- Advertisement -

Тұралаған кәсіпорындардың «тағдырына» кім жауапты?

134

- Advertisement -

Кеше облыстық әкімдікте аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өнім өңдеуші кәсіпорындар мәселесі жөніндегі кеңес отырысы өтті. Онда облыс аумағында жұмысын тоқтатып тұрған өндірістік және өнеркәсіптік кәсіпорындардың мүмкіндігін пайдалану, олардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдау мәселелері талқыланды. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке, облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандәулет Кенжебеков, облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербек және аймақтағы өндіріс ошақтарының өкілдері, кәсіпкерлер қатысты.

Біршама уақыт бұрын аймақ басшысының қатысуымен өткен жиындарда өңірде жаңа өндіріс орындарын ашумен қатар, тұралаған кәсіпорындарды қалыпқа келтіру жұмыстарына да басымдық беру жайы сөз болған еді. Осыған орай, облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы арнайы Жол картасын жасап, жұмыстар реті жоспарланған болатын. Кешегі жиында облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербек аталған картаның толықтырылған нұсқасын таныстырды. Бұл құжатқа облыстағы барлық өнеркәсіп ошақтары туралы ақпарат пен олардың қазіргі таңдағы нақты ахуалы туралы мәліметтер енгізілген екен.
Жол картасында көрсетілген деректерге сүйенсек, қазіргі таңда аймағымызда 1 351 өндіріс орны тіркелген. Кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған жұмыс тобы аталған нысандарды түгел дерлік аралап шыққан. Нәтижесінде, оның 723-і жұмысын тоқтатқаны белгілі болыпты. Жұмыс тобы оның 81-ін жойып, қызметін мүлде тоқтатқан. Ал 623 өндіріс орны көрсетілген мекен-жайы бойынша жоқ болып шыққан. Тіпті, олар туралы мәлімет-деректер де қалмаған.
Осылайша, толыққанды тексеріс жүргізген палата қызметкерлері 723 кәсіпорынның тек 11-ін жұмысын қайта жандандыруға мүмкіндігі бар деп тапқан. Дегенмен бұл тұрғыда да бірқатар мәселелер анықталған.
– Аталған 11 кәсіпорын шығынды өндірістер болып саналады. Қазіргі таңда олардың жұмыс жүктемесі нөл пайызды құрап отыр. Олардағы басты мәселе – жабдықтарының тозуы мен айналымға салатын қаражаттың жеткіліксіздігі. Қондырғылардың ескіретініндей бар. Өйткені олардың басым бөлігі өткен ғасырдың 70-80-жылдары шығарылған. Сол себепті оларды бастапқы профилі бойынша іске қосу – шығыны көп әрі болашағы жоқ жұмыс деп білеміз. Егер оларды қайта іске қосуға мемлекет қаражатын салар болсақ, бұл кәсіпорындардың өңір экономикасына әкелер пайдасы өте аз болады, – деді облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры.
Жол картасын таныстыру барысында Мәріпбек Шәкербекұлы жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға жасаған бағдарлау жұмыстарының қорытындысымен де таныстырды. Оған сәйкес, бүгінгі күні облыс аумағында 628 өндіріс ошағы қызмет етуде. Жұмыс тобының тексеруі нәтижесінде оның 445-іне мемлекет қолдауы қажет емес деп танылса, қалған 32-сіне қолдау көрсетіп, жұмысын жаңа деңгейге шығаруға болатыны анықталған. Бұл нысандардың басым бөлігі азық-түлік өнімдерін шығарады. Ал қалғаны құрылыс, дайын метал өнімдерін шығару, жеңіл, фармацевтикалық өнеркәсіп, машина құрастыру, тау-кен өңдеу, құрылыс материалдарын шығару сынды салаларға маманданған.
– Осы ретте олардың жұмыс жүктемесі 70 пен 100 пайыз аралығындағы 21-і қаржылай емес қолдауды қажет ететінін айтып өту керек. Бүгінде олардың тауарын өткеретін нарықтың болмауы, тарифтердің жоғарылығы, логистика мәселесі, кадр тапшылығы, әкімшілік кедергілер мен бәсекелестіктің жоғарылығы тыныстарын тарылтып отыр. Осы мәселелер шешімін тапса, бұл кәсіпорындар облыс экономикасына сүбелі үлес қоспақ, – деді Мәріпбек Шәкербек.
Ал қалған 11 кәсіпорынға қаржылай қолдау қажет екен. Атап айтқанда, оларға айналымға салатын қаражат беріп, инфрақұрылымын жүргізсе, олар да толық қуатында жұмыс істеуге әзір. Бұл бағытта жалпы сомасы 13,2 миллиард теңге қажет болып тұр екен.
Кәсіпкерлер палатасы директорының сөзін мұқият тыңдаған аймақ басшысы Асқар Мырзахметов палата тарапынан қыруар жұмыс жасалғанын айтып, аталған мәселелерді шешуге күш салынатынын жеткізді.
Сондай-ақ Асқар Исабекұлы күн тәртібіне көтерілген мәселелерге қатысты ескере кететін бірқатар жайттарды да атап өтті. Мәселен, облыс әкімі қаржылай қолдау көрсетпес бұрын өндіріс ошағының мемлекет қаржысын қайтара алатынына, қазынаға салық төлемдерін жасау мүмкіндігі бар-жоғын анықтауды тапсырған. Сонымен қатар мәселелері бар кәсіпорындардың проблемалық картасын жасап, солармен жекелей тілдесу арқылы жұмыс жүргізуді қолға алуды шегеледі.
– Қолдауды қажет етпейді деп танылған 445 кәсіпорынға қайта талдау жасау қажет. Өйткені олардың ішінде үлкен проблемасы болмаса да кішігірім сауал-сұрақтары барлары болуы мүмкін. Сондықтан осы жұмысты да қолға алу керек. Алдағы уақытта қазіргі түзілген Жол картасы бойынша жұмыс жүргізуді бастаймыз. Дегенмен бұл осымен карта толық жасақталды деген сөз емес. Жұмыс барысында ондағы кәсіпорындар қатарын толықтырып, олардың мәселелерін де назарға алатын боламыз, – деді А.Мырзахметов.
Жиын барысында, бұдан бөлек, бірқатар кәсіпорын өкілдері өз мәселелерін жеткізді. Аймақ басшысы олардың да назарға алынып, шешімін табу бойынша жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді.

Мұратхан ӘЛІМХАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support