- Advertisement -

«Қазақстан, Тәуелсіздік, Астана» – біздің мемлекеттігімізбен, болашағымызбен біртұтас ұғым

145

- Advertisement -

Президент «Атамекен» этномемориалды кешеніндегі Мемлекеттік Туды көтеру салтанатты рәсіміне қатысты. Нұрсұлтан Назарбаев шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Мемлекеттік Тудың дәстүрлі түрде Астана күні қарсаңында көтерілуі осы жалпыұлттық мерекенің мәртебесін асқақтата түсетінін атап өтті. Елбасы Қазақстанның аспан түстес көк Туы Астананың қалыптасуы мен бүкіл еліміздің даму жолын айшықтайтынын айтты.
– Батыр бабаларымыз біздің зор жеңістерге жетуімізді тілеп, әрдайым Туды тік ұстауды өсиет етті. Содан бері біз барлық жетістікке көк байрақтың астында қол жеткізіп келеміз. «Қазақстан, Тәуелсіздік, Астана» деген түсініктер біздің мемлекеттігімізбен, болашағымызбен біртұтас ұғымға айналды. Қазақстан – біздің жалғыз Отанымыз, Тәуелсіздік – орындалған арманымыз. Әлем елдері туларының ешқайсысына ұқсамайтын көк Туымызды дүниежүзі мойындады, – деген Мемлекет басшысы еліміздің сыртқы саясатының бейбітсүйгіш сипатын, Қазақстанның Қарулы Күштері үшін әскери кадрларды сапалы дайындаудың маңыздылығын жеткізді.
– Сіздердің әскери қызметтеріңіз бейбіт жағдайда өтсін деп тілеймін. Бірақ мемлекет әрдайым өзінің қауіпсіздігі мен шекара бүтіндігін ойлауға тиіс. Сондықтан біз офицерлерімізді тәуелсіз Қазақстанның жаңа жағдайында, жаңа Қарулы Күштеріміз үшін оқытып, тәрбиелейміз. Әскери қызметті лайықты атқарудың үлгісін көрсетіңіздер, – деді Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев жас офицерлерге арнаған сөзінде Мемлекеттік Туға зор құрмет көрсету Отанды сүюмен бара-бар екенін атап өтті. Бұл қазақстандық патриотизм құндылықтарын және еліміздегі ұлттық бірегейлікті нығайта түседі.
Салтанатты рәсім барысында Елбасы – Қазақстан Республикасының Жоғарғы Бас қолбасшысының қолынан еліміздің жоғары әскери оқу орындарының 12 үздік түлегі Қарулы Күштердің офицерлік шендерін алды. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев барша жұртты Астананың 20 жылдығымен құттықтап, Қазақстан халқына бақ-береке тіледі.
Осы күні Президент жазғы және қысқы паралимпиялық спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалар мен спорттық резервті сапалы әрі кәсіби дайындау үшін салынған елорданың жаңа бірегей спорт кешенімен танысты.
Сондай-ақ ойын залын, күрес пен жаттығу бөлмелерін аралап көріп, спортшылармен және бапкерлер құрамымен әңгімелесті. Спорттық нысанның ашылу рәсімінде Азия Паралимпиялық комитетінің президенті Маджид Рашед Нұрсұлтан Назарбаевқа осы ұйымның «Құрмет» орденін тапсырды.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support