- Advertisement -

Астананың он жылдығында айымыз оңынан туған

125

- Advertisement -

Осыдан 20 жыл бұрын, 1998 жылдың 10 маусымы күні қазақ елінің бас қаласы – Астананың таныстырылымы салтанатты түрде атап өтілді. Бұл шараның мақсаты – бүкіләлемге тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасын паш ету еді. Тұсаукесер тойына Әзірбайжанның, Қырғызстанның, Түркияның, Өзбекстанның, Украинаның президенттері және басқа да мемлекеттердің премьер-министрлері, министрлері, лауазымды өкілдері басқарып келген делегациялар қатысты. Сол күні барлығымызға ерекше керемет әсер қалдырған – Астана қаласының тұсаукесер рәсімінде Президентіміз Н.Назарбаевтың Конгресс холл сарайында өткен салтанатты жиналыста сөйлеген сөзі. Ол басқосуға қатысып отырған әр жоғары мәртебелі қонаққа шын жүректен алғыс айтты.
«Болар істің басына жақсы келер қасына» деген осы. Игі қадамымызды ізгілікпен түсініп, біздің елімізге деген үлкен құрметін, достық ниетін, ынтымақтастығын, тілеулестігін білдірген мемлекеттерге, ұйымдарға, қадірменді меймандарымызға қазақ халқының атынан, өзімнің атымнан достық, туысқандық мың да бір алғысымды айтамын.
…Тәуекелге бел байлатып, назарымызды сындырмаған, ізгі ниеттің ізгі нәтижеге, асыл арманның абыройлы іске айналуына кеңінен қолдау көрсетіп, қысылғанда тірек, қиналғанда медет болған туған халқыма, барша отандастарыма, күллі қазақстандықтарға басымды иіп, адал перзенттік жүрегіммен «садағаң кетейін, айналайын халқым! Сенің мүддең жолында бойда қуат, ойда нәр – бәрін аянбай сарп етуге пейілмен», – деді аса тебіреніспен Нұрсұлтан Әбішұлы.
Ол ұлы тойға еліміздің барлық өңірінен арнайы делегациялар қатысты. Біздің облысты сол кездегі облыс әкімі Сарыбай Қалмұрзаев бастап апарған. Делегация құрамында сол кездегі облыс, қала, аудан басшылары, депутаттар, еңбек ардагерлері, озаттары, кәсіпкерлер, елге белгілі азаматтар болды. Солардың ішінде Тілеуғабыл Төребеков, Амангелді Момышев, Нильзия Рақышева, Оңласын Есіркепов, Әбінұр Әсілбеков, Болат Рысмендиев, Сәуле Мұсаева, Амангелді Омаров, Жұмакүл Омарова, Сәуле Рысбаева сынды азаматтарды атап айтуға болады.
Астананың таныстырылымына арналған салтанатты шаралар кейін орталық стадионда, атшабарда және басқа алаңдарда жалғасып жатты. Елбасымыздың жүрек тебірентер сөзін тыңдап әр адамның бойына ерекше жоғары патриоттық сезім орнықты, Отанымызға, тәуелсіз Қазақстанға деген қуаныш, мақтаныш жанымызды кернеді. Сөзбен жеткізу қиын.
Біздің Т.Рысқұлов ауданынан екі атбелгілер тобы Астананың алғашқы тойына қатысты. Ауданнан шығар алдында ақсақалдар алқасының мүшелері Кершәйіз Мырзалиев, Мұсақұл Тәтібеков, Бектембай Қойшыманов, Алмагүл Әбдраимова, Нәкен Даубаев, Мағлұм Нұрахаев, Қанатбай Еркінбаев, Қырғызбай Дәулетов ағаларымыз аудан делегациясына ақ батасын беріп шығарып салды. Астананың «Құлагер» ипподромында өткен аламан бәйгенің – Қазақстан Республикасы Президентінің бас жүлдесін ауданымыздың «Вальсок» атты сәйгүлігі жеңіп алып, өңіріміздің абыройын әлемге асқақтатты. «Вальсоктың» иесі – орман шаруашылығының қызметкері Мұбархан Қазбеков, атбегі Ленин орта мектебінің оқушысы Ернұр Төреқұлов еді.
Бүкіл халықтың алдында бас жүлдені – судай жаңа «Тойота королла» автокөлігінің кілтін Нұрсұлтан Назарбаев атбегі Ернұр Төреқұлов пен сол кездегі аудан әкімі қызметіндегі маған салтанатты түрде табыс етті, «Тойотаға» екеуімізді мінгізіп құрмет көрсетті, жеңісімізбен құттықтады.
Екінші ат иесі Сайрамбай Дөненбаев та жүлделі орынға ие болды. Сөйтіп Астананың алғашқы тойы облысымыз үшін, оның ішінде луговойлықтар үшін өте табысты болды және естен кетпейтін әсер қалдырды. Жамбылдық делегацияның белсенді мүшелері «Астана» медалімен марапатталды.
Үлкен абыроймен, қуанышпен Әулиеатаға оралдық.
Н.Назарбаевтың «Қалың елім, қазағым» атты кітабындағы «Суреттер шертер шежіре» бөлімінде Елбасының бізді құттықтап тұрған (белгілі фотограф С.Пернебай түсірген) суретте беріліпті. Ол – біз үшін үлкен мәртебе.

Қасымхан ТӨЛЕНДИЕВ,
облыстың Құрметті азаматы, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының директоры, облыстық Қоғамдық
кеңестің мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support