- Advertisement -

БАР ЖАҚСЫ – БАЛАЛАРҒА

149

- Advertisement -

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында өңіріміздегі Іскер әйелдер қауымдастығы көпшілікке осылай үндеу тастап, балғындардың тілегін орындап, оларға шаттық сыйлауды дәстүрге айналдырған. Осымен оныншы рет өткізіліп отырған бұл шараны қауымдастық биыл облыстық білім басқармасымен бірлесе ұйымдастырған екен.

Бұл күні барлық бала бақытты болуы тиіс деген қағиданы ұранға айналдырған іскер әйелдер өңіріміздегі әлеуметтік қолдауды қажет ететін жеткіншектердің арманын орындауға ұмтылады. Сондықтан болар, балғындар да осы шараны асыға күтіп, өтініш-тілегін хатқа түсіруге, оны облыстық іскер әйелдер қауымдастығына жеткізуге асығады. Биыл да қайырымдылық акциясына хат жазушылар көп болды. Солардың бірі Аяжан Әділ планшет сұраған екен. Мерекелік шараға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов бүлдіршіннің тілегіне қарай қалаған планшетін табыс етті.
Акция аясында балалар үйінің тәрбиеленушілері, мүмкіндігі шектеулі және аз қамтылған отбасының балалары алдын ала жазылған хаттары негізінде қалаған сыйлықтарына қол жеткізді. Бұл күні Тараз қаласында 100, облыс көлемінде 200-ден аса баланың тілектері орындалды. Тағы бір айта кетерлігі, акция бастау алған 2008 жылдан бері облыстық іскер әйелдер қауымдастығы 2500-ден аса жеткіншектің арманын орындаған екен.
Тараз қаласындағы Т.Рысқұлов атындағы орталық саябақта ұйымдастырылған шараға қатысқандарға бір күндік аттракциондарға тегін билеттер мен балмұздақтар таратылды. Өнерпаздар ән мен биден шашу шашып, әртүрлі ертегі кейіпкерлерінің бейнесін сомдап, балғындардың көңілін көтерді. Баласының жүзіне күлкі үйірілгенін көрген ата-ананың да қуанышында шек болмады.
Акцияға облыстық іскер әйелдер қауымдастығымен қатар, мемлекеттік мекемелер, кәсіпорын басшылары, мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіподақ ұйымдарының өкілдері демеушілік жасады.
Сондай-ақ осы күні жатақхана тұрғындарына әлеуметтік жылжымалы дүкен қызмет көрсетті. Ойыншықтар, киім мен аяқ киімдер, кеңсе тауарлары және тұрмысқа қажетті тауарлар тегін үлестірілді.

Камила БОРАШОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support