- Advertisement -

Біздің елдегі Барлық жол бас қалаға шақырады

157

- Advertisement -

Бағаналы орда, басты орда Астанамыздың жиырма жылдық мерейтойы – тәуелсіз ел тарихындағы ерекше белес, айтулы жетістік. Бүгінде қазақстандықтардың қай-қайсысы да бас қаламыздың кемелдік пен кенендіктің көрінісіне айналғанына көз жеткізуде. Әлемнің алып шаһарларымен терезесі тең, керегесі кең елордамыз келушілерден де кенде емес. Еліміздің аумағы кең-байтақ екенін ескерсек, темір жол – жолаушылар үшін ерекше жайлы, ең сенімді көлік байланысы екені анық. Астана қаласында сан тараптан жетер меймандарға жалпы алаңы 126 мың шаршы метр болатын алты деңгейлі ғимаратқа орналасқан, жолаушылар ағынын, адамдар кезегін, қауіпсіздікті, билетті электрондық тәсілмен сату ісін басқару мен бақылаудың заманауи озық интеллектуалдық жүйелерімен жабдықталған «Нұрлы жол» вокзал кешені құшағын айқара ашумен тұр.
Жазушы Ш. Айтматовтың бір шығармасында «Бұл өлкеде пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады» деп жазатынындай, Жамбыл жерінен шыққан отарбалар жолы да сан тарам. Барлық жолдар бас қалаға бастайды. Бір күнде еліміздің батыс өңірлерінен бірнеше жүздеген жолаушы пойызбен шығысқа, Астанаға қарай бет алып шығар болса, олардың басым дені осы Жамбыл жерін, Тараз стансасы вокзалын басып өтетіні белгілі. Қаншама жолаушы (арасында алыс және жақын шетелдерден де бар) қаламыздың бас қақпасы – осы вокзалда аялдап немесе шырайлы шаһарымызбен танысып, аралап көру сапарын бастайды десеңізші! Міне, сондықтан да қаланы дамыту бас жоспарына сәйкес темір жол вокзалы аумағын абаттандырып, көріктендіру ісі қолға алынғалы отырғанын да атап өткен жөн.
Жалпы Жамбыл темір жол бөлімшесі желісінің бағыныстылығында жеті бірдей вокзал бар. Оның ішінде Жамбыл, Шу вокзалдары бірінші, Луговой, Сарышыған вокзалдары үшінші санатты болып саналады. Бұдан басқа жолаушылардың бірінші типті жылыну бекеттері Қаратау, Жаңатас қалалары мен Шығанақ елді мекенінде орналасқан. Жолаушылар ағынына келер болсақ, Жамбыл темір жол вокзалы арқылы тәулігіне 1200, ал Шу вокзалы арқылы 1000 адам қатынайтыны тіркелген.
Жалпы өткен жылы бақылау қондырғылары іске қосылған сәттен бері Тараз, Шу стансалары вокзалдарына ат арытып жеткен жолаушылар саны қолмен қойғандай анықталуына қол жеткізіле де бастады, яғни Тараз вокзалында 1 792 615 жолаушы, Шу вокзалында 3 861 905 жолаушы келгені тіркелген. Рас, былтыр Астанада ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі өткізілуіне байланысты жолаушылар ағыны әдеттегіден көптеу болды. Атап айтқанда, ЭКСПО көрмесіне Жамбыл, Шу және Луговой вокзалдарынан 150 мың жолаушы аттандырылған. Ал биылғы жылдың бес айы ішінде Тараз бекеті вокзалына 1 115 381, Шу бекеті вокзалына 2 423 262 жолаушы келгені тіркелген.
Жалпы өңіріміздегі темір жол саласында 25 бағыт бойынша пойыздар жүреді. Тараз бекеті арқылы Астана бағытына күнбе-күн жұп санды 3, тақ санды 5 (оның ішінде 2-уі «Тальго») пойыз өтеді екен. Жолкіре билеттері рәсімделген жолаушылар саны 2017 жылы шамамен 700 бірлікті құраған. Ең бастысы, бас қалаға бастайтын жолдардың түйіскен торабындамыз.
Осы ретте Тараз стансасы вокзалында тұрғындардың қимыл-қозғалысы шектеулі санаттары мүгедектер үшін қолайлы жағдайлар жасалынғанын атап өту ләзім. Оларға арналып анықтамалық бөлімі мен вокзал кезекшісі бөлмесі жанынан арнайы орындар және демалыс аймағы бөлінген. Сондай-ақ аталған санаттағы азаматтар үшін қызмет көрсететін арнайы касса жұмыс істейді.
Бүгінде филиалымыз «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның өңірдегі 17 құрылымдық бөлімшесінің қызметін үйлестіруде. Құрамында 61 станса бар. Филиал мен оның құрылымдық бөлімшелерінде 12 мыңнан астам адам еңбек етеді. Олар пойыздар мен жүк тасымалы легі қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бөлімшенің қызмет көрсету ауқымы 1224 шақырымды қамтиды, оның ішінде 926 шақырымы электрлендірілген. Қарағанды, Алматы, Шымкент, сондай-ақ Қырғыз республикасы теміржол бөлімшелерімен шектеседі.
Бөлімшеміз «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ы жалпы жол желісінің бөлінбес бөлшегі әрі Шығыс пен Батысты байланыстырады, сосынғы жерде шетелдік компаниялардың түрлі түсті контейнерлері тиелген составтар болат жол бойымен Азияға қарай қайта зырлайды. Қытайдан тиелген жүктер оңтүстік-шығыс Азия елдеріне, Батыс Еуропаға және Орталық Азияға жөнелтіледі. Біздің басты міндетіміз тасымал қызметінің табыстылығын және пойыздар қозғалысы мен еңбек қорғау қауіпсіздігін сақтауда темір жол транспорты тиімділігін арттыру болып келді, болып қала да бермек.
Осылайша өлкемізде шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа – Астанаға қарай жүйткитін пойыздардың қарасы үзілмек емес. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тарапынан халықаралық, республикаішілік қатынастағы, басқа темір жол әкімшіліктерінің транзиттік пойыздарына электронды билет ресімдеу мүмкіндігі енгізілуін де ерекше атап өту ләзім. Электронды билетті 45 тәулік бұрын пойыздың бастапқы стансадан жөнелтілуіне 1 сағат қалғанға дейін ресімдеуге болады. Жолаушыларымыздың әр кезде де жолдары болуын тілейміз.

Үмітбек РЫСБЕКОВ,
«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ — «ЖТ Жамбыл бөлімшесі» филиалы директорының бірінші орынбасары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support