- Advertisement -

Түркiстан – ер түріктің бесігі ғой

344

- Advertisement -

Тәуелсіз Қазақстанның географиялық картасында жаңа аумақтық құрылым – Түркістан облысы пайда болды. Елбасы Н.Назарбаевтың бұл шешімінің экономикалық тиімділігі зор. Ал тарихи маңызы тіптен жоғары.

Досай КЕНЖЕТАЙ,

философия, теология ғылымдарының докторы, профессор, Ясауитану ғылыми-зерттеу институтының директоры.

Адамның тіршілігі мына дүниедегі кеңістік пен уақыттың аясында өтіп жатады. Адамзатқа осы дүниені игеру, сақтау, қорғау – тек физикалық шарт қана емес, киелі метафизикалық міндет. Ислам теологиясы бойынша бұл дүние – пенденің өмір мен өлім арасындағы сынақ кезеңі. Жеке адамның сынақ уақыты – оның тарихы. Ал әрбір адамның жеке ғұмырнамасы – тұтас бір мәдениеттің де, діннің де, ұлттың да, мемлекеттің де тарихы.
Қазақтың тарихи танымында уақыт пен кеңістік, кәдімгі физика мен метафизика сияқты жан мен тән қатынасындай сипатқа ие. Сондықтан ол тұтас ұғым ретінде қарастырылады. Әрбір адамның Құдай алдындағы жеке сынағы оның өлімімен аяқталғанымен, мына дүниедегі ізі кейінгі буынға өнеге, тәжірибе, жол, салт, жора болып қалатыны мәлім. Яғни адамның ақылын, арын, жанын, малын, намысын қорғаудың, сақтаудың тәжірибесі. Бұларды мәдениет қабаттары дейміз.
Із қалдырғандардың өмірі де, өлімі де мәңгі есте сақталады. Бұл – тарихи сана. Сана сергек болса, тарихта аты қалады, аңызға айналады. Сондай аңыз, әфсәна болған бабаларды еске алу – ол адамның рухани қажеттілігі, рухының қызметі. Негізі тарихи сана, тарихи жады мен діни киелілік арасында тығыз байланыс бар. Оның әлеуметтік қыры да осында. Мысалы Ясауидің «зікір (еске алу) теориясы» мен ұлттық тарихи санада құбылыстық ұқсастық бар. Мұны тарихи сабақтастық, (өткен, осы және келер шақ) үш уақыт тұтастығы деп қараймыз.
Адам мәңгілік, себебі оның өткен өмірі, мазары кейінгі ұрпақ үшін сол кеңістікті иелену құқын берумен қатар, мемлекет – билік және Отан деген киелі тұғыр қалыптастырады. Ислам теологиясы бойынша түсіндірсек, біздің біртұтас үш Отанымыз бар. Рух әлеміндегі, ана құрсағындағы, туған соң кіндігімен байланатын – Отаны. Сондықтан да адамзатқа туған жері киелі.
Адам туған соң мына дүниемен рух-санасы арқылы қатынас жасайды. Қазіргі жаһандық үдеріс – бізді осы санадан, яғни киелі Отанымыздан байланысымызды үзуде. Адамзаттың ең басты тұғыры Отан болса, соның бірінші сатысы – ана құрсағы, елі, мына әлемге келгендегі рухани тұғырлары, құндылықтары. Сол сара жолмен иманы мен ұстанымынан өзгерместен жанның Иесіне қайтуымен адам сапары шеңберін аяқтайды. Бірақ бұл дүниедегі ізі артындағылар үшін де, Құдай үшін де негізгі сынақ өлшемі болып қала береді. Сондықтан адамға өткен тарихын еске алып отыру – сунна, ұлы жол, яғни табиғи хәл. Құдайлық қалау. Демек кез келген мазар жай ғана томпайған топырақ емес, ол адамның ұлағат, өнеге, есту, ғибраттану объектісі. Рух пен сананың құбылыстық ескерткіші. Діннің де, ділдің де тарихы. Сондықтан болмыс деген ол жеке басың ғана емес, ұлттың, мәдениеттің жауапкершілігі мен еншісінде екендігін де естен шығармаған абзал. Міне, осы орайда Ахмет Ясауидің «заман», «макан», «ихуан», «рабти сұлтан» ұстанымы қазақ болмысының мәні екендігі айшықтала бастайды.
Қазіргі қоғамда «өзге елдің анаусы артық, мынаусы керемет» деген пікір қалыптасқан. Жалпы таным үшін салыстыру деген жақсы. Бірақ бұл сөз өз Отанына қатысты айтылмауы тиіс. Себебі Отан – анаң. Қанша жерден салыстырса да өз анасынан басқа артық ана тапқан жан бар ма? Сондықтан елді салыстырып, ауыстыру – азаматтың ұстанымы болмаса керек. Сабырмен, ғылыммен, біліммен, намыспен, ерік-жігермен Отанды емес, елдегі үдерістерді ауыстыру басты мұрат болса, құба-құп. Демек сенің тірлігің ғана емес, жер-бесіктегі мекенің де мына кеңістіктің яғни топырақтың әрі қарай қазақтың жері болуына сеп. Мазардың қазақтың тарихи санасының мәні саналатыны осыдан. Ол физикалық және метафизикалық тарихи ойлау жүйемізді тұтастырып тұрған темірқазық іспеттес. Бұл сананы археологтар жақсы сезеді. Ол «культивациялық қызмет» атқарып келеді. Мына қазақтың кеңістігін мазарларсыз елестетсеңіз, бұл жер менікі деп айта алмас едіңіз. Сондықтан дін феноменологиясы тұрғысынан мәдениеттер мен қалалардың пайда болуындағы мазарлардың рөлі туралы арнайы зерттеулер жүргізілуі тиіс. Осы тұрғыдан алғанда Анкара қаласының «Қажы Байрам Уәли» атымен немесе Түркістан қаласының қалыптасуында «Қожа Ахмет Ясауидің рөлі» деген тақырыптар өте өзекті.
