- Advertisement -

Берікқарада сақтардан қалған көп сыр бар

424

- Advertisement -

Қазіргі қазақ даласын мекендеген ертедегі тайпалар мен ұлыстардың аты көнеден сақталып келе жатқаны белгілі. Демек, қазақ халқы дала көшпелілерінің тікелей ұрпақтары екені даусыз. Мұндай пікірді көптеген ғалымдар өздерінің зерттеу еңбектерінде де жариялаған болатын. Сақтар – біздің түп атамыз. Бұған дәлел ретінде қазақ тарихын зерттеген көптеген тарихшы, этнограф, антрополог, археолог ғалымдарымыздың келтірген мәліметін айтуға болады. Олардың бірсыпырасы қазақ халқының арғы тегі біздің заманымыздан бұрын VII-IV ғасырларда Орта Азияны мекен еткен ежелгі сақ тайпаларынан шыққан дейді. Ал әйгілі ғалым А.Бернштам қазақтың атын сақтармен байланыстыра отырып, «қазақ» деген сөз ерте замандағы «қаспи және сақ» деген екі тайпаның қосылуынан шыққандығын, яғни қаспи-сақ, қас-сақ – қазақ болған деп тұжырым­дайды. Ал тарихшы М.Ақынжанов қазақ деген сөз «қас» (нағыз), «сақ» (тайпа аты) деген екі сөзден «қас сақ» (нағыз сақ) дегеннен шыққан деп өз еңбектерінде атап көрсетеді. Сондай-ақ сақ тайпалары туралы
сол замандағы парсы және грек тарихшыларының жазба деректерінде де мәліметтер жақсы сақталған.Сақ дәуіріндегі парсының сына жазуы мәтіндерінде оның ішінде накширостемдегі жазуында сақ тайпаларының үш тобы айтылады. Олар хаомоварга сақтары (хаомо ішімдігін жасайтын сақтар), парадария сақтары (теңіздің арғы жағындағы сақтар) және тиграхауда сақтары (шошақ төбелі тымақ киетін сақтар) деп аталса, ежелгі гректер мен қытай жылнамашылары деректерінде сақтардың бірсыпыра тайпаларының аты мен қоныстанған өңірлеріне дейін атап көрсеткен. Мысалы, грек жазбаларында кездесетін массагет, яксарт, дай, дахи, аби, фарат, асқатағ, исседон, сармат тағы басқа да сақ тайпалары өз заманында Орта Азия мен қазақ даласын мекен еткен. Массагет, яксарт тайпалары көк теңіздің (Арал теңізінің) оңтүстік және солтүстік өңіріне, Сырдарияның оң жақ алқабына қоныс тепкен. Осы яксарт тайпасына байланысты ертеде Сырдария өзені де «Яксарт» деп аталған. Дай немесе дахи тайпалары болса, Сырдарияның төменгі жағын қоныс етіп, Аби тайпасы Қаратау бойын, Сырдарияның алқабын, ал Фарат тайпасы Талас Алатауы мен Қаратаудың шығысы мен солтүстік бөлігін мекендеген. Асқатағ тайпасы Шу өзені мен Талас өзенінің аралығында, қырғыз Алатауының етегінде тұрған. Иссодон тайпасы Іле өзені мен Шу өзенінің бойын, оның шығыс жағындағы Тарбағатай тауына дейін созылған алқапты иеленген. Ал сармат тайпасы Каспий теңізінің терістігінде, шығыста Жем өзеніне дейін, солтүстікте Жайық өзенінің басына дейінгі жерлерді мекен еткен.
Сақ тайпаларының барлығы тек көшпелі қауым болды деуге болмайды, өйткені ерте темір дәуірінде оларда дала мен қала мәдениеті қатар дамыған. Мәселен, Сыр өңіріндегі сақтар отырықшы әрі қалалық өркениетті жақсы меңгерген, егін егіп, бау-бақша өсіріп, қала салған. Бұған Сырдария өзенінің арнасы Жаңадарияның сол жақ жағалауындағы ең биік төбенің үстіне орналасқан Шірік – Рабат қаласы айғақ бола алады. Себебі антикалық дәуірдегі грек және парсы халықтары мен осы өңірдегі жергілікті сақтардың мәдени және саяси байланыста болғаны ықылым заманнан белгілі. Мұны сонау ХХ ғасырдағы атақты ғалымдар өз зерттеу еңбектерінде дәлелдеген болатын.
