- Advertisement -

«Шектеулі контингенттегі» қазақ сарбаздары

124

- Advertisement -

«Егемен Қазақстан газетінің өткен жылғы 4 қыр­күйек­тегі нөмірінде біздің «Жат жерде» атты мақаламыз жа­рияланған еді. Онда бұрын жабық болып келген тақырып – Кариб дағ­дарысы кезіндегі Кубаға жібе­рілген кеңес жауынгерлері, олар­дың арасындағы қазақ жігіттері туралы айтқанбыз. Иә, 1962 жыл­ғы күзде мұхиттың арғы бе­тін­де күрмеуі көп күрделі жағ­дай туындаған-ды. Әлем яд­ро­­лық соғыс апатының алдында тұрды. Шиеленіс АҚШ-тың Бостандық аралына басып кіру­ді көздеген «Мангуст» операциясынан басталған болатын. Ал КСРО оған жауап ретінде «Анадырь» атты әскери жоспар жа­сап, Кубаға өзінің қуатты ра­кеталарын апарып орнатуға шешім қабылдаған еді. Сөйтіп сол жылдың шілдесінде Кариб теңізі акваториясына қарай кеңес жауынгерлерінің алғашқы тобы жасырын түрде жіберілген-ді. «Анадырь» операциясының бас­­ты ерекшелігі оның өте құпия жағ­дайда жүргізілгендігінде дер едік. Қар­сы жақ ядролық заряды бар кеңес ракеталарының өз іргесіндегі ел – Ку­баның старттық алаңында тұрғанын 4 ай өткен соң ғана көріп, қатты әбігер­ге түскен. Бармағын тістеген АҚШ әскери ведомствосы басшылары бұған жауап ретінде «Юпитер» атты өз оқтұмсықтарын Түркия аумағына орналастырып, КСРО-ға бағыттап қоюға пәрмен берген. Содан Н.Хрущев пен Дж.Кеннеди 10 күн бойы кез келген сәтте басып қалуға дайын болу үшін саусақтарын «қызыл түймеде» ұстап отырған.

Еңбек ардагері С.Әбдіқадыров, Мойынқұм, 2018 жыл

Кариб дағдарысы дегеніміз міне, осы еді. Оған сол кездері әртүрлі ке­ме­мен үстілеріне жай азаматтық киім киген, қолдарында турист, ауыл шаруашылығы маманы, жұмысшы, оқытушы деген құжаты бар 44 мыңға жуық кеңес офицерлері мен жауынгерлері жі­берілген-тін. Біз жоғарыдағы өзіміз айтқан «Жат жерде» атты мақаламызда сол жағдай­ды баяндап, олармен бірге қазақ ұландарының да болғандығын, со­лар­дың бірі қарағандылық Элс Мұ­қатовтың Куба жеріндегі тағдырын айт­қанбыз. Осыны оқыған Мұқан Сабыров атты азаматтың көп кешікпей Жамбыл облысынан редакцияға телефон соққаны есімізде. «Ондай адамдар бізде де бар, – деген болатын сонда ол кісі. – Мүмкіндік туып жатса, келіп қайтыңыз. Жолықтырамыз». «Жарайды, – деп жауап бергенбіз бұған. – Жағдайға қарап көрейік».
…Енді міне, сол тақырыпты зерттеп көру үшін Мойынқұмда отырмыз. Әңгіме иесі – Сембай Әбдіқадыров есімді қария. 1939 жылы осындағы Коминтерн бөлімшесінде өмірге келген ол 1957 жылы орта мектепті бітіреді. Содан соң аупарткомда техникалық хатшы, ұжымшар комсомол комитетінің жетекшісі болады. Өстіп жүргенде армия қатарына шақырылып, Ленинград әскери окру­гіне барып түседі де сондағы жалпы әс­кери бөлімде қызмет атқарады. Ел­­ге­зек қимылы, тәртіптілігі және төзімділігін байқаған басшылар оны аз ­уақыт ішінде-ақ взводтағы аға барлаушы дәрежесіне көтеріп, ефрейтор атағын береді. Партия мүшелігіне кан­дидаттыққа қабылдап, үлгілі қыз­меті үшін еліне қысқа мерзімді дем­алысқа жібереді.
