- Advertisement -

Мойынқұмдағы қордаланған мәселе шешімін табуы қажет

223

- Advertisement -

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов жұмыс сапарымен Мойынқұм ауданында болды. Онда ол әлеуметтік нысандар мен өндіріс ошақтарын аралады. Өңір басшысы ауданның тыныс-тіршілігімен танысып қана қоймай, сонымен бірге қордаланған мәселелерін де көріп, біліп, оның шешу жолдарын қарастыруға да баса назар аударды.

Асқар Исабекұлы əуелі Мыңарал ауылында орналасқан «Мыңарал компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің балық өңдеу зауытына атбасын бұрды. Аталмыш ауылда балық зауыты 1965 жылы ашылып, отыз жылға жуық жұмыс жасаған. Сол уақытта кәсіпорын ауыл ғана емес, аудан экономикасының өсуіне мол үлес қосқан. Алайда өткен ғасырдың аяғында орын алған тоқырау кезеңінде өндіріс орны жабылып, ғимараты бос қалған еді.
2011 жылы қараусыз тұрған зауытты меншігіне алған «Мыңарал компаниясы» 3 жыл ішінде оны қайта қалпына келтірді. Нәтижесінде кəсіпорын 2014 жылдың желтоқсан айында іске қосылды. Жылына 1 200 тонна өнім шығаруға қауқарлы зауыт құрылысына 600 миллион теңге жұмсалған. Бүгінгі таңда мұнда балықтан 10-ға жуық өнім түрі өндіріледі. Олар Қазақстаннан бөлек, Ресей нарығына шығарылады. Мыңаралдың балығына, әсіресе Еуропа мемлекеттерінде сұраныс жоғары екен. Атап айтқанда, Нидерланды, Германия, Белорусь елдерінде мойынқұмдық өнім жеңсік асқа айналған.
Алайда бүгінгі күні зауыт небәрі 10 пайыздық қана жүктемемен жұмыс істеп келеді. Нәтижесінде, 250 адамды жұмыспен қамти алатын кәсіпорында 50 ғана жұмысшы еңбек етуде. Зауыт директоры Сергей Нидің айтуынша, бұған Балқаш көлінен зауытқа берілген балық аулау айдындарының аз әрі шағын болуы себеп болып отыр екен.
– Көл бойынша балық аулауға арналған 70 учаске бөлінген. Соның 18-і Жамбыл облысының аумағында. Біз соның тек 2-еуін ғана пайаланып келеміз. Аталған телімдердің ауданы шағын ғана болғандықтан, балық та аз түседі. Нәтижесінде шикізат жетіспеушілігі туындап отыр. Қосымша учаске алайын десек, барлығы өзге компаниялардың пайдалануына беріліп кеткен. Білуімізше, олардың арасында балық өңдейтін кәсіпорыны жоқтары да бар. Бірнеше жылдан бері көтеріп келе жатқанымызбен, мәселе шешімін таба алмай келеді, – дейді С. Ни.
Мәселенің мәнісіне қаныққан өңір басшысы облыс аумағында жатқан балық аулау учаскелерін жалға алған компаниялардың қызметіне талдау жасап, су айдынын мақсатсыз пайдалануды болдырмау шараларын қолға алуды тапсырды. Осылайша, оларды игеруге қауқарлы, қажетке жарататын тұлғаларға беру тиістігін айтты.
Сонан соң облыс әкімі аталған ауылдық округте орналасқан «Мыңарал тас компани» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің цемент зауытында болды. Жобалық құны 34,9 миллиард теңгені құраған өндіріс ошағының қуаты жылына 1,2 миллион тонна өнім шығаруға қауқарлы.
Ашылған уақытынан бастап қарқынды жұмысқа кіріскен зауыт аталған межені алғашқы төртжылдықта еңсерді. Нәтижесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпірдің барысында 2010-2014 жылғы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының аясында табысты іске асырылған жоба ретінде таныстырылды. Осылайша, қысқа мерзімнің ішінде Қазақстанның цемент саласының көшбасшысына айналған өндіріс ошағы қол жеткізген нәтижеге тоқмейілсіп, бірсыдырғы жұмысқа көшуді жөн көрмейтінін анық аңғартып отыр. Оның дәлелі – бүгінде мұнда жылына 1,35 миллион тонна жоғары сапалы М-400, М-500 маркалы цементі шығарылып келеді.
Аймақ басшысының сапары барысында зауыт жұмысымен таныстырып шыққан жауапты басшылары келер жылы жұмыс қарқынын үдетіп, өнім көлемін 1,6 миллион тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Десе де бұл жоспардың орындалуына кедергі болып тұрған жайттар бар екен.
– Қазіргі уақытта біздің өнімге сұраныс жоғары. Еліміздің аймақтарын айтпағанда, Қырғызстан, Өзбекстан секілді көршілес мемлекеттерге де экпортталады. Аталған мемлекеттерден сұраныстың артуына байланысты өндіріс көлемін 20 пайызға арттыруды жоспарлап отырмыз. Дегенмен дайын өнімді тасымалдау тұрғысында мәселе туындап отыр. Өзіңіз білесіз, өнім көлемі ауқымды болғандықтан оны темір жол арқылы тасымалдаймыз. Зауыттан дайын тауарды жеткізу қиындық туғызбас үшін өндіріс ошағынан негізгі шойын жолға дейін 20,9 миллион теңгеге 13,5 шақырым рельс төседік. Алайда «Қазақстан темір жолы» тарапынан бөлінетін вагондар саны жеткіліксіз болып отыр. Егер аталған мәселе шешімін тапса, зауыттың өндіріс қарқыны артар еді, – деді «Мыңарал тас компани» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Мұртаза Бұлұтай.

