- Advertisement -

Халықты қазақы үлгіде киіндіре аламыз ба?

168

- Advertisement -

Халықтың тұтыну деңгейі бойынша жеңіл өнеркәсіп азық-түлік тауарларынан кейінгі екінші орында. Бұл – тоқыма, тігін, былғары, тері, аяқ киім, мақта-мата, жүн, жібек, трикотаж, сондай-ақ жүнді бастапқы өңдеу, тоқылмаған материалдар өндірісі, тор тоқу өнеркәсібі, киіз басу және басқалары секілді 20-дан астам қосалқы салалардан тұратын кешенді сала. Мақта-мата өнеркәсібі Оңтүстік Қазақстанда, жүн өнеркәсібі бірқатар өңірлердегі секілді біздің облысымызда да жақсы дамыған. Шикізаттық қоры да жақын.
Осы орайда айта кету керек, бүгінде өңіріміздегі былғары тері және соған ұқсас өнімдер, киім-кешек өндірістерімен айналысатын 10 ірі отандық тауар өндіруші кәсіпорын қатарында жылына 300 мың жұп аяқ киім тігетін «ТаразКожОбувь»,«Фабрика ПОШ-Тараз», Қордай ауданындағы тері шикізатын өңдейтін, киімнің бар түрін тігетін «Ырыс Бақыт», алуан түрлі киім үлгілерін әзірлейтін «Айвенго», «Дизайн Сұлу», «Асыл-дизайн», ұлттық бұйымдар жасап, киіз үйлер құрастыратын «Би Дәулет» ЖШС, қыз жасауларын дайындайтын «Жасау Мүлкі», теріден ұлттық қолөнер бұйымдарын шығаратын «Қадырбаев» және «Сейсебаев» жеке кәсіпкерліктері бар. Олардың қатарын бүгінде ауылды жерлерде текке ысырап болып жатқан жүн өнімдерін тиімділікпен пайдаланып, текемет басып, киіз үй туырлықтары мен басқұрларын жасауға, бас киім, сырт киім, пима, қолғап, қоржын секілді түрлі бұйымдар шығарып, ұлттық брендімізді қалыптастырып, нығайтуға құлшынған кәсіпкерлік құрылымдары есебінен бұдан әрі де толықтырып, өнеркәсіптік әлеуетімізді күшейтсек, қанеки!
Жеңіл өнеркәсіптің мақсаты – тұрғындарды әдемі, әр алуан, ең бастысы тиімді – жоғары сапалы киіммен және аяқ киіммен қамтамасыз ету екені белгілі. Осынау істің сексен пайызын әзірге облыста шағын және орта кәсіпкерлік нысандары өрге бастыруда. Күнделікті еуропалық киім кию стилін бойымызға әбден сіңіріп алсақ та, оның орнын жаппай ұлттық нақыштағы киіммен алмастыруды ойлайтын отандық дизайнерлер де жоқ емес. Олар халықты қазақы стильде «киіндіруге» біртіндеп кірісе де бастады. Өңіріміздегі «Асыл-дизайн» сән үйі ұлттық нақышты қолдау ниетімен «Aspara» және «Aidar-Khan» атты отандық сауда белгілерімен киімдер мен аксессуарларды брендке айналдырып үлгерді.
Айта кету керек, осы кәсіпкерлік нысанының ерекшелігі – матаны жергілікті жерде жасап шығаратындығында. Бұл үшін сублимациялық әдіспен матаға ою-өрнек түсіретін арнайы құрылғы сатып алынған. Басып шығару технологиясын 7 жылдан бері тәжірибеден өткізіп келеді. Нәтижесінде киіздің жаңа интерпринтациясы өндіріске енгізіліп отыр. Яғни жұқа матаның бір бетіне «этникалық принт» кескінделсе, екінші бетіне жұқа киіз қабаты жапсырылады да, одан салмағы небәрі 250 грамм, экологиялық тұрғыда таза әрі сәнді пальтолар тігіледі. Бұл сән әлемінде бұрын-соңды болмаған жаңалық, бұл – ноу-хау. Мұндағы үлгілеушілер 25 жыл ішінде 70-ке жуық топтаманы жарыққа шығарыпты. Бұл дегеніңіз – шамамен жылына 3-4 жаңа топтама дүниеге келуде деген сөз. Бүгінде аталған сән үйінде 20 адам жұмыс істейді. Астана, Алматы қалаларында арнайы бутиктері де бар. Міне, осы «асылдизайндықтардың» қол жеткізген жетістіктерін озық тәжірибе ретінде өңірімізде кеңінен тарату керек-ақ секілді.
Түріктің шалбарын, қытайдың етігін, қырғыздың жейдесін емес, түймесіне дейін өзімізде түгенделіп, Қазақстанда жасалған жарасымды киімді жарқырата киіп, сұлу торы аттай сыланып жүрер күн де туар.
Өңіріміздегі жеңіл өнеркәсіп қызметкерлеріне артылар жүк те, сенім де мол. Салаға серпін берер, соны ізденістерге бастар жобалар көп болғай деп тілейік.

Баймаханбет АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support