұрылымдар жүргізу, Сарыкемер ауылдық округіне қарасты жаңа бой көтерген аудандағы кейбір түйткілді мәселелерге қатысты ұсыныстар айтылды. Аудан басшысы айтылған ұсыныстарға нақты жауаптар қайтарды.
Сонымен қатар сессияның күн тәртібіндегі өзге де мәселелер ретімен қаралып, оларға қатысты тиісті шешімдер қабылданды.

Бауыржан ЖАҚСЫМБЕТОВ.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/