- Advertisement -

Темірдей тәртіп – тыныштық тірегі

215

- Advertisement -

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының базасына барғанымызда темірдей тәртіптің мықтап сақталғанына көз жеткізгендей болдық. Қақпа алдындағы күзетшілердің қырағылығының өзі осының дәлеліндей. Ішке енгенше бірнеше тексерістен өттік. Әрине әскери пунктте осылай болуы да заңдылық. Елдің, жердің тыныштығын сақтау жауапкершілігі жүктелген сақшыларымыз бәріне сақадай сай.
Әскери қызметтің қауырт тіршілігінен бір сәт уақыт тапқан подполковник Абай Өмірзақовпен де тілдесудің сәті түсті. Ол бұл салаға кездейсоқ келмеген екен. 1998 жылы Алматы қаласындағы жоғары әскери академиясында төрт жыл бойы жоғары әскери білім алыпты. 2002 жылы оқуды тәмамдаған соң Отар әскери гарнизонында лейтенант шенін алып, сол жерде қызмет жолын бастаған ол взвод командирінен мотоатқыштар командирі лауазымына дейін бірнеше сатыдан өтіпті.
Отан қорғау – абыройлы міндет. Подполковник еңбек жолындағы мінсіз атқарған қызметінің арқасында лауазымының жоғарлағанын айтады. «2007 жылдың сәуір айында тексеру болды, сол жолы менің ротам бірінші орын алды. Осыдан кейін Бауыржан Момышұлы ауылындағы әскери бөлімге батальон командирінің орынбасары штаб бастығы лауазымына жоғарылатты. Сол жылы күзде осы өңірлік қолбасшылық әскерлері штабының жауынгерлік даярлық басқармасының аға офицері лауызымына тағайындады», – дейді ол.
Сонау тәуелсіздіктің елең-алаңында, қиын-қыстау кезеңге қарамастан, әскери адам болу «престиж» еді дейді кейіпкеріміз. Балалық арманы оны адастырмағандай. Бүгінде абыроймен Отан қорғау жолында аянбай еңбек етуде.
– Бала кезімде соғыс туралы киноларды көргенді ұнататынмын. Патриоттық сезім, әскери өмірге деген қызығушылық сол кезден басталды. Бауыржан Момышұлының, Қасым Қайсенов, Рахымжан Қошқарбаев туралы кітаптарды көп оқыдым. Содан болар, мен де өз өмірімді әрі қарай әскери қызмет жолына арнасам деген бір ғана тілегім болды. Бұл сала қиындықтарға мойымайтын шыдамдылықты қажет етеді. Қазір жауынгерлік дайындықты есепке алу бөлімінің бастығымын. Бұл қызмет үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жауынгерлік дайындық дегеніміз жас сарбаз келгенде форма киіп, ант қабылдағаннан бастап өзінің әскери міндетіне кіріседі. Дене шынықтырудан бастап, психологиялық-моральдық әзірлік, автоматтың құрылысы, нысананы қалай атып тигізуге дейінгі машықтардың бәрі үйретіледі. Сөйтіп базалық тәжірибелері қалыптасады. Мектепте алғашқы әскери дайындық сабағында оқығандарын біз әрі қарай кеңірек дамыта түсеміз, – дейді подполковник Абай Тұрғанбайұлы.
Тәуелсіздіктің тірегі – мемлекеттің әскері. Отансүйгіш азамат қана ержүрек сарбаз бола алады. Жас ұрпақты отансүйгіштік сезімде тәрбиелеу – келешекке деген үлкен міндет әрі болашаққа салынған инвестиция. Өйткені мемлекеттің іргесін қалайтын жастардың ой-санасы ұшқыр болуы керек. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының командирлері осыны жадыларына мықтап түйген. Ел игілігіне деген сенімділікті патриотизм рухында өрбітуге ұмтылып, патриотизм кез келген мемлекеттің алтын діңгегі екенін естен шығарған емес.

Камила БОРАШОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support