- Advertisement -

Ерланға ағасы бір бүйрегін берді

215

- Advertisement -

Облысымызда трансплантациялық ота сәтті жасалды

Трансплантация – хирургияның ең үлкен жетістігі. Біздің өңірімізде бұған дейін жоғары медициналық оның ішінде кардиохирургиялық көмектер көрсетіліп келген. Енді, міне Таразда «Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығында» тұңғыш рет бүйрек алмастыру отасы жасалды. Бұл – профессор Сейтхан Жошыбаев басқаратын клиниканың білікті мамандарының он жылдық тынымсыз ізденістерінің жемісі.
Жамбылдық Ерланға ағасы бір бүйрегін беріпті. Операцияны Қазақстан Республикасының ағзаларды транспланттау жөніндегі ұлттық үйлестірушісі Жақсылық Досқалиев жасады. Бүйрек алмастыру отасын қырғыз елінен және өзге өңірлерден келген хирургтер тікелей трансляция арқылы көріп, тәжірибе алмасты.

– Ерлан – кенже балам. 2007 жылдан бері бүйрек ауруының зардабын тартып келеді. Соңғы уақытта екі бүйрегі бірдей жұмыс істемей қалды. Қыстай айына бірнеше рет ауруханаға жатып, гемодиализ арқылы ем қабылдап жүрдік. Қан қысымы көтеріліп кете беретін, күнара жедел жәрдем шақырған кезіміз де болды. Содан дәрігерлер бізге осы орталыққа қаралуға кеңес берді. Мұндағылар бүйрек алмастыру отасын жасату қажет екенін, ол үшін донор керектігін бірден ескертті. Екібастұз қаласында жұмыс істейтін үлкен ұлым Руслан үйге келгенінде інісінің жағдайын көрген соң, шыдай алмады. Бауырын ойлағаны ғой, бір бүйрегімді беремін деп шешім қабылдады. Енді операциядан кейін Ерланым осы уақытқа дейін тартқан азабын ұмытатын шығар деп үміттенемін, – дейді науқастың анасы Мира Керітбаева.
Бауырына донор болған Русланның әрекеті – бауырмалдықтың нағыз үлгісі. Ағалық қамқорлық деген – осы. Бәлкім осыдан кейін трансплантациялық операциялар мен ағзалар донорлығына деген қоғамдық көзқарас біршама өзгерер. Әйтпесе донор ағзаны күткен қаншама науқас жылдар бойы аурухана төсегіне таңылуға мәжбүр десеңізші. Ағзаны транспланттау жөніндегі үйлестірушінің мәліметіне сүйенсек, облыс бойынша 100 адам донор бүйрегін күтуде.
Операциядан кейін Қазақстан кардиохирургтері жалауының көтерілуіне арналған салтанатты жиын өтті. Шарада профессор Сейтхан Жошыбаев трансплантацияны жасау үшін көп дайындық жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. «Біз жамбылдықтарға осындай медициналық көмек көрсету деңгейіне жету үшін біраз іздендік. Трансплантацияны жасауға қажетті базаны жабдықтадық. Мамандарды даярладық», – деді академик.
Алғаш кардиохирургиялық орталық болып ашылған емдеу мекемесін трансплантологиялық ғылыми-клиника деңгейіне көтерудің арқасында алғашқы ағза алмастыру оталарын жасауға мүмкіндік туып отыр. Жақсылық Досқалиев трансплантация отасын жасауға клиниканың материалдық-техникалық базасы сай екенін атап өтті. Ал Қырғыз Республикасынан келген Талас облыстық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Алмас Асынбаев орталыққа көптеген білікті мамандар шоғырланғанын тілге тиек етті. Өзі ұстаз санайтын профессор Сейтхан Жошыбаевтың клиникасындағы ағза алмастыру операциясы жасалғанын үлкен жетістік деп бағалады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Хамит Мырзақасымов клиникада трансплантациялық ота жасалуын өңіріміздегі елеулі оқиғалардың бірі дейді. Профессор-хирург Сағындық Ордабеков те Тараздың Сейтхан Жошыбаев басқаратын клиникасымен таныла бастағанын айтады.

Ардақ ҮСЕЙІНОВА

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support