- Advertisement -

Жамбылдықтардың ерлігі ұмытылмауы керек

184

- Advertisement -

Ұлы Отан соғысында жамбылдықтар өз Отанын қорғау жолында ерлік көрсетті. Біздің облыстан майданға аттанған жауынгерлер қатарында өшпес ерлік жасап, Кеңес одағының ең жоғарғы әскери атағына ие болғандардың саны бүгінгі күні 28-ге жетіп отыр. Даңқты батырлардың қатарында А.Суханбаевты, С.Естемесовті, А.Дәулетбековті, С.Шәкіровті, Б.Момышұлын атап өтсек болады. Сонымен қатар «Даңқ» ордендерінің толық иегерлері Е.Досмұхамбетов пен Т.Тастандиевті де осы топқа қосқанымыз абзал.

Жалпы, осы және басқа да деректерді іздестіру барысында Ұлы Отан соғысына қатысты мұрағат құжаттарының басым көпшілігі облыстық мемлекеттік мұрағаттағы 282 (облыстық партия комитеті) және 399-қорларда (облыстық атқару комитеті) жинақталғанына көз жеткіздік. Тапсырмаларды орындау мен тылдағы жұмыстарды ұйымдастыру мәселелеріне қатысты құжаттар 399-қорда жинақталған. Осы қорда Кеңес Одағының Батыры атағын алмаса да, халық хас батыр санаған Ыбырайым Сүлейменовті мәңгі есте сақтау үшін Жамбыл ауданының «Төрткүл» колхозына, Жамбыл қаласындағы Билікөл көшесіне және батыр өмірге келген Сарысу ауданындағы Комсомольский ауылдық кеңесі мен «Қызыл күншығыс» колхоздарына батырдың есімін беру туралы облыстық кеңестің атқару комитетінің 1944 жылғы 21 қаңтарда шығарылған қаулысы да бар.
Ұлы Отан соғысына байланысты келесі құжаттар топтамасын газет материалдары құрайды. «Жауды ақырына дейін талқандаймыз», «Мемлекеттік соғыс заемы – халық мүддесі», «Қызыл Армияға киім берушілер күн санап көбеюде» тақырыптарындағы мақалаларда Ұлы Отан соғысы кезіндегі өңірдің тыныс-тіршілігі айшықталған. Мәселен, 1942 жылдың 15 наурызындағы «Красногоршы» газетінде жарияланған Қызыл Тулы генерал-майор Панфилов атындағы 8-гвардия дивизиясының гвардееці Манап Алпысбаевтың жерлестеріне жолдаған жауынгерлік сәлемінде: «Соғыстың алғашқы кездерінде мен наводчик болып істедім. Онда әрбір оқты бос жібермеуді мен өзіме міндет етіп қойдым. Осы мақсатпен жаудың бізге жасаған бір шабуылында мен оларды 200 метрдей жерге жақын келтіріп алып, пулеметтен ажал оғын атқанда, жүздеген неміс солдаттарын жайраттым. Қырғынға ұшыраған жау бірнеше машина, танктерін тастап, кері шегінді. Ол үшін командования маған алғыс жариялады және мені саяси нұсқаушының көмекшісі етіп тағайындады. Әрине, бұл алғыс мені бұдан былай да жігерлендіре береді. Менің бұдан да зор, ең жоғарғы наградтарға әлі-ақ қолым жетеді», – дей келе, хатының соңын «Туысқан красногорлықтар, жауды жер бетінен жоқ еткен жеңіс тойында кездесеміз», – деп түйіндейді.
Жамбылдық жауынгерлер отандастарымен бірге майданның барлық шебінде ерлік көрсетті. Мәселен, Жамбыл қаласында 1942 жылдың қазанында құрылған 81-атты әскер дивизиясы Сталинград майданының 28-армиясының құрамында фашистерге қарсы шабуыл басталғанға дейін Астраханьның солтүстік шетіндегі 80-100 километрлік Волга жағалауын ерлікпен қорғады. Алты жарым айға созылған бұл шайқасқа елу мың қазақстандық қатысып, ержүректілікпен көзге түскені белгілі. Сталинградты қорғап, Паулюстің армиясын талқандауда негізгі рөлді Шығыс халықтары, соның ішінде қазақстандықтар атқарғандығын неміс тарихшыларының өзі мойындағаны анықталып отыр. Себебі 1941 жылдың қарашасына дейін фашистер КСРО территориясының 40 пайызын, негізінен оның батысеуропалық бөлігін жаулап алған еді. Сондықтан аталған шайқаста ауыртпалық негізінен Шығыс халықтарына түскені анық. Кеңестік статистика Сталинградты қорғаған әрбір жиырмасыншы жауынгердің қазақстандық болғанын жасырмайды. Шындығында, олардың үлес салмағы одан да көбірек болуы мүмкін. Аталған топта жамбылдықтардың да аз болмағанын жоғарыдағы құжат анық көрсетіп тұр. Бұл – терең зерттеуді қажет ететін мәселе.