1937 жылы Хорезм археологиялық және этнографиялық экспедициясының жетекшісі археолог, академик С.Толстов Сыр аймағына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізеді. Оннан аса ескерткіш қазылып, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде көптеген сақ дәуірінің асыл мұраларын тауып, сақ тайпалары мен мәдениеті туралы мәліметтер жинақтайды. Ол өзінің еңбегінде «Ең алғашқы күмбезді архитектураны Рим империясының Рим архитектурасына жатқызсақ, ол біздің дәуіріміздің I ғасырына жатады. Ал дала сақтары, яғни Арал, Сырдың маңын мекендеген сақ тайпалары оған дейін 400 жыл бұрын керемет күмбезді архитектураның үлгілерін көрсеткен» деп тұжырым жасайды. Осылайша атақты ғалым өз зерттеулерімен сол кездегі сақ мәдениетін әлемнің озық үлгісі ретінде көрсете отырып, кәрі құрлық елдеріндегі ұлы мәдениеттің қай жақтан бастау алғанын да аңғартқандай болады. Осы уақытқа дейін батыс ғалымдарының біздің бабаларымызды «Адамзаттың арамы, түз тағылары, қарақшылар, дала кезбелері, мәдениетті бізден үйренді» деген көзқарастарына археологтің бұл сөзі қатты соққы болып тигені анық. Сонымен қатар осы кезге дейінгі археологиялық қазба-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде табылып жатқан бабаларымыздың асыл жәдігерлері, алтын мен күміске көмкерілген киімдері әрі күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қолданған әртүрлі қыш ыдыс-аяқтары тағы басқа жәдігерлері сол ғалымдардың ауыздарына құм құйғандай болды.
Енді кейбір батыстық ғалымдардың арасында біздің бабаларымыздың мәдениетіне ортақтасып қалу мақсатында жәдігерлер өздерінен шыққанын, содан олар Орта Азияға келгенін алға тартып жүргендері де жоқ емес. Бірақ бір нәрсені есте жақсы сақтауымыз қажет (біздің дәуірімізге дейінгі) Ұлы көштің, яғни «халықтардың қоныс аударуы» Батыстан емес, Шығыстан Батысқа қарай жүргендігін және осы арқылы шығыстық мәдениеттің Батыс өңіріне дейін таралғандығын мойындау ләзім. Демек, көшпелілердің мәдениеті мен өркениеті сол кезеңнің өзінде-ақ Еуразия даласына тарады деген сөз. Меніңше, батыстық ғалымдардың «Көшпелілерде мәдениет жоқ» деген пікіріне мына мысал жеткілікті болар деп ойлаймын: ұлы даланың көшпелі перзенттері жылқыға мінгенде ыңғайлы болатын үзеңгіні және киетін шалбарды ойлап тауып қойғанда, олар етегі ұзын белдемше киіп жүргендігін, үзеңгінің не екенін білмеген. Түркі халықтарының озық мәдениеті мен тарихын зерттеген атақты ғалым, түркі мәдениетінің жанашыры Л.Гумилев та бұл туралы өз еңбектерінде нақты айтқан. Ал сақтардың бірыңғай көшпелі тайпаларына келетін болсақ, олардың да өзіндік дала мәдениеті мен өркениеті ерекше қанат жайғанын бүгінгі ғалымдарымыз дәлелдеп жүр. Қазақ даласында әлі де зерттеуді қажет ететін сақтардан қалған қоныстар мен обалар жеткілікті. Еліміздегі әр тарихи орындарды зерттеген сайын қазақ тарихын тың деректермен толықтыра түсері анық. Көне замандарда кең сахараны мекен еткен көшпелі және жартылай отырықшы халықтардан қалған талай тарихи сырды ұлы дала өз қойнауына бүгіп, біз білмейтін қаншама сырды жасырып жатыр десеңізші?