– Әскери бөлімге қайтып келге­німде, – дейді ақсақал, – күн са­йын су­ретке түсіріп, анкета толтырту бас­талды. 3-4 адамдық комиссия күт­­пеген жерден шақырып алады да:­ «Қиын жағдай бола қалса, оған дайын­­сыздар ма? – деген сұрақтың астына алады. Қарсы жауап беруге қауқар қайда? Сол кездегі патриотизм рухымен: «Отан әміріне әзірміз! Берілген бұйрықтан бас тартпаймыз!» – дейміз тақ-тақ етіп.
Содан жарты ай өткен соң жорық дабылы қағылды да біз сол­түстік­ке қарай бет алдық. Тү­ні бойғы жол­ды жабық жүк маши­на­сы­ның үстінде өткізгеніміз есім­де. Таң атқанда: «Келдік. Сапқа тұрың­дар!» – деген сөзбен жерге түсіп қа­ра­сақ, теңіз жағасындағы үлкен портта екенбіз. Қарсы алдымызда толқынмен тербетіліп, тұмсығында «Альметьевск» деген жазуы бар үш қабат үйдің биіктігіндей аппақ алып жолаушылар кемесі тұр. Төңірегінде үлкенді-кішілі баржаларға жүк тиеп жатқан ұзын мойын крандар кө­рінеді. Осыларға аңтарыла қарап тұр­ғанымызда, алдымыздағы кеменің бүйірі ашылып, оның бір бөлік қабырға темірі екі ортаға «көпір» болып тұра қалды. Сол-ақ екен командирлеріміз колоннадағы ПТ-76 танкілері мен Урал ЗИС-ке орнатылған ЗПУ-2 қон­дырғыларын әлгі «өткелмен» трюмге кіргізуге бұйрық бере бастады.
Сембай ақсақал осы жерге келген­де сәл үнсіз қалды. Сөйтті де ойын жинақтап алып, әңгімесін қайта жалғады. Одан ұққанымыз: жауынгерлер кемеге тиеліп болған соң, бұ­лар­ға полк командирі келеді. Аме­рикан империализмі, оның адам­затқа жасап отырған зұлымдығы жөнінде зілді сөз қозғайды. Соның бір көрінісі ретінде олардың жас мемлекет Кубаны басып алмақ болып отырған арам пиғылын айтады. Кеңес Одағының бұған ешуақытта да жол бермейтінін, Бостандық аралы тұрғындарының жарқын болашағы үшін қандай да қимылдан бас тартпай жәрдемдесетінін тілге тиек етеді. Соның нақты дәлелі ретінде партия, үкіметтің ұйғарымымен өздерінің мұхиттың ар жағындағы бейбітсүйгіш ел – Куба халқы алдындағы интер­националдық борыштарын өтеуге аттанатындарынан хабардар етеді.
Әскери басшылықтың айтқаны – заң. Олардың берген бұйрығы тал­қыланбайды. Орындалады. Осы қағида бойынша жиыннан кейін бұлардан жалпы каютадағы арнаулы бөлімге барып, өздерінің құжаттары мен же­ке заттарын өткізу талап етіледі. Со­дан соң үстеріндегі әскери формалары жиналып алынып, оның орнына әр­қай­сысына шолақ жең жейде, кең ба­лақ шалбар, тебетей тақиялар мен ке­неп туфли сияқты жаздық киімдер үлестіріледі. Жауынгерлер осындай қарбалас жұмыстардан соң ғана барып сыртқа шыққанда, өздері мінген кеменің екпіндей жүзіп, жағалаудан әлдеқашан ұзап кеткендерін, маяк мұнарасының мүлдем артта қалып, үлкен теңіз айдынына шыққандарын көреді.
– Кемедегі күнделікті өмірлеріңіз… Оған қалай қалыптастыңыздар? Мұ­хит­­тағы су жолы… Қандай маршрутпен жүрдіңіздер? Осы сапар кезін­де күтпеген жағдай, оқыс оқиғаға кез­де­сіп қалған жайттар болды ма?
