- Advertisement -

Колхоздың жарғысы Қараманның тапсырмасы мен айтқан сөзі деп бағаланатын

338

- Advertisement -

Жаңаарық ауылдық округінің ардагерлері бұл жылдың үлкен жауапкер­ші­лікке толы екенін жақсы түсінеміз. Тәуелсіз мемлекетіміздің саяси өркендеу дәуіріне үн қоса отырып, биыл аталып өткелі отырған Сарысу ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай, ата-бабаларымыздың жүрген жолы болашақ жас ұрпақтардың есінде жүрсін деген оймен қолыма қалам алдым.

90 жыл – бұл тарих, бір ғасырдың іргесі. Сонау 1928 жылдың аумалы-төкпелі, маңдайдан тер мен қаны қатар төгілген шақта ауданның бой көтеруіне арқадағы Сарысу өзенінің бойын мекен еткен бес болыс тұрғындары осы аудан шаңырағын бірлесе көтерген болатын.
Осы кезеңде аудан халқы небір сүргінді, соқпағы ауыр жылдарды көрді. Бүкіл қазақ халқының басынан өткен қиындықтарды осы ауданның тарихынан да табуға болады.
1928 жылдың қатаң қиыншылығы – Жағалбайлы, Әліп және Жөгі руларының маңдай алды 7-8 атақты байларының малы тәркіленіп, өздері әр қиырға айдалып кеткен кез. 1929-1930 жылдары тәркілеуден қалған шаруаларды «кулак» деп атаған. Солардың бірі – руы Шақа (Жанкісі), қобызшы Ықылас Дүкенұлының ағайын-туысы Қасым еді. 1931-1932 жылдары ашаршылық салдарынан ауған 7 мың түтіннің Саудакент өңіріне 2 мыңнан сәл артығы ғана жетті.
Жаңаарқадан Шу бойына малын қыстату үшін келген жұртты қоныстандырамыз деп «қызылдар» Әулиеата жаққа бұрады. Малынан айырылған, киіз үйлері жұртта қалған, қаруы бар «қызылдардан» қорыққан жұрт жаяу-жалпы құм асып, аш-жалаңаш Мойынқұмның жалымен Талас өзенінің бойына қарай шұбыра жөнеледі. Жасы жеткен қарттары мен аурушаңдары жал ішінде жүруге шамалары жетпей ажал құшқан. Әлділеулері құм ішіндегі «жаужұмыр» өсімдіктерін жеп, ауруға ұшыраған. Тоғызкент, Үшарал, Досбол, Көкдала жерлеріне ілігіп, жан сақтаған. Талас өзенінен өте алмай бөгеліп қалғандары да болған.
Аман-сау өткендердің алды 1934 жылы, арты 1939 жылдары көсегенің көк Жонындағы Шилі, Үшбас, Қаратас, Төртсары, Ақши, Құрттыбұлақ, Білтебай, Бүркітті, Ақтоғай, Талдыбұлақ, Бұзаушоқы, Аюсоққан жерлеріне ілігіп, адамсыз қалған, бұзылған кепелерді қыстау етіп, жабайы жуа, сарымсақ, жабайы алма, долана жеп, балық, аң-құс аулап жан сақтап тіршілік ете бастайды.
Үшбас өзенінің басына Көркею, Төртсары сайының бойына «Ынтымақ», «Жаңаарық», «Мирзоян» колхоздары біріге бастады. Оларды «төртінші» ауыл деп бір ауылдық кеңеске біріктіріп, атын «Жон» ауылдық кеңесі деп атаған. Әрбір қолхоз өз жанұяларының қолында қалған отбасы мүшелері мен бірлі-жарым малдарын кооперацияға біріктіріп, қор жинай бастайды. «Ынтымақ» колхозында 1939 жылы 37 жанұя болған. 1908 жылы дүниеге келген Қараман Қасымұлы колхоздың ұйымдасуына сыртта жүрген ағайындарын елге шақырып, бірге еңбек етуге үндейді. Енді ес жия бастаған кезде Ұлы Отан соғысы басталды. Ер адамдар соғысқа аттанғанда ол ағайындарымен бірге колхозда еңбек етті.
1942 жылдың жаз айы басталысымен Қараман Қасымұлы майданға аттанып, 316 атқыштар панфиловшылар дивизиясының құрамында болып, бірнеше рет жарақаттанады. Елге 1944 жылы оралған. Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» ордені және бірнеше медальдармен марапатталған.
Ұлы Жеңістен кейін «Ынтымақ» колхозында басқарма бастығы болып мал мен егін шаруашылығын қалпына келтіру жолында зор жауапкершілікпен еңбек атқарды. «Ынтымақ» колхозын жұрт «Қараман» колхозы деп атайтын.
Колхоздың басқарма бастығы қызметінде колхозшыларға нақты жұмыс атқаруына талап қоя білген. «Колхоздың жарғысы – Қараманның тапсырмасы мен айтқан сөзі» деп бағаланатын. Ауданның жетістіктеріне қосқан үлесі және колхоздың жоғары көрсеткіші үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Осы колхоз төрағалығын 15 жыл атқарып, совхоздар ұйымдасқан кезге дейін еңбек етті. 1960 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін жылқышы болып шаруашылықтың одан әрі өркендеуіне үлес қосты.
Өмірінің соңына дейін еліне, халқына қамқоршы болып, кембағал, жағдайы төмен отбасыларына, жетімдерге жәрдем беріп, оларды адамгершілікке, өнегеге тәрбиелей білді. Қарекеңнің қамқорлығымен көптеген азаматтар жетімдік көрмей өніп-өсіп, жеке-дара тұлға, үлкен отбасылық ақ ордаға айналды. Бірқатарларын жоғары, арнаулы орта білім ордаларына оқуға қабылдатып, қаржылай көмек беріп, мамандық алдырып шықты.
Олардың қатарында Байман Отыншыұлы, Жанкүл Өлкеқызы, Байыс Өлкеұлы, Жуас Балабеков, Асаубай Майлыбаев, Байқадам Әбенұлы, Әлімет Расулұлы болды. Бұл азаматтар бертін келе ауданның дамуына өз үлестерін қосты.
Қарекең сол кездегі колхозды ілгері бастырудағы сіңірген еңбегі болар және зиялы ағалары мен ағайын-туыстарының ізгі тілеулері болар, отбасына деген игілікті бата-тілектері орындалды. Артында қалған 10 ұл-қызының ұрпақтары қазіргі таңда үлгілі отбасы болып отыр.

Жұмашбек ӘДІЛБЕКОВ,
Сарысу ауданының Құрметті
азаматы, ардагер ұстаз

Ұ.Сыздықбайұлы ауылы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support