- Advertisement -

Әуелі өзіңнен баста!

202

- Advertisement -

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында еліміз мықты әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы алдымызға нақты міндеттер қойғаны белгілі. Онда, әсіресе, жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодымызды сақтай білу екені баса айтылады.

Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. …Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизмі деген осы. Бұл – заманауи әлемдегі бірден-бір табысты үлгі. Ұлт немесе жеке адам нақты бір межеге бет түзеп, соған мақсатты түрде ұмтылмаса, ертең іске аспақ түгілі, елді құрдымға бастайтын популистік идеологиялар пайда болады» деп те ескертті. Бұл Елбасының мұның алдындағы Жолдауларының бірінде айтқан «Билік, бизнес қауымдастықтары, академиялық және қолданбалы ғылымдар, үкіметтік емес ұйымдар буындарының, БАҚ-тың, сонан соң әлбетте ел азаматтарының іс-қимылын дәлме-дәлдікте үйлестіру және жұмыстарды заманауи ұйымдастыру біздің табысқа жетуімізді қамтамасыз етеді» деген сөзінің де заңды жалғасындай көрінеді.
Осыған орай ой бөлісуді жөн көрдім. Шынында да, біз бүгін қандай қоғамда өмір сүріп, қандай сапалық деңгейден көрініп отырмыз? Бұл үлкеннің де, кішінің де күндіз-түні жанына тыным бермей, ұдайы мазалайтыны анық. Барынша бәсекеге қабілетті дамушы 30 елдің қатарына ену қарсаңында бұлай ойлау әбден орынды. Бұл тұрғыда кім-кімнің де өз еңбегімен, қабілетімен жас мемлекетіміздің босағасын бекітіп, шаңырағын биіктетуге үлес қоса алуы тиіс. Бірақ бұл қазіргі қоғамымызда басым әлеуетке ие болып отырған буржуазияның ұлтқа бүйрегі бұруымен де байланысты. Өкінішке қарай, буржуазиялық мораль ең алдымен адамдар бойындағы рухани белсенділікке өш. Сонда адамда тек берген тапсырмаңды тап-тұйнақтай етіп орындауды ғана білетін тілсіз құл-темірден артық қандай қадір-қасиет қалады? Қоғамдық ақыл-ойда мұндай индивидиумның күшейе түсуі қаншама қабілет иесін жерге қаратып, аздырып-тоздыруы ықтимал екенін ойлаудың өзі ауыр.
Қалай болғанда да әркімді қабілетіне, еңбегіне қарай бағалау, тың идеялар мен бастамаларға заматында қолдау көрсету қоғамның ең басты кредосы болуға тиіс. «Жанам» деген жүректерге от бере білсек, қысқасы, Қазақстанның дамушы 30 елдің қатарына қосылуына титтей де болса септігі тиер-ау деген бастаманың қай-қайсысын жерге тастамай іліп алып кетіп жатсақ, қанеки…Ел ішінен осындай жылт еткен жақсылықтарды көріп біліп, куәсі болып қуанатынымыз бар. Алайда кәсіби білікті мамандарға, шынайы таланттарға дәйім қолдау болып жатқан жоқ.
Көп жай, әсіресе осы қоғамның қозғаушы күші дерлік кадр мәселесіне де келіп тіреліп жататыны белгілі. Мысалы, қоғамда лауазымды орындарға билік ету тізгіні қолына тиген әкімқаралар «командасымен» келетін үрдіс бар. Былайғы жұртпен санасып та жатпайды олар. Белгілі бір мерзім аралығында қарамағындағыларды «ашса – алақанында, жұмса – жұмырығында» ұстап, білгенін істейтін мұндай «командалардың» шөп басын да сындырмай, құр келіп-кетіп жатқандары да жоқ емес. Келесі кезектегі «командалар» олардың күл-қоқыстарын сыпырып қана күнелтіп, мұндай «сценарийлердің» аяғы, әлбетте, «іс бітті-қу кеттімен» түйінделіп жатады.
