- Advertisement -

Жер қойнауы қазынаға толы

183

- Advertisement -

Алайда оны пайдалануда туындайтын мәселелер бар

Есет ДОСАЛЫ

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі ұйымдастырған баспасөз туры Жамбыл ауданында жалғасты. Жақында облыс әкімі Асқар Мырзахметов жер қойнауындағы пайдалы қазбаларды өндіруді дамыту қажеттігін тиісті саладағы жауаптыларға ескерткен болатын. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сапары Амангелді ауылындағы «KATSA» өндіріс орнынан басталды.
Бұл карьер 2008 жылдан бері жұмыс істейді. Сол уақыттан бері 1354 текшеметр құм және шағал қоспаларын өндірген екен. Мұндағы өнім Тараз қаласындағы бетон шығаратын зауытқа, жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан аумаққа жіберіледі. Өнім облыс көлемінде пайдаланылады. Биыл 630 текшеметр өнім өндіріліпті. Қажетті жабдықтар жеткілікті. 27 адам жұмыспен қамтылып, он техника жұмысқа жегілген. Аталған серіктестікке 145 гектар алқапты пайдалануға рұхсат берілген. Өндіріс орнының басшысы Ерден Төлемісовтің айтуынша, әзірге 20 гектар жер ғана игерілуде. Өзге аумақты жақын жердегі шаруа қожалық мүшелері егін егіп, пайдаланып отыр. «Түйіндеп айтқанда жердің астындағы қазба байлық біздікі, үсті шаруа қожалықтардікі. Мұны өзара келісіп, бір мәмлеге келетін мезгіл жетті», – дейді Е.Төлемісов.
Мұнан соң журналистер Айша бибі ауылының маңындағы «Жұлдыз» карьерінде болды. Бұл кешеннің де жұмысы 2008 жылы басталған. Әуелі жылына 1 мың тонна құм мен шағал тас өндірілсе, 2013 жылы өнім өндіру көлемін арттырған. Қазіргі таңда бұл карьерде жылына 6 мың тонна жол құрылысына қажетті қоспалар өндіріледі.
– Осында 20 адам тұрақты еңбек етеді. 43,5 гектар аумақты алып жатырмыз. Он шақты техникамыз бар. Жұмысшылар орташа жалақысы 60 мың теңге. Кешен ауыл маңында орналасқан. Бірақ біздер ауыл тұрғындарына зиян келтірмейтін барлық шараларды ойластырып отырмыз. Өнім облыс көлеміне жөнелтіледі, – дейді «Жұлдыз» карьерін игеріп жатқан «Игілік–Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нұрсұлтан Сматов.
Мұнан соң облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық Сапаралиев БАҚ өкілдерімен қысқаша баспасөз мәслихатын өткізді.
– Облыста біздің салаға қатысты 184 келісімшарт тіркелген. Олардың 143-і кең таралған пайдалы қазбаларды өндірумен айналысады. Облыс әкімінің тапсырмасына және хаттамаларына сәйкес 184 келісімшарттың барлығын осы салаға қатысты департамент пен инспекцияларды қатыстыра отырып, зерделеп, қарап шықтық. Нәтижесінде 16 келісімшарт бойынша заң бұзушылық анықталды. Олардың 6-ы бойынша келісімшарт бұзылды. 10-ы бойынша кемшіліктерді қысқа мерзімде жою керектігі қатаң айтылып, ескертілді. Біздер әлеуметтік салаға төленетін төлемдерді де ұлғайттық. Биыл ол 120 миллион теңгені құрады. Салаға қатысты заңға өзгерістер енгізілуіне байланысты енді объектілер жалға 25 жыл емес, тек 10 жылға беріледі. Сондықтан осы кезге дейін 25 жылға беріліп қойған нысандарға да үнемі тексеру, зерделеу жұмыстары жүргізіліп, бақылауда ұсталады, – деді Жақсылық Мырзабекұлы.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support