- Advertisement -

«Қудалау» құрбандары

118

- Advertisement -

Өткен ғасырдың 20-30 жылдарында Қазақстанның оңтүстік өңірінде қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарға ашық баспасөз және мұрағат материалдары ақпараттары бойынша сараптама жасалған екен. Сонда тұтқындалғандардың басым көпшілігін мемлекеттік қызметкерлер мен ғылыми-техникалық және гуманитарлық интеллигенция өкілдері құраған. Сотталғандардың сапындағы қатардағы колхозшылар мен жұмысшылардың да саны аз емес. Тіпті бұл тізімде жекеменшік шаруалар мен жеке кәсіпкерлердің жалпы саны 150 адамның шамасында болса, ауыл шаруашылығын ұжымдастыруға және елді индустриализациялауға тікелей қатысқан колхозшылар мен жұмысшылардың жалпы саны 700-ге жуық. Осыған қарап, сол кезде біздің өңірлерде «қудалау» науқанының бірінші басшылардан бастап төменгі деңгейдегі кадрларға дейін қамтығанын аңғарамыз. Олардың тобын мал және егін шаруашылығындағылар, мақташылар және басқа да көптеген әлеуметтік саладағылар толықтырған.

«Қосшы» одағының II съезі. 1924 жыл. Екінші қатарда, оң жақтан санағанда үшінші тұрған қоғам қайраткері, жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған Жүзбай Мыңбаев.