Өз кезегінде Асқар Исабекұлы мәселені шешуге барынша көңіл бөлінетінін жеткізді. Осы орайда «Мыңарал цемент зауыты», «Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалы» АҚ – «ЖТ Жамбыл бөлімшесі» филиалы мен облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы бірлесе келісімге келіп, жүк тасымалын жүзеге асыратын пойыз құрамдарының жүру кестесін жасақтау керектігін айтты.
Асқар Мырзахметов бұдан әрі Мойынқұм ауылында орналасқан облыстық кәсіпкерлер палатасының аудандағы филиалының жұмысымен танысты. 2013 жылдан бері аудандағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мен олардың мүдделеріне өкілдік етуді және кәсібін ашуға ниеттенген азаматтарға қолдау білдіруді мақсат тұтқан мекеменің мамандары аудан тұрғындарына үздіксіз қызмет көрсетіп келеді. Кəсіпкерлер палатасында жылыжайлар, мал бордақылайтын алаңдар, көкөніс қоймалары жəне жаңа өндірістерді ашу бойынша оқыту тренингтері мен шеберлік сағаттары өткізіліп тұрады.
Филиал директоры Пернебай Рысымбетовтің айтуынша, өткен жылы аудандағы Кəсіпкерлер палатасы арқылы 16 тұрғын несие алыпты. Жалпы бұндай несие алушылар саны облыс бойынша 1000 тұрғынға жететінін ескерсек, мал шаруашылығына өте қолайлы аудан бола тұра мұндағы несие алушылар санының өте төмен екенін айта кету керек. Сондықтан да тұрғындардың өтінішін қабылдау үшін мекеме тарапынан арнайы бір маман бекітіліпті. Сондай-ақ биыл мұнда «Бастау Бизнес» жобасы арқылы кəсіп ашуға ниетті 60 адам бір айлық оқуды тəмамдаған. Олардың 55-і арнайы сертификат алып, қаржыландыруға жіберіліпті.
Аудандағы кәсіпкерлер палатасының тыныс-тіршілігімен танысқан облыс әкімі Асқар Исабекұлы: «Бастау Бизнеске» қатысатын тұрғындарға қолайлы жағдай жасау қажет. Оның ішінде ауданның сұранысын қанағаттандыратын кəсіп түрлерін анықтап, кəсіп ашуға ниеттілерге мемлекеттік қолдаудың тетіктерін түсіндіріп, бизнес жоспарды өздеріңіз ұсынуды қолға алған жөн. Сонда ғана оң нəтижеге қол жеткізуге болады. Ол үшін аудан əкімдігі мен ауыл əкімдіктері бірлесе жұмыс істеуі керек», – деді.
Аймақ басшысының аудандағы жұмыс сапары Мойынқұм-Комсомол автожолы бойында орналасқан Радай көпірінде жалғасын тапты. Ел игілігіне берілгеніне отыз жылдан аса уақыт болған көпір 2016 жылдан бері апатты жағдайда. Тозығы жетіп, құлаудың аз-ақ алдында тұрған көпірдің тіреуіш бағаны қалыпты деңгейден бірнеше сантиметрге дейін төмендеп кеткен. Соның әсерінен, Радай өзегінің арғы бетінде орналасқан 25 шаруа қожалығына қатынауда және шаруалардың қыс маусымына дайындаған мал азығын Мойынқұм, Жамбыл, Қылышбай ауылдарына тасуда айтарлықтай қиындықтар туындауда. Осыған байланысты, өткен жылы жобалық құны 925,7 миллион теңгені құрайтын жобалық-сметалық құжаттар әзірленген екен. Алайда оның жобалық құны көп болуына байланысты қаржысы қысқартылып, 503,8 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттары қайта жасалған. Көпірді көрген облыс әкімі оның қаржысы әлі де болса қымбат екендігін жеткізді.
Бұдан кейін өңір басшысы бастаған топ аудан орталығы Мойынқұм ауылындағы «КазСуШар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының меншігіндегі Фурманов гидроқондырғысы мен бұл су реттегіш нысанына атбасын бұрды. Су өткізу қуаты секундына 355 текше метр болатын Фурманов гидроқондырғысы бүгінгі күні құралдарының тозығы жетуіне байланысты күрделі жөндеуді қажет етуде. Ал Шу өзенінің төменгі жағында орналасқан елді мекендер мен оларға тиесілі жайылымдық жерлерді су басудан сақтау мақсатында салынған бұл су реттегіш нысаны аудандағы ең күрделі мәселелердің біріне айналып отыр. Өзендегі суды реттеу гидроқұрылғысы алғаш 2014 жылы пайдалануға беріліпті. Дегенмен жобалық құны 373,4 миллион теңгені құрайтын аталмыш нысанды 2016 жылы су шайып кеткен. Міне, содан бері Шу өзенінің жағалауларын күшейту жұмыстары жүргізілуде. Алайда қазіргі кезде суды реттегіш гидроқұрылғыны қайтадан салу мәселесі туындап отыр. Аталмыш нысандармен жан-жақты танысқан Асқар Мырзахметов жауапты басқарма басшыларына нақты тапсырма берді.
