- Advertisement -

«Жаңарған Жамбылдан — асқақтаған Астанаға!»

225

- Advertisement -

Астаналықтар жамбылдықтардың тартуын жылы қабылдады

Арқа төсіндегі арман қала төрінде еліміздің барлық облыстарының мәдениет күндері өтуде. Елбасының төл туындысына телінген бас қаланың мерейтойына жамбылдық көркемөнерпаздар да өз тарту-таралғысын алып барды.
Алдымен бекзат өнер иелері – облыстық қазақ драма театры ұжымы Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!» атты классикалық комедиясын елордалықтардың назарына ұсынды.
Жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдарында әуелде М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қойылған әйгілі шығарма уақыт өтсе де өз маңызын жойған емес. Мұны Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына жиналған жұртшылық та жан-жүрегімен сезінді. Әдемі әзілмен өріліп, жастар арасындағы махаббатты бейнелейтін комедияның көркемдігі мен шынайылығы көрермен қауымды бірден баурап алғаны анық.
Иә, Арқа төсіндегі ару қала Астананың жиырма жылдық мерейтойы жоғары деңгейде тойлануда. Қолға алынған бастамалардың бәрі елордаға арналуда. «Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында еліміздің әр өңірі Есілдің бойындағы арман шаһарға қолдарынан келгенше тарту жасап жатыр. Бұл игі істен жамбылдықтар да шет қалған жоқ.
Анығырақ айтсақ, 6 жер телімін қамтитын велосипед жолағын салуға жамбылдықтар да көмек қолын созды. Жалпы ұзындығы – 43,92 шақырымды, сметалық құны 2588,312 миллион теңгені құрайтын «Велосипед көлігінің инфрақұрылымы» нысанының құрылысы 6 облыс тарапынан іске асқан. Оның №3 жер теліміндегі тиісті жұмыстарды атқаруды біздің облыс қолға алған болатын.
Велосипед көлігіне арналған жол ұзындығы 12, 36 шақырымды құрайды. Есіл ауданының Достық көшесінен бастап, Қабанбай батыр даңғылына дейінгі аралықты қамтыған ғаламат жоба еріксіз көз тартады. Құрылыс жұмыстарына өңір қазынасынан 470,9 миллион қаралып, нақты құрылысқа 467 794,2 мың, техникалық қадағалауға 2 200,0 мың, авторлық қадағалауға 916,2 мың теңге бөлінген. Жоба аясында қоқысқа арналған жәшіктер, орындықтар, велосипедті орналастыратын арнайы құрылғылар мен тұрақтар жұмысы іске асқан.
Заманауи үлгіге сай салынған велосипед жолағы елордалықтардың да, Елбасының да көңілінен шықты. Иә, бұл мерейтойға тамаша тарту екені анық! Мемлекет басшысы да, астаналықтар да бүгінде жамбылдықтар мен өзге облыстың атқамінерлеріне алғыстарын айтуда.
Астанаға тартулар легі әлі жалғасуда.

