- Advertisement -

Латын қаріптері алашқа таңсық емес

246

- Advertisement -

Қай жағынан алып қарасақ та, тәуелсіздік бізге ой-сана еркіндігін тарту етті. Дербес мемлекеттің өзіндік сара жолының қалыптасуына ықпалы мол болды. Әлбетте, ширек ғасырдан астам уақыт тарих үшін аз ғана екені күмәнсіз. Дегенмен қанаты енді ғана қатайып, бұғанасы бекіп келе жатқан жас мемлекет үшін осы қысқа мерзімнің өзі үлкен бір дәуір секілді көрінеді. Азаттықтың арқасында тәуелсіз Қазақстан жыл санап өркендеп, кұлпырып келеді. Мұның бәрі, әлбетте, толассыз еңбектің жемісі. Осы ретте елінің замана көшіне сай дамуы үшін бар күш-жігерін сарқа жұмсап келе жатқан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігін айтпай кетуге болмас. Сарабдал саясаткер, кемеңгер көшбасшы мемлекетіміздің мерейін әлемдік деңгейде асқақтатып жүргені сөзсіз. Оны бір біз ғана емес, күллі әлемнің көшбасшылары да айтып жүр.
Қазіргі кезде біздің ел жаңғыру, жаңару дәуірін бастан өткеріп жатқаны ақиқат. Тәуелсіздіктің елең-алаңында «алдымен экономика, одан кейін саясат» ұстанымын ұстансақ, бүгін, міне, рухани тұрғыдан кемелденетін кезіміз келіп жеткені анық. Соның бір айғағы – латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі. Аталмыш жазу үлгісі бізге еш бөтен емес. Қарт тарих парақтарын ақтарсақ, латын жазуы алаш арыстары үшін таңсық болмағанын байқай түсеміз. Демек, аталмыш әліпби қазақ халқының генетикасында бар деп айтуға да болады. Латын графикасына көшу мәселесі әр елде әртүрлі жағдайда қолға алынғаны мәлім. Түптің түбінде осы жазу нұсқасы бізге де келетіндігі әуелден белгілі болатын. Өйткені өркениет көшінен қалтарыс қалмауымызды ойласақ, ғылым мен инновациядан шетқақпайланбауымыз қажеттігін парықтасақ, мәселенің мәнісі өздігінен нақтылана түседі. Яғни ғылым мен білімнің, техниканың қарыштап дамып жатқан кезінде біз барлық игіліктерді меңгеруіміз шарт. Оның басында латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің тұруы заңдылық. Ал мұндай қадамға ақылды елдер асықпай барады.
Біз бұл мәселеге асқан байыптылықпен, салмақтылықпен келіп отырмыз. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланған кезден бастап, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне көшу туралы келелі жиындар, түрлі деңгейдегі басқосулар барлық мекемелерде, құрылымдарда кең көлемде өткізілді. Тіпті жаңашыл бастаманы отандастарымыз «Бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай» талқылап, ой сүзгісінен өткізді. Сан қилы мамандықтың иелері еш іркілместен өз пікірлерін ортаға салып, көзқарастарын ашық, жариялы түрде жеткізді. Мұның өзі біздің зайырлы мемлекет екенімізді айшықтай түссе керек.
Жоғарыда Қазақстан тарапы бұл аса өзекті мәселеге үлкен әзірлікпен келгенін айтып өттік. Ғалымдар сан түрлі тұжырымдарын алға тартып, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің тиімді нұсқаларын ұсынды. Түрлі қарама-қайшы пікірлер айтылды. Ұтымды ұсыныстар сүзгіден өткізіліп, сұрыпталды. Әліпбидің әлденеше нұсқасы ұсынылғаны баршамыздың жадымызда. Солардың ішінен ең соңғы болып таңдалғаны, шын мәнісінде, қазақ халқының болмысына жақын. Осындай кең көлемдегі ойласулар оң нәтиже бергені баршамызды қуантады.
Мемлекет басшысы ұзақ жылдар бойы латын графикасына көшетінімізді айтып келді. Бұл дегеніміз осынау реформаның түбі қолға алынатындығын әуелден айқындағанын аңғарта түссе керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осынау өзекті қадамға бармас бұрын отандастарының психологиясын ұзақ жылдар бойы дайындағанын айта кеткен ләзім. Соның нәтижесінде ғалымдарымыз да еш іркілместен жұмысқа кірісіп кетті. Мұның өзі асқан көрегенділік емей немене?
