- Advertisement -

ТЕМІР ЖОЛДЫҢ АРЖАҒЫна аяғымыз жетпей ме?

237

- Advertisement -

бүлінген жол, «жабайы сауда», шашылған күл-қоқыс…

Тараз қаласын қақ жарып темір жол өтеді. Арғы беттегі «Шалғай Қарасу», «Қарой» тұрғын жай алқабы мен «Высотский», «Сольнечный», «Лесхоз» елді мекендерінде 68230 адам тұрады. 10670 жеке және 51 көп қабатты тұрғын үй бар. Облыс орталығы халқының бестен біріне жуығы тұрып жатқан іргелі мекенде Темір жол лицейі, Темір жол колледжі, 8 орта мектеп, 2 балабақша, 2 шағын орталық, 1 балалар үйі жұмыс істейді. 11 мекеме, оның ішінде 5 өнеркәсіп, құрылыс, көлік және энергетика кәсіпорындары осында орналасқан.

Денсаулық сақтау мекемелерінен 3 емхана және 1 сүйек-туберкулез аурулары ауруханасы халыққа қызмет көрсетеді. №3 қалалық полиция бөлімі де осында. «Қазпошта» мен «Қазақтелеком» бөлімшелері ашылған. Қоғамдық көлік қатынасымен қамтылған. Бір іргелі ауданның тұрғынындай халқы бар темір жолдың арғы бетіндегі Тараз қаласы әкімінің №10 аумақтық округі аталатын мекенде мәселе деген жетіп артылады.
Округтің бас инспкеторы Қанат Нұрланов кейбір ауылдық аймақ әкімдері сияқты түйткілді мәселелерді жасырып қалмай, барлығын алдымызға жайып салды. Өзінің саналы ғұмырының 40 жылын коммуналдық қызметке арнаған, оның ішінде қаланың әр округінде 25 жылға жуық бас инспектор болып еңбек етіп келе жатқан іскер азаматты осыдан екі жыл бұрын қала әкімі осы округті ретке келтіріңіз деп жібереді. Не астында қызметтік көлігі, не бірде-бір қызметкері жоқ бас инспектор бірнеше мекен қарайтын округті жеке көлігімен күніне он рет шарлап шығатын шығар. Тіпті көлікке майды қалтасынан өзі құятын көрінеді.
Инспектордың шырылдайтынындай бар екен. Мұқанов пен Чкалов көшелерінің бойынан тартылған ауызсу құбырының құрылысы аяқсыз қалған. Екі көшедегі асфальттың тас-талқаны шығып, жол апатты жағдайға жеткен. Бас инспектор «мемлекеттің қыруар қаржысы мына жер астында көміліп жатыр» деп күйінеді. Ең сорақысы су құбыры құдықтарының қақпағы ашық-шашық күйінде қалған. Бір жерді таспен қымтаған болса, енді біріне тал шыбықтарын шаншыпты. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», ойын балаларының бірі ашық құдыққа құлап кетіп, мерт болып жатса, кім жауап береді? Балалар түгілі түн қараңғылығында тура жолдың үстіндегі қақпақсыз құдыққа үлкендердің өздері де түсіп кетуі мүмкін. Мердігер мекеме қайда? Жұмысты аяғына дейін неге жеткізбеді?
– Біздегі тағы бір үлкен мәселе – жөн-жосықсыз сауда нүктелері. Қазір кім көрінген көше бойларынан, аялдамалардың түбінен заңсыз сауда дүңгіршектерін аша береді. Ондай орындарда нан, бәліш, балық тағы басқа тағамның түр-түрі ешқандай талапқа сай келмесе де сатылып жатыр. Полиция кәсіпкерлік нысандарын тексере алмаймыз дейді. Міне, қаланың бұрынғы әкіміне, орынбасарына, құқық қорғау органдарының, басқа да құзырлы орындардың басшыларына жазған қызметтік хаттың көшірмелері. Осы жұмысқа келгелі екі жыл бойы кімге, қай басшыға хат жазбадым, ешқандай нәтиже жоқ. Тіпті жергілікті телеарна журналистерін де шақырып, арнайы хабар түсірттім. Қалалық басылымға да жарияланды, онда да ешкім селт етпеді. Заңсыз сауда нүктелерінің айналасы күл-қоқысқа толып жатыр. «Высотский» елді мекеніне баратын жолдың оң жағын күл-қоқыс басып қалыпты, әйтеуір әупірімдеп жүріп, сол жерді тазалаттым, – деді Қ.Нұрланов.
Пірманов көшесінің бойындағы «жабайы базарда» заңсыз қойылған сауда орындарының кесірінен №29 мектептің оқушысын көлік қағып кетіпті. Әйтеуір, Құдай сақтап, бала аман қалған. Бас инспектор жөн-жосықсыз сауда орындарын біршама ретке келтіргенімен көп уақыт өтпей берекесіздік қайта белең алған. Ең сорақысы сасып кеткен балық пен шұжыққа дейін сатыла береді екен бұл жерде. «Округтегі көше бойларындағы азық-түлік тауарларын сататын дүңгіршектердің бірде-бірінде заңды құжат жоқ», – дейді ол. Солай бола тұра барлығы дерлік электр қуатын тартып алған.
