Мультфильмді өзіміз-ақ жасай аламыз

Жеткіншектер 300-ге жуық анимациялық фильм әзірлеген

Бұған дейін анимациялық туындылардың қалай жасалатынын білгім келетін. Облыстық білім басқармасының сайтынан оқушылардың анимациялық жобаларын көріп танысқан соң, қанатқақты жобаның облыстық қорытындысын арнайы барып көруге бел будым. Оқушылардың тыңғылықты дайындалғаны да бірден байқалды. Бәрі де өздері дайындаған туындыларын таныстырғанша асық. Байқау да өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған екен. Оған сол жерге барғанда анық көз жеткіздік.
Тараз қаласындағы Тараз химия-технология колледжінің базасында өткен байқауда мәлім болғандай, жобаның алғашқы іріктеу кезеңі наурыз-сәуір айларында өтіпті. Облыстық білім басқармасының бастамасымен анимациялық фильм жасаудан алғаш рет өткізіліп отырған байқауға мектеп, колледж студенттері 300-ге жуық жұмыс ұсынып, соның 45-і облыстық кезеңге жолдама алған.
Бұл шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Білім және тәрбие» жобасы аясында ұйымдастырылды. Жастардың ақпараттық коммуникативтік құзыреттіліктерін, ІТ саласындағы сауаттылықтарын, ақпараттық технологияға деген қызығушылықтарын арттырған байқауда қатысушылар «Туған өлке», «Мектеп, колледж өмірі», «Болашақтағы мен», «Ертегілер әлемі» тақырыптарында әзірлеген, ұзақтығы 1-3 минуттық анимациялық фильмдерін көрсетті.
Жеңімпаздар электронды дауыс беру арқылы анықталып, үздік шыққан 25 жоба интернет ресурстарға жарияланды. Сарысу ауданы Абай атындағы орта мектебінің оқушысы Қанат Қуанышбаев бірінші орынды жеңіп алса, екінші орын дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының оқушылары Әрсен Сағындық пен Мирас Нарбекке бұйырды. Үшінші орындарды Байзақ ауданы №1 мектеп-гимназиясының оқушысы Азат Әбдіқали, Қордай ауданындағы Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының оқушысы Аружан Мәулен, Айжан Мәлік өзара бөлісті.

Бек ЖАҢБЫРБАЙ,
оқушы.

Тараз қаласы.

Comments are closed.