- Advertisement -

Қаламгер қалжыңы

158

- Advertisement -

«Ораққа келіп қапты күрішіңіз…»

Осыдан бірер жыл бұрын Байқоңыр қаласында аймақтық айтыс өтіп, оған қатысқан жамбылдық Ахметжан Өзбеков пен қызылордалық жас ақын Мөлдір Айтбай қызыққа толы қыз бен жігіт айтысын жасайды.
Тілінің бізі бар Ахметжан қарап тұрсын ба?! Салған жерден қарсыласын сөзбен түйрей жөнеледі.
«Қарындас, сізбен болсын жұмысымыз,
Бойжетіп өзгеріпті жүрісіңіз.
Науқанға білек түріп кірісейін,
Ораққа келіп қапты күрішіңіз» деп бірден шабуылға көшеді. Оған жауап берген Мөлдір:
«Әзілмен әңгімеңді бастап алып,
Сөйлейсің жыр шегеңді тасқа қағып.
Жең түріп күріш орам деп келгенде,
Масақ теріп қайтпағын масқара қып!» деп қалжыңды қыздыра түскен көрінеді.
Қарап қалатын Ахметжан жоқ. Кезегі тағы да келгенде:
«Қыз емес, қыздың аты – қызыл алма,
Көркіне қараған жан қызығар ма?
Масақ теріп қайтардай, менен бұрын
Келіп кеткен біреудің ізі бар ма?» деген екен.

«Үйлеріңізде қазандарыңыз біреу-ақ па?»

Бірде белгілі ақын Жүрсін Ерман жолаушылап келе жатып қасындағы азаматтармен бір ауылдағы үйге қонақ болып түсіпті. Көгілдір экраннан көріп жүрген адам үйіне келгенде есі шығып кеткен үй иесі сасқалақтап «Жүке, қош келдіңіздер, сіздерге ет асайық па, әлде қуырдақ қуырып жіберсін бе?» деп жүгіріп жүр дейді. Сонда саспайтын Жүкең «Үйлеріңізде қазандарыңыз біреу-ақ па еді?» деген екен.

Шерағаңның «заказы»

Кезінде Шерхан Мұртаза Нәбиден Әбутәлиев екеуi келе жатып, Баянғали Әлімжановпен кездесіп қалады. Сол кезде Баянғали iнiсiн «палуан» деп еркелететiн Шераға:
– Әй, палуан, осы сен жұрттың бәрiн сабап жүрсiң ғой, мына Нәбидендi сабап бершi, – дейдi.
Оның сөзiне наразылық бiлдiрген Нәбиден:
– Неге менi сабайды, ол менiң iнiм, мен оның атасы Сегiз серiнi жазғам, – деп өзiне тартады. Баянғали екi ағасының алдында тұрып:
– Қалай сабаймын, Шераға? – дейдi.
Сонда Шерхан:
– Мынаны сабау керек. Бұл «СҚ»-да «местком» болған. Сонда: «СҚ»-да не көп, салық көп», – деп отыратын. Бiр жолы картоп әкелiп беремiн деп елдiң ақшасын, қабын жинап алып, соңынан бәрi жайымен қалған. Сосын қабырға газетiне өлең шығарғанбыз:
«Жылу жинап әр үйден,
Кетiп едiң Нәбиден,
Картоп та жоқ, қап та жоқ,
Атаңа нәлет Нәбиден!» – деп. Мұны сол үшiн сабау керек!
Содан «Нәбиден құрдасымды саба» деп, тағы бiр кездескенде де айтады. Үшiншi жолы топтың көзiнше Шерхан Мұртаза Баянғалиға әзiлдеп:
– Палуан-ау, сен менiң бiр тапсырмамды орындамадың ғой. Анау Нәбидендi бiр сабап бер дедiм. Қолыңа түсiп қалса, сүйкеп жiберсейшi, – деп тағы айтады.
Сонда Баянғали:
– Шераға, үш айттыңыз, егер «официальный» жағын мойныңызға алсаңыз, мен сiзге Нәбиден түгiлi, Ғабидендi де сабап берейiн! – деген екен.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support