- Advertisement -

Тараз командасы дес бермеді

154

- Advertisement -

Тараз қаласындағы «Гамбит» шахмат клубында және «Тараз-Арена» спорт кешенінде ел Президентінің жүлдесі үшін VI Халық спорты ойындарынан облыстық іріктеу жарысы өтті. Жарысқа қатысушылар 13 спорт түрі бойынша сынға түсіп, жеңімпаздарды анықтады. Бәсекенің ашылу салтанатында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков сөз сөйлеп, командаларға сәттілік тіледі.
Додаға Тараз қаласынан және барлық аудандардан 200-ден астам үміткер қатысты. Волейболдан ерлер және әйелдер арасында тараздықтар дес бермеді. Ерлер арасында қазақ күресінен де тараздықтар топ бастады. Жамбыл ауданының балуандары екінші орыннан көрінсе, таластықтар үздік үштікті түйіндеді. Қазақ күресінен әйелдер арасында Тараз қаласының спортшылары жеңімпаз атанса, Талас ауданы екінші, Қордай ауданы үшінші орынды иеленді. Ұлттық спортымыздың мәйегі саналатын тоғызқұмалақ жарысында ерлер арасында Қордай ауданының құрамасы көш бастаса, тараздықтар екінші орынды олжалады. Сарысудың саңлақтарына үшінші орын бұйырды. Әйелдер арасында да қордайлық тоғызқұмалақшылар жеңістің ең биік тұғырынан көрінсе, меркіліктер екінші орынға ие болды. Тараздықтар үздік үштікті түйіндеп, бұл жолы да жүлдесіз қалмады. Кір тасын көтеруде Талас ауданынан келген жігіттердің көрсеткіші жоғары болды. Тараздықтарға екінші, Т.Рысқұлов ауданының құрамасына үшінші орын бұйырды. Шағын футболдан Байзақ ауданының құрамасына қарсылас шақ келмеді. Меркіліктер екінші, жуалылықтар үшінші орыннан көрінді. Қол күресінен Байзақ ауданының жігіттері білектерінің мықты екенін танытып, жеңімпаз атанды. Мұнан кейінгі жүлделі орындарды Қордай және Талас ауданының құрамалары өзара бөлісті. Үстел теннисінен ерлер арасында Тараз қаласының құрамасы топ бастаса, Қордай ауданы екінші, Байзақ ауданы үшінші орындарды иеленді. Дәл осы қала мен аудан құрамалары әйелдер арасында да жеңіс тұғырынан көрінді. Сондай-ақ жарысқа қатысушылар ерлер және әйелдер арасында Президенттік көпсайыс, асық ату, жағажай волейболы, стрит воркаут, стритбол, спорттық бағдарлау түрлері бойынша жеңімпаз командаларды анықтады.
Жарыс қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте Тараз қаласының құрамасы жеңімпаз атанды. Қордай, Байзақ, Талас ауданының құрамалары жүлделі орыннан көрінді.

Есет ДОСАЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support