- Advertisement -

Бурыл ауылынан «бағлан» балабақшасы ашылды

265

- Advertisement -

Астананың мерейлі мерекесі биыл жыл соңына дейін тойланбақ. Осыған байланысты еліміздің түкпір-түкпірінде көптеген іс-шаралар өтіп, түрлі бастамалар қолға алынған болатын. Солардың бірі – Байзақ ауданының Бурыл ауылдық округінде ашылған алғашқы жекеменшік балабақша. «Бағлан – 2018» деп аталатын бұл мекеме осындағы мемлекеттік 3 балабақша мен 1 шағын орталықтан кейінгі бөбекжай-бақша екен. Салтанатты рәсімге қатысқан аудандық мәслихаттың хатшысы Нұржан Тілепов пен Бурыл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Сады Қуатбеков тұсаукесер лентасын қиып, балабақшаға келетін балғындар болашағымызды баянды етер балабақшаға үлкен азамат болып өсуіне тілектестік білдірді.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Әбдікәрім Әбдімомыновтың айтуынша, биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуде ауданның облыс көлемінде орташа көрсеткіші 100,6 балды құрап, бірінші орынға шығуы білім саласына көрсетіліп жатқан осындай үлкен қолдаулардың арқасы. Бұдан 4 ай бұрын ғана мидай дала болып жатқан жерге құрылыс жүргізіліп, кең әрі жайлы нысанның қолданысқа енгізілуі соның бір айғағы десек болады.
Аталған бөбекжай-бақшаның меңгерушісі Заура Лесбекқызы: «31 миллион теңге қаражат жұмсалған ғимаратымыз 100 орынға шақталған. Бөбектер мұнда 4 топқа бөлініп, тәрбиеленетін болады. 17 адам жұмыспен қамтылған балабақшамызда логопед, психолог сынды мамандар да бар. Бүлдіршіндерді би, домбыра, ағылшын тіліне де баулитын боламыз», – деді.
Астананың мерейтойы қарсаңында ашылған бөбекжайда балғындарға барлық жағдай қарастырылған. Әсіресе асай-мүсейдің әсемдігі, ойыншықтың түр-түрі бар ойын, жатын және үйірме бөлмелері көңіл қуантады.

Альмира ОМАРОВА.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support