Халықты қасіретке ұшыратқан бір науқан кәмпескелеу мен жер аудару еді. Алтыншы шақырылған Қазақ Орталық Атқару комитеті мен Қазақ халық комиссарлар кеңесінің 1928 жылғы 27 тамыздағы біріккен мәжілісіндегі Нұрмақовтың жасаған баяндамасын негізге алған декретке сәйкес кәмпескеленген малдарды бөлу «…аты жоқты атпен қамтамасыз етіп, сиыры жоққа сиыр беріп (түйесі жоққа да солай), ал ұсақ малға келсек, жеке шаруашылыққа 10 қойдан үлестіру дұрыс (ірі қара мал алмағандарға)» деп есептелінді. Алайда іс жүзінде олай болмағанын кәмпескелеуден кейінгі Қазақстанды жайлаған алапат аштық көрсетті. Мәселен, Әулиеата ауданында 1929 жылы 1,5 миллион қой болса, 1934 жылы оның 7-ақ мыңы қалды.
1932 жылы «7 тамыз Заңы» күшіне енді. Халық арасында «бір түйір дәнді алғаны үшін сотталу» ретінде белгілі осы заң мемлекет мүлкіне қол сұққандарды 10 жылға немесе одан да көп мерзімге бас бостандығынан айыратын. Архив құжаттарында осындай «ұрда-жық» саясаттың құрбандарының қалай «сотталғаны» туралы мәліметтер көп. Соның бірінде қыр қазағы Хамит Бекболатовтың Ақыртөбедегі интернатқа шаруашылық жөніндегі меңгеруші болып жұмысқа кіргені жазылған. Ол келе тексеру жүргізіп, интернаттағы көп былықты ашады. Алайда осыған дейін интернаттың майы мен шайын ішіп-жеп, көйлек-көншегін керегіне жаратып, тіпті қазақ балаларына сойып бердік деп, шошқаларды сатып, мұрттарын майлаған интернаттың директоры Дуванов пен оның оқу ісі жөніндегі орынбасары Хусаинов аман қалып, Хамит Бекболатов 10 жылға бас бостандығынан айырылып, мал-мүлкі кәмпескеленеді. Бұл жерде санкцияны аудан прокуроры Сенников берсе, үкімді аудандық сот Аверкиев шығарған. Дегенмен кеңестік «халық соты» Михаил Гриневич сияқты қылмыскерлерге іш тартқан секілді. Оны Полюкович есімді жанашыры кепілдікке босатып алғаны өз алдына, тіпті кейін кассациялық өтініш арқылы қаралған Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының 1-сот алқасы (төрағасы – Мұхамеджанов, мүшелері – Есенов пен Владимиров) Гриневичтің жазасын 3 жылға дейін азайтады. Құжаттарда аталған азаматтардан басқа, 1932 жылғы «7 тамыз Заңы» бойынша Оспан Ысқақов, Дәулет Көшеров, Аязбек Байбеков, Алуа Мырзақұлова, Саймұратов, Тілегенов, Исмайлов, Көшенов, Райсов, Шубашев, Досжаев, Қамұрзақов, Есдаулетов, Дәрменқұлов, Салима Хасенова (тектері құжаттарда осылай жазылған) және басқалары да сотталғаны туралы мәліметтер бар.
Дерекке сүйенсек, сол бір «науқан» кезінде де «отқа да күймейтін, суға да батпайтын» «ерекше» қызметкерлер болған екен. Соның бірі – «Қосшы» одағының Әулиеата бөлімінің меңгерушісі – Лев Моисеевич Хайкин. Ұлты – еврей. Әрине, сол шақта ауыл қазағымен жұмыс жүргізуге еврейдің таңдалып алынуы кездейсоқ емес. Тек большевиктердің туын көтеріп жүрген уездік басшы қызметкердің (айлық жалақысы – 154 сом 80 тиын) 1925 жылға дейін партия қатарына өтпей, оның себебін «кездейсоқтық, әзірге кепілдік беретін ешкім болмай тұр» деуі аярлықтай көрінеді. Хайкин өзінің Кеңес өкіметіне көзқарасы дұрыс екендігін, сонымен қатар еңбекшілер мен езілген халықты қорғау жолында жан аямайтындығын жазады. Патша дәуірінде мақта фирмасында приказчик болып жұмыс істеген, кейін Кеңес аппараты қызметкері болған 37 жасар еврейдің бұл шыны ма, жоқ па? Әйтеуір Хайкин әртүрлі сындардан сүрінбей өтіп отырған.
Дәл осы «Қосшы» одағында басшылық қызмет атқарған Жүзбай Мыңбаевтың өмірбаяны басқаша өріліпті: Ж.Мыңбаев 1896 жылы Әулиеата уезі Қарабақыр болысында дүниеге келген. Кеңестік билікті халыққа теңдік әпереді деп түсінген Жүзбай жастардың «Бұқара» революциялық одағының мүшесі ретінде тұрғылықты халықтың арасында большевиктер саясатын түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Осындай белсенділігімен танылған Ж.Мыңбаевты билік әртүрлі мемлекеттік органдарға қызметке тартады. Өзіне тапсырылған жұмыстарды тиянақты атқарған Жүзбай Мыңбайұлы, әсіресе 1917-1918 жылдардағы ашаршылықтың зардаптарын жеңілдету бағытында көп еңбек етеді. Аштарды тамақтандыру орталықтарының жұмысын жиі-жиі тексеріп, нәтижесін сол кездегі Әулиеата депутаттар кеңесі атқару комитетінің төрағасы Тұрар Рысқұловқа жеткізіп отырады. Белсенділігі үшін жергілікті билік оны Әулиеата уездік «Қосшы» одағы басшылығының құрамына енгізеді. Кейін большевиктер билігінің қазақтарды қынадай қырған озбырлығын түсініп, осындай қанқұйлы саясатқа қасқайып қарсы шығады. Сондықтан оған 1937 жылғы 8 қыркүйекте «халық жауы» деген жала жабылып, осы жылдың 20 қазанында атылады.
Жаппай саяси қуғын-сүргін кезінде тек оңтүстік өңірде 22 сазгер, 18 дәрігер, 23 машинист, 41 бухгалтер, 2 журналист, 8 агроном, 2 арбакеш, 18 аспаз, 2 экспедитор, 3 тракторшы, 6 солдат, 10 заңгер, 6 фотограф, 3 музыкант, 3 кассир, 3 студент, 1 кітапханашы, 26 мұғалім және басқа да мамандық иелері, барлығы 1600-ден аса азаматтар жазаға тартылған.

Сейдахан Бақторазов,
М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support