Мойынқұм ауданындағы бірқатар нысандарды аралаған облыс әкімі жұмыс сапары соңында аудандық әкімдіктің мәжіліс залында барлық басқарма басшыларының және аудан активінің қатысуымен жиын өткізді. Басқосуда сөз алғандар Мойынқұм ауданының даму көрсеткіштері туралы баяндап, мұндағы өзекті мәселелерге тоқталды. Басқарма басшыларының айтқан сын-ескертпелеріне жауап берген аудан әкімі Бахытжан Нүркенов кей басқармалардың мәліметтеріне келіспейтіндігін де айтып қалды. Дегенмен жиын барысында Мойынқұм ауданындағы көрсеткіштердің көңіл көншітпейтіндігін аңғару қиын болмады. Мәселен, облыс әкімінің назарын аударған Кеңес ауылындағы 200 орындық клуб құрылысына жауапты мамандар оның жобалық құны 641,8 миллион теңгені құраған жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеген. Кейіннен, бұл құжаттар қайта қаралып, клубтың жобалық құны 237 миллион теңгеге дейін төмендеген. Жоғарыда аталған жобалық-сметалық құжаттарды сараптамадан өткізу үшін аудандық бюджеттен 3 миллион теңге және нысанға мемлекеттік жер актісін жасату үшін 2 миллион теңге бөлініпті. Бар болғаны 200 орындық клубтың құрылысына мұншалықты көп қаржы сұраған жауапты мамандарды сын тезіне алған облыс әкімі А.Мырзахметов алдағы уақытта осындай олқылықтар орын алмас үшін мемлекеттік қызметкерлерге бюджетті тиімді игеру тетіктерін толыққанды үйренуді тапсырды.
Бұдан бөлек, мойынқұмдық шенділер аудандағы суармалы жердің көлемі 2800 гектарға ұлғайды деген мәлімет берген. Алайда арнайы тексеру барысында бұл жердің қай ауылдық округтен және қандай шаруашылықтан қосылғаны белгісіз болып шықты. Аталған мәселеге ерекше тоқталған өңір басшысы бұндай бассыздықтарға тоқтау салу үшін, бұл түйткілді түгелдей зерттеп, жалған ақпарат берген азаматтардың барлығына тиісті шара қолдану керек екендігін баса айтты.
– Мойынқұм облыс орталығынан шалғайда жатқан аудан болғанымен де, оның ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндігі мол. Мұндағы халықтың тең жартысы Шу өзенінің маңына шоғырланған. Ал сол өзен суын қаншалықты пайдаға жаратып отырмыз? Міне, осы бағыт бойынша ауданның мүмкіндігін зерттеп, оны кәдеге жарату жағын көбірек ойлауымыз қажет.
Аудандағы өнеркәсіп нысандарын аралау барысында «Жамбыл өндірістік цемент компаниясы» ЖШС-ның басшылығы аудан әкімдігі темір жол мен вагон мәселесін шешіп берсе, өндіріс көлемін 20 пайызға арттыруға мүмкіндік бар екенін айтып қалды. Егер де мәселе түбегейлі зерттеліп, түйткілдің түйінін дер кезінде тарқатқанда ауданның өнеркәсібінен түсетін өнім көлемі бүгінгі күні кем дегенде 10 пайызға артатын еді. Ал аудандағы осы салаға жауапты қызметкерлер бұндай мәселеге бас ауыртқысы келмейтіні көрініп-ақ тұр. Одан соң, облыс бойынша 156 ауылдық округ болса, онда жұмыс істейтін бір мың адам өз міндеттерін дұрыс білмейтінін де айта кеткен жөн.
Алдағы уақытта осындай келеңсіздіктерге жол бермеу мақсатында облыс әкімдігінің инспекторларын айына екі рет аудандарға шығып, ондағы ауылдық округ әкімдерінің атқарған жұмыстарын көзбен көруді міндеттеп отырмыз. Бұл ең алдымен халық пен биліктің арасын жақындатады, – деді облыс әкімі жиын соңында.

«Ақ жолдың» тілшілер тобы:
Мұратхан ӘЛІМХАН,
Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан,
Алтынбек Қартабай.

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support