Астарға толы әзілдермен басталып, әсем әндермен әдіптелген спектакль ақын жігіт Әубәкір (Мәмбет Қожалиев), суретші жігіт Сұлтан (Жандар Қырықбаев) және магистрант жігіт Хасеннің (Абзал Дәулетбақов) өзара сыр шертіскен сәтінен бастау алады. Өнерлі үш жігіт те өмірлік жар іздеп жүргендер. Олардың бірі ақындық, бірі суретшілік, енді бірі ғылым жолына түскен. Жігіттердің өмірін өзгертіп, көңілін көркем күйге бөлеген Айсұлу есімді бейтаныс қыз.
Көктөбе колхозында сауыншы болып істейтін Айсұлудың суретін газеттен көрген үшеу ақылдан айрылады. Олар сұлуды таппақ ниетпен «Көктөбе, қайдасың?» деп тартып отырады. Айсұлуды аңсаған олар (Альмира Ділдә), Күнсұлу (Жадыра Құлтаева), Жансұлу (Индира Мұстафаева) және Нұрсұлулардың арбауына түседі (Ризат Қылышбаева). Жалпы бұл бейнелердің бәрі де тартымды шыққан. Алайда қаладан келген үш серіні байқаған ауылдағы шаруашылық бастығы (Әбу Шоңбаев) мен полиция қызметкері (Анар Алтыбаева) бір қулық қолданып, оларды Айсұлумен емес, Күнсұлу, Жансұлу, Нұрсұлулармен таныстырады. Ақыры әлгі үшеуін Айсұлу деп қабылдаған сергелдеңге түскен серілер сол қыздармен көңіл жарастырады. Ал Айсұлу өзінің сүйген жігіті Серкемен (Бексұлтан Әлекешов) қосылады.
Өткен ғасырда жазылған шығарма бүгінгі күннің көріністерін беруімен ерекшеленеді. Қойылымның қоюшы-режиссері Рүстем Жанамановтың режиссерлік шешімі негізінде оқиға барысында бүгінде елімізде бастау алған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы іс жүзінде көрсетіледі. Режиссердің шешімі мен актерлік ансамбльдің шеберлігі жұмыс соңына түсіп, отбасын құрмаған кәрі қыздар трагедиясын да әдемі әзілдермен астарлап жеткізді. Комедияның суретшісі облыстық қазақ драма театрының бас суретшісі Рахат Сапаралиеваның еңбегі де көзге айқын көрініп тұрды.
Бұл күні елордалық жұртшылық М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры сахнасынан облыстық орыс драма театры ұжымы ұсынған А.Коровкиннің «Тетки» қойылымын да айрықша ықыласпен тамашалап, зор қошемет көрсетті. Келесі күні елордалықтар облыстық халық шығармашылығы орталығының ұсынуымен жамбылдық қолөнер шеберлерінің және музей қорынан ұсынылған құнды жәдігерлердің жылжымалы көрмесін тамашалап, ризашылықтарын білдірді. Оларды облыстық тарихи-өлкетану музейі қорынан ұсынылған экспонаттар тәнті етті. Үздік жәдігерлерге қызығушылық зор болды. Әсіресе жамбылдықтардың этнографияға көңіл бөлгені қуантты. Тараздың үздік отыз суретшісінің туындылары мен былғары белбеу, күмістен жасалған сырға, сақиналар XVIII-XIX ғасырлар мәдениетінен сыр шертті. Қолөнер шеберлерінің жұмысын еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев жоғары бағалады. «Қазанат» қалалық атшабары аумағындағы этноауылға жиналғандар облыстың мәдениет күндерінің ашылуына орай ұсынылған театрландырылған қойылымды, облыстық филармония әншілерінің «Жаңарған Жамбылдан – асқақтаған Астанаға» атты мерекелік концертін және амфитеатр аумағындағы гала-концертті тамашалады.
Бас дирижер Адай Жұмат, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Ерлан Бақтыгерей бастаған Қазақ ұлт аспаптар оркестрі, Дастан Көрегеннің жетекшілігіндегі «Алатау» фольклорлық ансамблі, Қайрат Болысбектің жетекшілігіндегі «Ақкербез» би ансамблі, «Кәусар» вокалдық ансамблі, ҚР Мәдениет саласының үздіктері Оңал Азаматова, Назима Үсенова, Жанатбек Кәдіров және Жандос Омаров, Торғын Орынбаева, Ғани Мәтебаев, Әсел Уашева, Бахром Муминов, Қайсар Көкішов, Динара Диханбаева сынды белгілі әншілер әннен шашу шашты. Елорданың 20 жылдығына орай шығарылған әндер мен күйлердің тұсауы кесілді. Алдын ала таратылған билеттер арқылы 20 естелік сыйлық ойнатылып, өз иелерін тапты.

Жамбыл облысының әкімі
А. Мырзахметовке

Құрметті Асқар Исабекұлы!

Сізді және бүкіл Жамбыл облысының жұртшылығын Астананың 20 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
Тәуелсіз Қазақстанның символы саналатын бас қаламыздың айтулы мерейтойы – барша қазақстандықтарға ортақ қуаныш.
Сарыарқа төсіне қазығын қаққан еңселі елордамызды тұрғызуға бүкіл халқымыз жұмыла атсалысты.
«Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында Жамбыл облысы да елордаға ерекше сый жасады.
Ұзақ қашықтықты қамтитын және толық жабдықталған велосипед жолағы адамдарға арналған қаладағы заманауи ортаның маңызды құрамдас бөлігі саналады.
Бұл велосипед жолағы саламатты өмір салтын насихаттап, елордада жаппай спортпен шұғылдану үрдісін дамытуға септігін тигізетін болады.
Астананы көркейтуге зор үлес қосқан Сізге және өңір тұрғындарына шынайы ризашылығымды білдіремін.
Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!
Н. Назарбаев,
Қазақстан Республикасының Президенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support