- Advertisement -

Тараз десе, тарих еске түседі

220

- Advertisement -

Мәдениет және спорт министрі мен облыс әкімі Ақыртас кешенін аралады

Бүгінде ел ішінде туризм саласын өркендету жұмыстары қарқынды түрде қолға алынуда. Көне Тараз – тарихи-мәдени нысандарымен мақтана алатын шежірелі өлке. Қазіргі кезде әлем елдерінің кейбірінде ішкі бюджеттік кірістің 80 пайызы туризм саласымен тығыз байланысты болып отыр. Бұл ауыр және жеңіл өнеркәсібі аса дамымаған мемлекеттер туризмді дамыту арқылы толайым табыстарға кенеліп жатқанын аңғартса керек.

Көшпелі жұртқа телінген, сақ пен ғұнның сарбаздары басып өткен Әулиеата өңірі туризмге сұранып тұр. Жамбыл жерінде көшпелі болмаса да, жергілікті туризмді өркендететін кез келіп жетті. Осы орайда еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бастаған арнайы топ Тараз қаласынан 40 шақырым шалғайда, Ақшолақ темір жол стансасынан 6 шақырым түстікте орналасқан Ақыртас кешенінде болып, облыс әкімі Асқар Мырзахметовпен бірге тарихи-мәдени нысанды аралап, журналистермен пікірлесті. Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған шарада тілшілер қауымы ықылым заманның көзіндей, тарихтың өзіндей болған кешенмен тереңірек танысты.
ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізбесіне енген Ақыртас қалашығы туралы ХІІІ ғасырда өңірімізге келген қытай саяхатшысы Чин-Чунеле: «Жол бойында тастан тұрғызылған қалаға тап болдық. Қызыл түсті тастан қаланыпты. Ежелгі әскери қоныс мекенінің белгілері байқалады», – деген екен. Орыс суретшісі Михаил Знаменский 1864 жылы Ақыртасқа арнайы атбасын бұрып, тас қабырғалардың сызбасын жасап, бірқатар суреттер салуының өзі көп жайттан хабар берсе керек. Жалпы, Ақыртас кешені туралы көптеген болжамдар айтылған. Петр Лерх Ақыртас салынып бітпеген будда ғибадатханасы десе, Василий Бартольд несториан ғибадатханасы деп ой түйген. Осылайша ғалымдар сан түрлі байлам жасаған.
Шара барысында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен облыс әкімі Асқар Мырзахметов кешен аумағын аралап көрді. Тарих ғылымдарының докторы Карл Байпақов кешеннің бай тарихы туралы әңгімеледі. Мұндағы бірнеше жүз метрге созылып жатқан су құбырымен таныстырды. Оның айтуынша, кезінде темір жол стансаларының құрылысына Ақыртас кешенінен тастар тасымалданып, құрылысқа пайдаланылған көрінеді. Ендігі маңызды мәселелердің бірі – сол қызыл алып тастарды орнына қайта қою керек. Осы орайда «ҚТЖ-Жүк тасымалы» акционерлік қоғамының президенті Оралхан Құлақов сөз алып, бұл іске қолдан келгенше көмек қолын созатындарын жеткізді. Мұнан соң журналистерге арналып, баспасөз мәслихаты өткізілді.

Жиында сөз алған Арыстанбек Мұхамедиұлы елімізде тарихи-мәдени нысандар қатары көп екенін айтып, аталмыш тарихи жәдігерлер туризм саласының негізіне айналуы тиістігін сөз етті. Сонымен қатар облыс әкімдігі, «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамымен үшжақты меморандумға қол қойып, бірлесе жұмыс істеу қажеттігіне тоқталды. Мәдениет және спорт министрі құпияға толы Ақыртас кешеніндегі жұмыстарды жандандыру маңызды екенін атап өтті.
– Ақыртас кешені Жібек жолы бойындағы ең ірі мәдени орталықтардың қатарына жатады. Қазіргі таңда кезінде Түрксіб темір жол құрылысына пайдаланылған қызыл қойтастарды қайта әкелу, археологиялық қазба жұмыстарын әрі қарай жемісті атқару өзекті болып отыр. Облыс әкімі Асқар Исабекұлы Оңтүстік Қазақстан облысын басқарған жылдары жемісті еңбек етіп, Сауран қалашығымен байланысты бірқатар жұмыстарды жүйеледі. Енді біз бірлесіп, Әулиеата өңірін әлемге әйгілесек деген ойымыз бар, – деді ол.
Бұдан соң облыс әкімі Асқар Мырзахметов сөз алды.
– Бүгін Әулиеата жерінде туризм саласын дамыту жөнінде тарихи басқосу болып отыр. Осы бағытта өңірімізде ілкімді жұмыстар атқарылуда. Мәселен, таяуда ғана дербес туризм басқармасы құрылды. Ақыртас кешенін кезінде ғалымдар Колизейге теңестірген. Әлемдік деңгейдегі талай алып тарихи кешендерден кем түспейтінін дәлелмен айтып кеткен. Сондықтан өңірдегі туризм саласын дамытуда Ақыртас кешенінің атқарар рөлі зор. Бұдан да өзге нақты тірліктерді қолға алуды жоспарлап жатқан жайымыз бар. Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе жұмыс жүргізуге әзірміз, – деген аймақ басшысы жиналғандарға ризашылығын жеткізді.
Басқосу барысында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, облыс әкімі Асқар Мырзахметов, «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамының президенті Оралхан Құлақов өңір туризмін дамыту бойынша үшжақты меморандумға қол қойды. Облыс басшысы туризм саласын өркендету мақсатында нақты жоспарлар бар екенін әңгімеге арқау етіп, бірлесе жұмыс істеуге әзір екенін жеткізді.
– Тараз десе, тарих еске түседі. Сондықтан бұл бағытта атқаратын шаруа көп. Туризмді дамыту үшін тек тарихи нысандармен тоқталып қалмай, демалыс орындарын салуды жоспарлаудамыз. Жуалы ауданында шаңғы спортына арналған алаңша ашылды, – деді аймақ басшысы өз ойымен бөлісіп.
Ғалымдар Ирак пен Сириядағы орта ғасырлық құрылыстармен ұқсастығын аңғарған Ақыртастың қойнауында талай құпия сыр жатыр. Тіпті кейбірі «Ақыртас VIII ғасырдың екінші жартысында, яғни 751 жылы қарлұқтар мен араб әскерлері Атлах маңында қытай әскерлерін талқандап, екі мемлекет арасында бейбіт қатынас орныққан кезде салынған. Алайда құрылысы белгісіз себептермен тоқтап қалған. Ұлы Жібек жолында орналасқан Касрибас қаласы Ақыртас болуы мүмкін» деген деректерді де алға тартады. Түйіп айтқанда, ғаламат сырларды қойнауына бүккен Ақыртас кешенінде атқарылар шаруа көп. Археологиялық қазба жұмыстары жүрген сайын бізге беймәлім деректер табыла беретін сыңайлы. Ендеше, өңір туризмінің төлқұжатына айналуға үміткер кешенде жұмыс қарқын алуы керек-ақ.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Суретті түсірген
Ақәділ Рысмахан

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support