– Біздің келе жатқан жеріміз Бал­тық теңізінің аумағы екен, – деді бұған Сембай ақсақал. – Кемеміз оны­мен жүзіп отырып үйлері готи­калық стильмен салынған портты ора­ғытып өтті. «Швеция», – десті коман­дирлеріміз. Одан соң көзімізге орта ғасырдан қал­ған қорғандары бар жағалау көрінді. Бұл Дания екен. Осылайша Ла-Манш бұғазына келіп жеттік те Атлант мұхитына шықтық. Көретініміз – бі­рін-бірі баса көктей алға ұмтылған тау­дай толқындар. Олармен бірге жарқ-жұрқ етіп ауаға секірген ақбауыр аку­лалар… Басқа ештеңе жоқ. Төңірек шет­сіз де шексіз су айдыны…
Ал енді осы сапардағы күтпеген жағдай дегенге келер болсақ… Иә, осылайша 10 күн өткен. Келесі тәулікте: «Алыстан ұшақ көрінеді», – деген хабар тиді құлағымызға. Оны естісімен командирлеріміз негізгі құрамға каюталардан шықпауға бұйрық берді де қалған топты соның алдындағы саяси сабақта жаттығып, пысықталған көз алдау кейпіне көшірді. Атап айт­қанда палубада біріміз газет оқып отыр­ған турист, екіншіміз доминоның қызығына берілген аспаз, үшіншіміз аунақшыған мұхит көрінісін полотноға түсіріп жат­қан суретші, төртіншіміз күнге қыз­дырынып маужыраған жолаушы бейнесінде әр жерге шашырап отыра қалдық. Жақындағанда байқадық, әуеде ойқастаған АҚШ-тың қос моторлы әскери ұшағы екен. Ол төмен қарай екі рет шүйіліп келді де көлігіміздің жолаушылар кемесі екеніне көз жеткізіп, ондағы біздің қол бұлғаған бейқам кейпімізді көріп, кері қайтып кетті.
Әңгімені бұдан әрі жалғар бол­сақ, кеңес жауынгерлері мінген «Аль­метьевск» жолаушылар кемесі Кариб те­ңізіне 14 күн дегенде кештете же­тіп, Куба жағалауындағы шағын порт­қа зәкір тастайды. Кейіпкеріміз кейін барып білсе, бұл Санта-Клара қа­ласы екен. Міне, осы жерде оларды Бостандық аралының тұрғындары шат-шадыман жүзбен қарсы алады. Фидель Кастроға ұқсатып сақал қойып, иықтарына автомат асынған халық жасағының жігіттері траппен түсіп келе жатқан Сембай секілді за­ман­дастарына қол беріп, сигар сыйласа, қарттары банан мен кокос жаңғағы бар себеттерін көтеріп алдарынан шығады. Порттағы осындай іңір қараңғылығындағы дабыр-дұбырмен бірге кеме трюміне тиеліп әкелген танктер мен автомашиналар да жағалауға жеделдетіліп шығарыла бастайды. Колонна орнынан қозғалғанда, ке­ңес жауынгерлері тағы бір көңіл тол­қытарлық жағдайдың куәсі болады. Түн ортасынан ауып кетсе де қала халқы ұйықтамапты. Жасынан жасамысына дейін көшеге шығып, қуана қол бұлғап тұр. Сөйтіп орталық алаң­нан өткенше-ақ бұларды гүл шоқтарына көміп тас­тайды. Осындай қошеметпен біз сөз етіп отырған полк орманды алқапқа келіп кіреді. Сөйтеді де келесі күннен бастап онда траншеялар қазып, ПТ-76 танктері мен ЗПУ-2 қондырғылары орнатылған Урал ЗИС машиналарын жасыратын бекіністер сала бастайды. Көп кешікпей сол жерден гарнизон штабы құрылысын жүргізу керек деген бұйрық келеді. Содан Сембай Әбдіқадыров қызмет ететін полк 4 ай осы жұмыспен шұғылданады. Одан кейінгі 3 ай әскер қатарына ша­қы­рылған Куба жастарын ПТ-76 танкісін жүргізіп үйретуге кетеді.
