- Advertisement -

Ауыл, көше атаулары кім көрінгенге берілмейді

195

- Advertisement -

Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуовтың төрағалық етуімен облыстық ономастикалық комиссия­ның кезекті отырысы өтті. Жиын барысында алғаш сөз алған облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды хабарлады.

«2017 жылдың 21 тамызы мен 6 қыркүйегі аралығында барлық аудандарда «Ономастика саласындағы атау берудің жолдары» тақырыбында көшпелі семинар-кеңестер өткізіліп, атау беру, қайта атау жұмыстарына жауап беретін тұлғаларға әдістемелік нұсқаулықтар таратылып, жан-жақты кеңестер ұйымдастырылды. 2016 жылы әкімшілік-аумақтық бірліктерге және нысандарға атау беру мен қайта атау туралы облыстық ономастика комиссиясында 95 ұсыныс қаралып, 71-і мақұлданса 2017 жылдың қорытындысы бойынша аталған комиссияның 3 отырысы өткізіліп, 1 ауылдық округ, 6 елді мекен, 1 саяжай, 237 көшені қайта атау туралы 245 ұсыныс оң шешімін тапты. Басқарма тарапынан жүргізілген зерделеу нәтижесі мен комиссия қорытындысы бойынша 286 ұсыныс кері қайтарылды. 2017 жылы Қазақстан Үкіметі жанындағы Республикалық ономастикалық комиссиясында 266 атау бойынша оң қорытынды қабылданса, Үкіметтің 2017 жылғы 28 сәуірдегі №236 қаулысымен 8 мектеп пен 1 кітапханаға мемлекет және қоғам, мәдениет қайраткерлері мен Халық қаһарманының есімдері берілді», – деген басқарма басшысы салада атқарылған өзге де жұмыстар туралы айтып өтті.
Облыстық тілдерді дамыту басқармасының 2018 жылға арналған жылдық жұмыс жоспарына сәйкес ағымдағы жылдың 1-2 наурыз, 14-15 наурыз аралығында Жуалы, Сарысу, Талас аудандарындағы жергілікті әкімдіктердің жанынан құрылған ономастика мәселесі жөніндегі жұмысшы топтардың жұмыстары зерделеніпті.
Сұлушаш Сәтбекқызының айтуынша, Жуалы ауданында өткен жылы ономастика мәселесі бойынша төрт отырыс жоспарланып, оның үшеуі өткізілген, хаттамалары талапқа сай толтырылып, ауылдық округ әкімдеріне орындау мақсатында жолданған. Әйтсе де екінші тоқсанға жоспарланған «Сауатты ауыл – 2017» акциясының қорытындысын қарау жоспарланғанмен, мәселе назардан тыс қалған. Шаралардың өткізілу мерзімдері нақты көрсетілмеген. Зерделеу жұмыстары барысында өзге де кемшіліктер орын алған екен. Сондай-ақ Сарысу, Талас аудандарында да бірқатар кемшіліктер көрініс берген. Мәселен, Талас ауданы әкімдігінің жанынан құрылған ономастика саласы жөніндегі жұмысшы топтың 2017 – 2018 жылдарға арналған жылдық жұмыс жоспарлары «Талас ауданы әкімдігі жанындағы әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне, физикалық-географиялық объектілерге атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жөніндегі мәселелер бойынша ұсыныс енгізу жөніндегі жұмысшы тобының жылдық жұмыс жоспары» деп бекітіліп, жұмысшы топтың отырыстарында қаралатын мәселелердің тақырыптары нақтыланбаған. Сарысу ауданы әкімдігі жанындағы ономастика жөніндегі жұмысшы топтың 2017 жылға арналған жылдық жұмыс жоспары бекітілген. Былтыр топтың 4 отырысы жоспарланып, өткізілген. Алайда басқосуларда толтырылған хаттамалар мен жылдық жоспарда көрсетілген тақырыптар сәйкес келмейді.
Жоғарыда аталған кемшіліктерді жою бойынша облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы бірнеше ұсыныс айтты. Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов олқылықтармен күресу қажеттігін еске салды.
Комиссия отырысында әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау мәселесі бойынша аудан әкімдіктерінен түскен 107 ұсыныс қаралды. Нәтижесінде Байзақ ауданынан 20 көше, Қордай ауданынан 8 көше, Меркі ауданынан 24 көше, Т.Рысқұлов ауданынан 1 ауылдық округ, 1 елді мекен, 3 көше, Талас ауданынан 10 көше, Шу ауданынан 1 елді мекен, 39 көше атауы қайта қаралып, комиссия мүшелері тарапынан қолдау тапты. Әйтсе де ономастикалық комиссия мүшелері кейбір мәні ескірген көше атауларын қазақшалау кезіндегі ұсыныстардың кейбірін кеңінен талқылап, ойларын ортаға салды.
Жиын барысында Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Марат Тәжиннің 2018 жылғы 8 қаңтардағы тапсырмасына сәйкес, Мәдениет және спорт министрлігінің 2018 жылғы 14 наурыздағы хатымен Президент Әкімшілігімен келісілген «Тарихи тұлғалар», «Дәстүрлі атаулар» және «Тарихи жер-су атауларының» тізімдері жіберіліп, нысандарға, әкімшілік-аумақтық бірліктерге, олардың құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау кезінде осы тізімдерді басшылыққа алу тапсырылғаны айтылды. Бұл тізім барлық аудандар мен Тараз қаласы әкімдіктеріне орындау үшін жіберіліпті. Тапсырма дер кезінде орындалып жатқанын ономастикалық комиссия отырысынан да аңғардық. Аудандардың көшелер атын өзгерту туралы ұсынысында Ұлытау, Мәңгілік ел, Тәуелсіздік секілді атаулардың ұшырасқаны сөзімізге дәлел. Бұл қадам өз кезегінде «көкемнің аты – көшеге, атамның аты – ауылға» деген тар түсінікті біржола жоятыны анық.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support