- Advertisement -

Алғашқы күн. 2450 мектеп бітіруші білім сынағынан өт ті

129

- Advertisement -

Міне, мектеп бітірушілер мен атаналар үшін ең маңызды күн де келіп жетті. Кеше еліміздің барлық аймағында Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Биыл он бесінші рет өткізіліп отырған ҰБТ – барлық мектеп бітірушілердің үлкен өмірге деген негізгі баспалдақтарының бірі саналатын жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік беретін сынақ.
Республика бойынша он күнге созылатын сынаққа қатысуға 6082 жамбылдық оқушы өтініш білдірген. Облыста үш лекте өтетін ҰБТ-ны талапкерлер 10 пунктте тапсырады. Тестілеудің алғашқы күнінде өңірімізде жеті пунктте барлығы 2450 түлек сынаққа қатысты.
Біз тестілеу барысымен танысу мақсатында облыс орталығында орналасқан екі пункттің бірі – М.Х.Дулати атындағы ТарМУ Жастар сарайы кешеніне бардық. Бұл күні Тараз қалалық білім бөліміне қарасты 830 мектеп бітіруші өз білімдерін тексеріп, тест тапсырды. ҰБТ-ны өткізу үшін алдын ала 12 аудитория әзірленгенін айта кету керек.
Аталған жоғары оқу орнының базасында тек қала мектептерінің түлектері ҰБТ тапсыруда. Биыл мұнда барлығы 1659 мектеп бітіруші өз білімдерін тексермек. Бұл туралы университет ректоры, мемлекеттік комиссия төрағасы Махметғали Сарыбеков айтып берді.
– Биылғы ҰБТ форматының былтырғыдан айырмашылығы жоқ. Түлектер өткен жылы енгізілген формат бойынша тест тапсырады. Яғни қорытынды аттестаттау, бітіру емтихандары мектептерде өткізіледі де, ҰБТ жоғары оқу орнына түсу және мемлекеттік гранттарды тағайындау емтиханы болып қала береді. Тест сұрақтары 50 пайызға жаңартылды. Ең төменгі меже бұрынғыдай, 50-ден кем емес. Тек ұлттық және медициналық жоғары оқу орындарына түсушілер үшін – 65, ауыл шаруашылығы саласындағы жоғары оқу орындарында оқимын дегендерге 60 балл жинау керек.
Біздің университетте барлығы 1659 талапкер тест тапсырады. Оның 1285-і қазақ мектебінің бітірушілері. Олар ҰБТ-ға дайындық барысында осы аудиторияларға келіп, байқау сынақтарын тапсырған. Сондықтан қазіргі ахуал оларға таныс, – деді Махметғали Нұрғалиұлы.
Сондай-ақ комиссия төрағасы барлық аудиториялардың медициналық, қауіпсіздік талаптарға сай әрі онлайн-режімдегі камералармен қамтылғанын айтып өтті.

Жанғазы АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support