- Advertisement -

Жаңғырмалы энергия жаңашылдыққа бастайды

206

- Advertisement -

Бүгінде энергия тиімділігін арттыру мен үнемдеу өте өзекті мәселе. Бұл тұрғыда алдымызға бірқатар міндеттер қойылып отыр. Солардың бірі елімізде жалпы ішкі өнімінің энергия сыйымдылығын 2020 жылға қарай кемінде 25 пайызға азайту болып табылады. Бұл еліміздің отын-энергетикалық кешенін дамытудың 2030 жылға дейiнгi тұжырымдамасында да айқын көрініс тауып отыр.
2017-2018 жылдардағы облыстың отын-энергетика кешені, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және бюджеттік нысандарының жылыту маусымының қорытындылары мен 2018-2019 жылдардағы жылыту маусымына дайындығы өңірімізде бұл міндеттің тиісті талап деңгейінде жүзеге асырылып жатқанын айғақтай түседі. Облыста биыл бюджеттік саладағы 3213 нысан мен көп қабатты тұрғын үй температуралық кестеге сәйкес жылумен қамтылды. Жұмыстың тиімді үйлестірілуінің нәтижесінде инженерлік жылу желілерінде және қазандықтарда техникалық ақаулар орын алған жоқ, жылыту маусымы штаттық режімде өткерілді. Маусымның жалпы ұзақтығы 176 тәулікті құрады, ал норматив бойынша 164 тәулік болуы керек. Кәсіпорындар мен бюджеттік нысандар тиісті отын қорымен толық қамтылып, тиісті резервтік материалдар жинақталды. Жылу жеткізуші кәсіпорындарда шығындар қалыпты норма шегінде болды.
2018 жылғы дайындық жұмыстарына жылу энергетика кәсіпорындары бойынша 721,1 миллион теңге, оның ішінде жоспарлы жөндеу жұмыстарына – 431,1 миллион, инвестициялық бағдарлама бойынша 290 миллион теңге қарастырылып отыр. Үстіміздегі жылдың 9-30 сәуірі аралығында кәсіпорындар жылу желілерін жөндеу жұмыстарын бастап кетті. Осы орайда Тараз қаласы тұрғындарын ыстық сумен жабдықтау 30 сәуір мен 16 маусым аралығында жүргізілетін болады. «Таразэнергоорталық» АҚ көп қабатты 472 тұрғын үйдің тұтынушыларын ыстық сумен қамтамасыз етеді. Ал «Жамбыл-Жылу» МКК РК-1 жылу көзі тарапынан 30 сәуір мен 29 қыркүйек аралығында «Қаратау», «Қарасу» шағын аудандары мен «Қарасу», «Қант зауыты» тұрғын алаптарындағы көп қабатты 83 тұрғын үй тұтынушыларын ыстық сумен жабдықтау жұмыстары жоспарлануда.
Биыл Тараз қаласының тозығы жеткен жылу желілерін қайта жаңғырту мақсатында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 жоба жүзеге асырылады. Қайта жаңғырту жұмыстары алдағы жылыту маусымына дейін аяқталуы тиіс.
Электроэнергетика саласы бойынша атқарылған жұмыстар ауыз толтырып айтарлықтай. Өткен жылы электр қуатын өндіру жиынтық қуаты 1408,7 МВт-ты құрайтын 11 электр стансасы күшімен жүзеге асырылды. Тұтынылған электр энергиясының көлемі 3,738 миллиард кВт/с бірлігін құрады, бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 233,0 миллион кВт/с немесе 6,6 пайызға артқаны байқалуда. Оның ішінде өндіріс көлемінің үлесі – 61,0, облыс тұтынушыларының үлесі – 39,0 пайыз болды. Ал жалпы өндірілетін электр қуатының көлемі 2,986 миллиард кВт/с-ты құрады, бұл көрсеткіш те 2016 жылмен салыстырғанда 135,0 миллион кВт/с-қа немесе 4,7 пайызға артық. Биыл жоспар бойынша жаңартылатын энергия көздері күшімен өндірілетін энергияның үлестік мөлшерін 10,3 пайызға дейін жеткізу көзделуде.
Өңіріміздегі «көгілдір отынның» игерілуі мен тиімді пайдаланылуы тұрақты бақылауда. Бүгінде облыстың 377 елді мекенінің 181-і немесе 48 пайызы тауарлық газбен қамтылған. 2025 жылға дейін облыстағы елді мекендердің газдандырылуы деңгейін 94 пайызға жеткізу жоспарлануда. Магистральдық газ құбырынан 50-100 шақырымдай алшақ орналасқандықтан әрі халық саны аз, экономикалық жағынан тиімсіз болуынан 23 елді мекен газдандырылмайды.
«ҚазТрансГазАймақ» АҚ ЖӨФ жыл сайын барлық газ шаруашылығын қысқа дайындау жұмыстарын жүргізетіні белгілі. Бұл орайда Т.Рысқұлов ауданы Ақыртөбе ауылындағы жерасты газ сақтау қоймасына қыс мезгілінде туындауы ықтимал газ тапшылығы жағдайында қолданылатын 133,5 миллион текше метр тауарлық газ қоры жинақталып, қажеттілікке сай таратылып берілді. Жерасты қоймасындағы газ қорын тұтынушылар тәулігіне шамамен 5,0 миллион текше метр көлемінде тұтынған жағдайда 25-28 тәулікке жетеді.
Жыл басынан бері «Амангелді» газ кен орнынан құбырға жіберілген тауарлық газдың көлемі 107,337 миллион текше метр болды. Жалпы ұңғылар қоры – 46, қолданыстағылары – 44, уақытша, бақылауға тоқтатылғаны 2 бірлікті құрайды. 2018 жылға жоспарланған газ өндіру көлемі – 360,0 миллион текше метр көлемінде.
Алдағы жылыту маусымына облыстағы жылу-энергетика кешендері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және бюджетік салалар нысандарының уақтылы және сапалы дайындалуына облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мониторинг жүргізіп, штаб отырыстарында қарап, тиісті қабылданған шаралардың іске асырылуын үнемі бақылауда ұстап отыр.

Нұрлан АЛДАМЖАРОВ,
облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support