Бүгінде елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес күшейтілуде. Бұған мысалды қоғамдық өмірімізден де көптеп келтіруге болады. Жазғытұрым сел қаптап, бұршақ ұрып жарамсызданған егіс алқаптарына келген шығын заматында есептеліп, қыруар қаржы бөлініп орны толтырылып та жатады. Ал қоғамымыз әлгіндей «құлқынның қамын күйттегендерден» қаншалықты зардап шекті, қоғамдық сана қаншалықты уланды – мұны пайымымызға ілсек, қанеки! Ал кейбір жоғары оқу орындарындағы білім сапасын біз «өте төмен» десек, мұғалімдер қауымы өре түрегелісіп, «бізде бәрі де жақсы» десіп, өздерін-өздері (ел мүддесін, тәуелсіз Қазақстанның жоғары сапалық деңгейден көрінуі мүддесін емес) қызғыштай қорып, студенттердің сынақ кітапшаларына бағаны сабаққа жүйелі қатыспай-ақ, ақысын жақсылап төлесе болды – қойып бере салатындығын көрінеу жасыратыны… бізді қай ұшпаққа жеткізер екен! Әне, солай білім беру жүйелерінің барлығының бірдей бас-басына бақауыл қоя алмайтын «әлсіздігіміз» «күріш арқасында күрмектің су ішуіне» әбден жарап тұр!
Әлбетте, кадр көп мәселені шешеді. Кейінгі кезде кейбір мекеме басшыларының нақты өз орнында отырғандығына күмәнмен қарайтын болдық. Өйткені олардың өз тарапына айтылған ауыр сын-ескертпелерді «қабылдауы» да қызық бір сипат ала бастады. Жуырда бір мекеме басшысы тәртіптік кеңестің «тезіне» түсіп тұрып та тікелей өзінің кінәсінен жіберілген өрескел кемшілікті дәл тауып, көрсеткен тексерушілерге қайта-қайта бас шұлғып, «алғыс» айтумен болды. Сол кемшілікті өзі көріп түзесе қайда қалыпты? Оның мұнысы мәдениеттілігі ме, жоқ, әлде жағымпаздықтың жаңа бір түрі ме – оны енді өзіңіз саралап, салмақтай беріңіз. Әлдебіреулер қашан келіп қоябасын ақтара тексеріп кетуін күтіп, қолын қусырып отыратын басшылардан арылар кез әлдеқашан жетті. Бірақ мәселе басқада – «командаларды», әлгіндей кадрды билік иесінің жеке өзі іріктеуінде жатыр ғой!
Өкінішке қарай, кей басшы халқымыздың хас батыры Б. Момышұлы айтқандай, әлі де «… жағымпаздармен ақылдасқыш келеді, соның айтуымен кадр таңдайды, бұл – үлкен кемшілік. Содан қолынан нағыз іс келетін адамдар тасада көрінбей қалып қояды. Жағымпазға сенген басшы кімнің қандай нәрсеге қабілеті барын біле бермейді. Басшы екені рас, бірақ таразының бір ғана басын тартады… Адамның басындағы ең ауыр қиыншылық – өзің қызметке алған кісіңнен өзің құтыла алмауың. Аларыңды алдың, содан қалай құтыларыңды білмейсің. «Мені мынадан құтқар», – деп ешкімге айта алмайсың. Айтсаң: «Е, өзің алып едің ғой, менің айтар ақылым жоқ», – деп тастар. «Аларыңды алдың, бір пәлеге қалдың» деген – осы» («Ұмытылмас кездесулер», Алматы, «Жазушы» баспасы).
Қысқасы, «отыздық межеден» көріну міндеті кадр таңдауда болсын басшының күндіз де, түнде де ісі мен сөзінде темірқазықтай тура жол сілтеп тұрса дейсің. Бойымыздағы барлық күш-жігерімізді, ізденістерімізді, ой-ниетімізді үлкеніміз, кішіміз де тек осы іске жұмылдыра білсек қой, шіркін!

Баймаханбет АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support