– Маған қояр келесі сауалыңды айтпай-ақ түсініп отырамын қарағым, – деді осы араға келгенде қария. – Ол: «Бұл ел соғыс жағдайында бол­ғанд­ықтан, онда тасыр-тұсыр атысты бастан кешірдіңіз бе, жер дүниені күңіренткен зеңбірек үнін естідіңіз бе?» – деген сұрақтар ғой. Жоқ, Құдайға шүкір, біз тұрған аймақ ондайдан аман болды. Рас, апта сайын гарнизонда әскери дабыл қағылатын. Артынан мұның бәрі тексеру үшін екені айтылып, жауынгерлер казармаларға қайта оралатын. Ал, бірақ… Иә, бірақ теңіз жағасында түрлі қақтығыстар болып жатты. Ол арғы беттен түн жамылып келіп, Куба жерінде тұрақсыздық жағдайын орнатуға тырысқан жал­да­малыларға қарсы шайқас еді. Осы­ларды ұзынқұлақтан естіп жатсақ, АҚШ-тың Куба әуе кеңістігін бұзған U-2 барлаушы ұшағының Баньес елді мекені маңайында атып түсірілгені туралы суретті көзімізбен көрдік. Бұл «Гранма» газетіндегі Фидель Кастро бастаған үкімет адамдарының құлаған жау ұшағы жанында бейнеленген фото болатын. Саяси сабақта мұны Куба қырғилары атып түсірді деп насихаттап жатты. Ал шын мәнінде бұл кеңестік сайыпқырандардың ісі еді. Неге десеңіз, U-2 барлаушы ұшағы 24 шақырым биіктікте маневр жасап келе жатқан. Ондай қашықтыққа Фидель зениткаларының оғы ешуақытта жете алмайтын. Бұған тек сол кездегі Бос­тандық аралына орнатылған кеңестік реактивті қондырғылардың ғана мүмкіндігі бар еді. «Неге?» дейсіздер ғой. 1960 жылғы Пауэрс оқиғасын еске алайықшы. Ираннан ұшып шы­ғып, КСРО-ның батыс бөлігін басып өтіп, Норвегиядағы НАТО аэродромына барып қонбақшы болған ол Свердловскіге жете бергенде атып түсі­рілді ғой. Сондағы барлаушы ұшақ осы U-2, ал оны әуедегі 22 ша­қы­рымдық қашықтықтан құлатқан При­волжье әскери округіндегі реак­тивті қондырғыдан жіберілген снаряд болатын. Осыны жақсы білетін аме­рикалық әскери сарапшылар Куба аспанындағы жоғарыдағы жағдайдан кейін кәдімгідей сескеніп қалғаны бар. Сол іш жиюдың арты жылымыққа ұласып, Кариб дағдарысының бейбіт түрде шешілуіне жол ашыла бастады.
– Жоғарыдағы әңгімеле­ріңіздің арасында сіз Куба жеріне келгеннен бас­тап­ ондағы халық жасағы мүше­­лерімен бірге құрылыс салғандарыңызды, сол ел жауынгерлерін танк жүргі­зуге үй­рет­кен­деріңізді айтып қалдыңыз. Сонда…
– Бір-бірлеріңізді қалай түсін­діңіздер дейсің ғой. Оның бәрі аудармашылар арқылы жүзеге асқан шаруа­лар шырағым. Бір взводта бір тілмаш қызмет етті десем еш қателеспеймін. Олар да сол кездегі біз сияқты өрімдей жастар болатын. Көбі Мәскеудің Пат­рис Лумумба атындағы халықтар дос­­тығы университетінің түлектері еді. Мәселен, бізге бекітіліп берілген Ми­гель есімді жі­гіт осы жоғары оқу орнын бітірген азамат-тын.
– Кубадағы өзіңіз қызмет еткен полк кеңес әскерлерінің сон­дағы шектеулі контин­генті ғой. Ықтимал соғыс айма­ғындағы осы қарулы құрылымда өзіңіз­ден басқа қазақтар, қазақстандық басқа ұлт өкілдері болды ма? Болса олар кім­дер еді? Содан соң… Иә, содан кейін ел­ге қа­шан оралдыңыздар. Қайтар жолда еш­қандай «Одиссей оқиғалары» бол­ған жоқ па?
– Онда біздің ел азаматтары неге болмасын, болды. Олар: Жамбыл облысынан Керей, Қостанайдан Қанат, Талдықорғаннан Пернебек деген жігіт­тер еді. Кереймен 70-80-жылдары облыс орталығына барғанымда кез­десіп, әңгімелесіп жүрдім. Жол жөндеу мекемесінде «К-700» трак­торы­ның жүргізушісі еді. Әсия атты зайыбы, Нұржан деген баласы болды. 90-жылдардан бері хабарсызбын. Ал Қостанайдағы Қанат пен Тал­ды­қорғандағы Пернебекті әскерден оралғаннан кейін көргенім жоқ. Кубада бұлардан басқа Александр Завертаев, Ана­толий Колбас деген жолдастарым да болды. Олар осы Мойын­құмның жігіт­тері-тін. Елге келген соң араласып тұрдық. Жақсы қарым-қатынаста ғұ­мыр кештік.