2017 жылдың сәуір айында осындай тарихи-археологиялық қазбалардың бірі ерте темір дәуіріне жататын Берікқара обалар қорымына да жүргізілді. «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінің қатысуымен өткен жұмысқа Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты, Халықаралық дәрежедегі «Геоархеология» орталығының басшысы Ғалымжан Бексейітов жетекшілік жасады. Осылайша ерте замандағы тарихтың сырына куә болу мақсатында киелі Қаратау өңіріне де бет бұрдық. Берікқара қорымы – киелі қарт Қаратау жотасының теріскей бетіндегі өзі аттас шатқалдың тау алды жазығында орналасқан, ерте темір дәуіріне жататын, көне сақ тайпаларының жерлеу орындары болып есептелетін үлкен ауқымды обалар тізбегі. Бұл өңірді жоғарыдағы грек және қытай жазбаларында айтылатын, Қаратаудың биік те құзды шатқалдарын жайлаған сақтардың аби және фарат тайпалары қоныс еткенін ескерсек, Берікқара қорымдары сол екі тайпаның бірінен қалған обалар болатынын да болжаймыз. Бірнеше үйіндінің үсті түгелімен ақ тастармен жабылған. Қорымдар солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай созыла жайғасқан. 1936-1938 жылдары осы Берікқара обаларына археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізген А.Бернштам мұнда ұзын-саны 457 оба орналасқанын еңбектерінде дәйекпен келтірген. Берікқара обалы қорымдарына 1989-1990 жылдары ресейлік ғалым, археолог Рамиль Исмагилов археологиялық қазба-зерттеу жұмыстарын жүргізген. Жалпы 1936-1990 жылдар аралығындағы қазба жұмыстарының нәтижесінде қыш ыдыстар, алтын, қола және мыс сырғалар, салпыншақтар, аузынан құстың басы шығып тұрған жолбарыстың басы тұрпатты қола айылбас, темір пышақтар, күміс қасықтар, ат әбзелдері, қорамсақ, екі және үш қанатты құйрығы бітеу жебе ұштары, семсердің басы табылған. Бұл материалдар Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласындағы Эрмитажда сақтаулы тұр.
Былтыр археологиялық зерттеу жұмысы барысында төрт сақ обасына қазба жұмыстары жүргізілген болатын. Өкінішке қарай, археологиялық экспедицияның жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ғалымжан Бексейтовтің пайымдауынша, аталған обалар ерте кезде тоналған болып шықты. Алайда патша өкіметі тұсында және одан кейінгі ХІХ ғасырдың басы мен ХХ ғасырдың аяқ тұсында бұл өлкелерге қоныс аударып және зерттеуге келген көптеген келімсектер осындай тарихи орындардан алтын іздеп, одан шыққан құнды жәдігерлерді Ресейдің орталығына алып кеткенін естен шығармағанымыз абзал.
Қазба жұмыстарының нәтижесінде төртінші обадағы адам мәйітінің жанынан қола айна, күміс және мыс жалатылған білезік, күміс шаш түйреуіш, қабірдің бас жағынан қыш құмыралар табылды. Жәдігерлердің маңызы мен олардың көлемі көз тоярлық. Мәселен, қола айнаның жалпы көлемі – 10 см, қалыңдығы – 1 мм, білезіктің көлемі – 7 см, жалпақтығы – 5 мм, ал шаш түйреуіштің ұзындығы – 38 см, бас жағының доғалы – 4 мм, одан төменгі жағы ұшына дейін 3 мм-ді құрады. Осы жәдігерлерге қарағанда бұл әйел адамының қабірі деген болжам жасалды. Аталған жәдігерлерді ғалымдар Алматы қаласындағы ғылыми-зерттеу орталығына өңдеуге әкетіп, бір ай уақыттан кейін жәдігерлерді облыстық тарихи-өлкетану музейіне табыстады. Қаратаудың етегіндегі Берікқара обалар қорымынан табылған жәдігерлер арқылы көшпелі сақтардың мәдениеті Батыс мәдениетінен әлдеқайда жоғары болғандығын және бірнеше ғасыр бұрын дамығандығын байқауға болады. Сақ мәдениетінің сарқыты саналатын Берікқара қорымдары әлі де толыққанды зерттеуді қажет етеді. Өйткені біздің мәдениетіміз бен өркениетіміздің дамуы сонау ерте сақ дәуірінде жатыр.

Мадияр ҚИСЫҚОВ,
облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support