Өзбекстан бастаған өзге де бірқатар мемлекеттер латын графикасын ілгеріде таңдап қойған. Әйткенмен елдің экономикалық иммунитеті нықталмай қолға алынған реформа бастапқыда ойдағыдай нәтиже бермегені ақиқат. Бірқатар қиыншылықтар туындағанын да ешкім жоққа шығара алмайды. Сол ауыртпалықтардың барлығын олар мойындарымен көтере білді, көтеріп келеді де. Салыстырмалы түрде айтсақ, тәуелсіз Қазақстан бұл қадамға етек-жеңі жиналған шақта, дербес мемлекет ретінде кемелденген кезде қадам басып отыр. Жаңа әліпбиді таңдау арқылы біз Ахмет Байтұрсынов бастаған Алаш арыстарының, қайраткерлердің аманатын жалғастыра түсеміз. Осыны қаперден шығармағанымыз ләзім.
Иә, латын графикасы қазақ тарихында аса ұзақ уақыт қолданыста болмаса да, біршама мерзім Алаш арыстары дәл осы жазу үлгісін мақұл көрді. Осының өзі-ақ сүйегі асыл текті бабаларымыздың болашақты болжай білетіндігін айғақтай түсетіндей. Ендеше тарих парақтарынан бізге етене таныс латын графикасы ешкімге де қиындық тудырмасы сөзсіз.
Біз латын графикасына негізделген әліпбиді таңдау арқылы жер жаһанға азат мемлекет екенімізді айшықтап қана қоймай, ғылым мен білім бәсекесінде де қуатты ел екенімізді дәлелдейтін күн алыс емес дегім келеді. Ал жаңа әліпбиді күнделікті қолдану жасы егде тартқан азаматтарға қиын соғады деген сөздер жәй ғана дабыра. Білімге, оқуға құштар азамат қай жаста да қиындықтарды еңсере біледі. Оның үстіне латын графикасы жоғарыда айтқанымыздай, біз үшін таңсық емес.
Уақыт қашанда өз дегенін істетеді. Бүгінгідей жаһандану дәуірінде барлық салада атымыз озып келуі үшін алдымен тиімді әліпби нұсқасын таңдай білу қай ел үшін де маңызды екені дәлелдеуді қажет етпейді. Ұлтымыздың зияткерлік қабілетін арттыруда да латын графикасының алар орны ерекше болады. Анығырақ айтқанда, латын графикасы – жастардың болашағына салынып отырған инвестиция. Һәкім Абай: «Алдыңғы толқын ағалар, артқы толқын інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер» дегенді текке айтпаған. Дұрысы – күн санап дамыған ғылым мен білімнің жемісін де, жеңісін де көретін тәуелсіз елдің талантты ұл-қыздары. Бұл да дәлелдеуді қажет етпейді.
Бүгінгі таңда әлем елдерінің басым көпшілігі дәл осы латын графикасына негізделген әліпби нұсқасын қалыптастырып, таңдап алғаны баршамызға аян. Ақпарат алмасу үдерісінде де осы жазу үлгісінің озық екені екі бастан дәлелденіп, айқындалып қойғаны мәлім. Сондықтан да бұл реформа алдымен ұлт болашағы үшін қолға алынып отырғанын қаперден шығармауымыз керек. Жаңа әліпбиді таңдау арқылы біз кеңестік қызыл империя санамызға сыналап енгізген бодандық психологиядан арылатын боламыз. Ең бастысы да осы емес пе?
Латын графикасына негізделген әліпбидің мемлекет болашағы үшін аса маңызды екенін жастарға түсіндіріп, насихаттап жүру – баршамыздың асыл міндетіміз. Сол абыройлы міндетті жоғары деңгейде атқарудан еш жалықпауымыз керек-ақ. Қазақ «саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген сөзді текке айтпаған. Елбасы біреу – халық оған тіреу. Ендеше мемлекетіміздің қарыштап дамуы үшін қайсар қадамдарға барып отырған Президенттің осы қайырлы ісіне де жұмылған жұдырықтай қолдау білдіргеніміз жөн.

Рахым САДЫҚБЕКОВ,
филология ғылымдарының кандидаты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support