…Жә, әңгімемді аяқтайын. 1963 жылдың қыркүйек айында гарнизонда үлкен жиын болды. Онда Гаванадан үкімет адамдары келіп, бізге рахмет айтты. Полкымыздағы біраз офицерлер мен жауынгерлерге алғыс хат тапсырды. Олардың арасында кіші сержант мен де бар болып шықтым. Ертесінде елге қайтатынымыз туралы ­хабар естідік. Қуанышымызда шек жоқ. Командирімізбен бірге сол күні Куба астанасына барып, екі күн қала ара­ладық дейсің. Қолыңа ұстап көр, қара­ғым. Мынау сол саяхатымыздан қал­ған белгі.
Сембай ақсақал осы сөздерді айтты да бөлмедегі кітап сөресінен бір суве­нир­ді алды. Бірден байқадым, ұлу­тас. Кәдімгі теңіз жәндігінің қабыр­шағы. Кубалықтар мұны мұхит жағалауынан жинап алып, олар­дың ішіндегі қызық кейіптегі, түр­лі пішіндегі тас қабықтарды өң­дейді. Сөйтіп туристерге сыйкәде етіп сатады. Мұны білетінім, жастар мен студенттердің 1985 жылы Мәскеуде өткен Дүниежүзілік ХІІ фес­тивалінде республикалық жастар газетінің тілшісі ретінде «Космос» павильонындағы 111 елдің қолөнер бұйым­дары қойылған ынтымақтастық базарында болғаным бар. Сонда Куба көрме салонындағы Хосе Луис есімді сатушы жігіт менің құлағыма құйтақандай ұлутасты қайта-қайта тосып, шала орысшасымен: «Не естідіңіз?» – деп жымыңдай күлгені әлі көз алдымда. «Желдің гуілін, өзеннің гүрілін, теңіздің шуылын», – деп жауап бергенмін оған. Шынында да солай еді. Ол ұлутастың ішінен сонда уілдеген бір ғажайып дыбыс шыққан.
Сол есіме түсіп, ақсақал қолыма ұстат­қан ұлутасты құлағыма тостым. Осыдан 33 жыл бұрынғы естіген таныс дыбыс. Уілдеген жел, гүрілдеген өзен шуылдаған теңіз үні… «Біледі екенсің ғой», – деп күлді қимылымды қадағалап отырған қария. «Иә, хабарым бар», – дедім жымиып үй иесіне. Сөйттім де 1985 жылғы Мәскеу оқиғасын айттым. Ал ол кісі өз кезегін­де Кубадан алып кел­ген ұлутас тарихынан сыр шертті. Бұл әңгімеден ұқ­қаным, ертең елге қайтамыз деп Гава­нада дүкен аралап жүрген бұлар сату­шы қызбен танысып қалады. Қоштасарда бойжеткенге бір жауынгер естелікке пилоткасындағы қызыл жұлдызды, екіншісі кеудесіндегі ВЛКСМ деген жазуы бар комсомол значогын береді. Бұған риза болған сатушы Сембай ағамыз бастаған жауынгерлерге бір-бір ұлутас сувенирін сыйлайды. Мына сыйкәде міне, сол екен.
…Содан бір аптадан кейін кейіп­ке­ріміз қызмет ететін полк жауын­герлері елге қайтады. Солардың бірі Сем­бай аға Әбдіқадыров Мойынқұмға келі­сімен бірден осындағы Көктерек кең­шарындағы ұйымдастыру жұмыс­тарына кірісіп кетеді. Уақыт өте келе аудандық «Білім» қоғамында жауап­ты хатшы, аупарткомда нұс­қау­шы қызметін атқарып, Жамбыл кеңшарында парторг болады. Одан кейін Талдыөзекте ауылдық кеңес төрағасы, Хантау кеңшарында жұмыс­шылар комитетінің басшысы ретінде ізгі із қалдырып, зейнетке шығады.
– Мұнда келгенің, қолдағы құжатты көзбен көріп, әңгімелескенің жақсы болды, қарағым, – деді кетерімде Сембай ақсақал. – КСРО кезінде отты нүктелер деп аталатын шет жер­ге барған отандастарымыз онша көп емес қой. Соларды көзі тірі кезінде іздеп тауып, сөйлесіп қалсаңдар қандай ғанибет болар еді. Мәселен Египет, Ангола, Вьетнамда әскери қызмет атқарған қандастарымыздың өмірі… Айтылмаған тағдыр, ашылмаған ерлік парақтары ғой бұлар.
«…Және жазылмаған тарих беттері де», – дедім мен іштей күбірлеп.

Жанболат АУПБАЕВ

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support