Абай мен Аппаев көшесінің қиылысындағы «Кристал» дүкенінің алдындағы арық үстінен бірнеше дүңгіршек қойылыпты. Жоғарыдан ылдиға қарай арық бойы аққан су бөгет болған дүңгіршектен аса алмай кемеріне сыймай жатса қалай болады? «Апрель» дүкенінің алдында да сондай дүңгіршек. Біздің бір аңғарғанымыз округте «жабайы сауданың» дес бермей жатқаны соншалық, «қызыл сызық» деген ескерусіз қалған. «Бай-Жүніс» дүкенінің алдындағы контейнердегі қоқысқа от қойғандықтан, көк түтін қолқаны қабады. Бұл қоқыс шығарғаны үшін төлемақыны бермеудің амалы көрінеді.
Аппаев пен Сыздықов көшелерінің қиылысындағы тұрғын үйде металл сынықтары қабылданып жатыр, осындай тағы да екі-үш үйді көзіміз шалды. «Жалпы темір-терсек қабылдайтын арнайы мекемелер болады. Жеке тұрғын үйде қабылдауға жол берілмейді. Олардың құжатын тексеруге полиция тағы да дәрменсіз», – деді бас инспектор.
Абай-Самарқан көшелерінің қиылысындағы ыстық нан, бәліш сататын ұсқыны адам көргісіз лашық сынды дүңгіршек отқа оранғаны қап-қара ысынан білініп тұр. Оған қарап жатқан ешкім жоқ, сауда көрігін қыздыруда. Сәл әріде темір жолдың іргесінде шаң-тозаңның арасында ашық-шашық жерде бақша өнімдері сатылуда. Тіпті ауызсу желісі құдығының үстінен дүңгіршек қойыпты, кеш бола осы жер сырақұмарлардың орнына айналатын көрінеді. Айдаладағы ауылдан да мынадай бейберекетсіздікті көрмеппіз. Арасын шойын жол ғана бөліп тұрған облыс орталығындағы сауданың «жабайы» болғанда да шектен шыққанын көріп, жағамызды ұстадық.
«Высотский» елді мекенінен үй салу үшін жер сұрағанда тұрғындар инфрақұрылым қажет емес, оны өзіміз-ақ тартып аламыз депті. Қайдан, жекеде ондай күш қайда? Енді соның зардабын тартуда. Жоғары кернеулі электр қуатынан әркім өз беттерінше электр сымдарын тартып, жарық алып отыр. Жарық дегеннен шығады, бұл округте көше бойларында электр жарығы күндіз де жанып тұра беретін көрінеді. Шығын болып жатқан жергілікті бюджеттің ақшасы болған соң, оған да ешкім бас ауыртпайды екен. «Мұны да тиісті мекемелерге айта-айта шаршадым» дейді бас инспектор. Керісінше, кейбір көшелерді жарықтандыру әлі күнге шешімін таппаған.
Округтегі көше бойларының да әр жері ойдым-ойдым болып опырылып жатыр. Қоғамдық көлікке де, жеке көлігі барларға да обал. Бірақ, обал-сауапқа қарап жатқан инспектордан басқа бір пендені көре алмадық. Тазалық, көріктендіру туралы әңгіме қозғаудың өзі артық болса да айтайық. Күнделікті тұтынатын тағам өнімдерімен қатар, престелген шөп, қап-қап көмір, ағаш, сексеуіл сынды мал азығы мен отын да кез келген жерде сатыла береді екен.
– Тұрғындар қорымға да барып, қоқыс төге салады. Бұдан асқан сорақылық бола ма? Тектұрмас әулиенің кесенесі біздің округке қарамайды, сонда да қол қалт етсе, басына барып тұрамын. Бұл окуругтің күл-қоқысы сол әулиенің басына дейін шашылып жатыр, – деп күйінді Қ.Нұрланов.
Тараз қаласындағы жөн-жосықсыз қойылған дүңгіршіктер алынып жатыр. Бұл шара темір жолдың арғы жағына да жетер. Бірақ қаланың орталығын көзге қораш көрінетін сауда орындарынан тазалап біткенше арғы беттегі санитарлық талапқа ешқандай сай емес, көрінген жерде сатылып жатқан тағамдардан ауру тарап кетпесін деңіз. Мұқанов пен Чкалов көшесінің бойына ауыз су құрылысын жүргізген мердігер мекемені де іздеп табу да қалалық әкімдіктің міндеті шығар. Ана «Высотскийге» инфрақұрылым желілерін толық тартудың жолдары қалай шешілер екен? Көктемгі, күзгі көріктендіру, санитарлық тазалық айлықтары кезінде ауылдың да, қаланың да халқы бір кісідей жұмылып жатушы еді. №10 округтің тұрғындары кеш те болса тұрып жатқан мекендері үшін тым болмағанда бір ай әр аптаның сенбі күні тазалық жұмыстарына жұмыла шығып жатса ғой…

Амангелді ӘБІЛ

Суреттеді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support