Жамбылдықтар партизан қозғалысына да белсенді атсалысты. Тұрғынбек Тыныбеков, Сыдық Қайдарқожаев, Тихон Мирошниченко секілді жерлестеріміз жау тылында фашистерге қарсы ерлікпен шайқасты. Айта кету керек, тек Украинадағы А.Грабчактың партизан құрылымында 41 қазақ жауға қарсы күресті. Олардың арасында әулиеаталықтар да болуы әбден мүмкін.
Соғыс жылдары батырлық пен ерлік көрсеткен әйелдер аз болмады. 1943 жылдың ақпанына дейінгі кезеңде облыстан шыққан 270 қыз-келіншек Қызыл әскер қатарында соғысты. Олардың ішінде Нұрғаным Байсейтова мен Тұрғаш Жұмабаева сияқты ерлік көрсеткен жерлестеріміз де болуы мүмкін. Тек олардың атын жарыққа шығару керек.
Алапат соғыста «әттеген-ай» дейтін тұстардың бірі – Ржев дөңесін азат ету үшін болған шайқас. Кеңестік әскери тарихнамада Ржев түбінде болған «Марс» операциясы туралы нақты деректер берілмеген. Тіпті осы ұрысқа тікелей басшылық еткен маршал Г.Жуковтың өзі мемуарларында бұл шайқасқа көп тоқтала қоймайды. Бұл жерде «жақсысын асырып, жаманын жасырып» келген кеңестік саясаттың пәрменін атақты қолбасшы да жүргізгеніне қамығасың. Нақтылап айтсақ, Ржев бағытындағы 60 мыңдық неміс армиясына 1 миллион 30 мың адамдық әскерді қарсы қою, әлбетте, біріншіден, әскери дайындықтың нашарлығын көрсетсе, екіншіден, сол әскер құрамындағы адамдардың тағдырына деген немкеттілікті білдірсе керек. Әрине, Ржев қаласының Мәскеуден небәрі 200 шақырым қашықтықта орналасқандығын еске алсақ, «Марс» операциясының соншалықты маңызды болғанын түсінуге болады. Құрбан болғандардың қатарында қазақстандықтардың, соның ішінде қазақтардың үлес салмағының көптігі ойландырады. Дегенмен уақыт – бәріне төреші. Қазіргі кезде осы ұрыста шейіт болған әруақтардың аты-жөндері қайта аталып, олар туралы ақпараттар там-тұмдап берілуде.
Сталинград, Курск, Ленинград және басқа да майдандарда ерліктерімен көзге түсіп, тең жартысы шейіт болған жамбылдық жауынгерлердің есімдері толық анықталған жоқ. Біз осы бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жолға қойғанымыз абзал. Ол үшін нақты іс-шаралар белгіленіп, оның орындалуы тұрақты жұмыс тобының бақылауында болғаны жөн. Бұған мемлекет тарапынан көмек қажет.
Біз соғыста қайтыс болған боздақтарымызды іздестіруді тездетуіміз қажет. Себебі толық емес мәліметтерге қарағанда, облысымыздың тек Байзақ ауданынан (бұрынғы Свердлов) соғысқа аттанған 2924 жауынгердің 1972-сі хабар-ошарсыз кеткен. Сондықтан да ғалымдар мен өлкетанушылардың осы істі кешенді зерттеуіне мүмкіндік жасағанымыз дұрыс. Мәселен, Сталинград шайқасына, «Марс» операциясына қатысып, ерлікпен көзге түскен жауынгер бабаларымыз туралы өмірбаяндық анықтамалық шығу керек. Сондай-ақ әрбір мұражай мен ауылдық округтерде әскери «Даңқ» бұрыштарын ашып, онда ерлеріміздің өмірбаяны, орден және медаль кітапшаларының көшірмелері мен майданнан жазылған хаттары қойылса дұрыс болар еді.

Сейдехан БАҚТОРАЗОВ,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support