Дін феноменологиясына ғылыми тұрғыдан қарасақ, діни ғимараттар – мазар, мешіт, шіркеу болсын, сол елдің рухани тарихы әрі ареалын көрсететін бірден-бір белгісі. Мысалы, шіркеу – православия үшін сол елдің шекарасын білдіретін символ. Патшалы Ресей үшін де «Русский мир» шекарасы алдымен шіркеу, сосын сыртын крепостьпен қоршайды. Сол сияқты мазар, мешіт – рухани әрі саяси, геосаяси тұғыр. Бұл мәселеге ғылыми таныммен қараған жөн.
Қазақ «молалы жерде су болар, сулы жерде ел болар» деген. Осы сөздің мәніне үңілсеңіз, қазақ дүниетанымында «мазар», «ел», «су» бұлар геосаяси ұғымдар. Кеше солай болған, бүгін де одан әрі жалғасуда. Міне, қарап отырсаңыз адам үшін кеңістікте де, санасында да ұғымдық танымдық ескерткіш-ұстындардың орны ерекше.
Байқағаныңыздай, «мен» яки «болмыс» деген ол тек адамның жеке тұлғасы ғана емес. Ол оның артында тұрған мәдени ғарышы. Менді «мен» дәрежесіне жеткізген әлем ол менің – мәдениетім. Сол мәдениетті түзетін құндылық атаулы ұғымдар арқылы қалыптасады. Тіл арқылы ұғым, түсінік, таным, тұжырым, дүниетаным, дін, барлығы мені қоршаған ғарышқа айналады.
Қазақ мемлекеттілігі мен саяси тарихында осындай геосаяси мәні бар орталық Түркістан қаласы болды. Түркістан – бір жағы Сыр, бір жағы Қаратаумен шектелген, табиғи қорған ішіндегі киелі мекен, яғни «Фараб» аймағы еді. Ірі сауда жолында орналасқан түркі-ислам өркениетінің орталығы болды. Сондықтан тарихта бұл қасиетті мекенді иелену үшін талас-тартыс толастамаған. Бұл қаланы «иемдену» тарихы да «мазар құбылысына» барып тіреледі. Бұл жердегі мазар құбылысы тікелей Қожа Ахмет Ясауидің тарихи тұлғасымен байланысты. Яғни Ясауидің «Әзіреті Сұлтан», «Пір-и Түркістан», «Аситана-и Сағадат» сияқты атақтары мен даңқы да ықпал еткен.
Түркістан қаласын алғаш астана еткен қазақ хандарының бірі – Есім. Ол, өзінің өсиеті бойынша, Қожа Ахмет кесенесіне жерленген. Есім ханнан кейінгі қазақ хандарының барлығы дерлік осы мекенде жерленді. Кейбір деректерге сүйенсек, қасиетті Түркістанда қазақтың 21 ханының сүйегі жатыр. Олардың арасында ІІ Жәнібек хан (1643 жылы қаза тапқан); Салқам Жәңгір хан (1652 жыл), әз Тәуке хан (1718 жыл) және қазақтың үш жүзін біріктірген ең соңғы ханы – Абылай хан (1781 жыл) бар. Абылай Әзірет Сұлтан жатқан қабырхананың шығысындағы дәлізде, шығыс есігі алдына қойылған. Бұл дәліз ескі деректерде осы жерде жерленген ханның атымен «Абылайхан» деп аталған.
Кешегі мен бүгінгінің алтын көпірі болған, қазақ мемлекеттілігінің төрі, киелі бесік – Түркістан, киелі мазар (пантеон) ретінде де тарихи мәнге ие. Тек өткен тарихта ғана емес, ол бүгін де тарихи сабақтастық арқауына айналып отыр. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қабылдаған шешімнің тарихи мәні осында.
Кешегі үзілген елдігіміздің, мемлекеттілігіміздің тарихи мұрагері – тәуелсіз Қазақстан Республикасы екендігі даусыз. Ширек ғасырлық уақытта талай асулардан өтіп келеміз. Мемлекет тәуелсіз ел ретінде әлі қалыптасу үстінде. Қазір сырттан да ұлан-ғайыр жерімізге көз тігіп, қитұрқы геосаяси мүдделерін телігісі келіп отырған сыртқы, ішкі саяси орталықтар жоқ емес.
Мемлекет, мемлекеттілік – киелі ұғымдар. Мемлекетсіз мәдениеттің де, ұлттық болмыстың да тіршілігі неғайбыл. Сондықтан бүгінгі қазақ мемлекеттілігі үшін де тарихи сабақтастық яки тарихи тәжірибе – басты рухани тұғыр.
Қазақ сан ғасырлық сыннан өтіп, өзінің егемендігін, елдігін жариялағалы ширек ғасырдан асты. Қазіргі әлемдегі геосаяси және жаһандық қысымдар мен өзгерістер ұлттық, мемлекеттік болмысты сақтауда тарихпен үндесу шартын алдымызға тартып отыр.
Түркістан қазақ елінің астанасы, қазақ мемлекеттілігінің негізі ретінде дала мен қала тұтастығынан тұратын, түркі ислам өркениетінің тұғырындағы жаңа болмыстық саяси орталығы болды. Кезінде хан Кененің еркіндік жолындағы саяси идеологиялық тұғыры да осы Түркістан еді. Мағжанның «Түркістан – Ер түріктің бесігі ғой, Түріктің тәңір берген несібі ғой» деген сөзінде терең тарихи сабақтастыққа толы мән жатыр.

Түркістан қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support