- Advertisement -

Жүрегі нәзік, жұдырығы жойқын қыз

224

- Advertisement -

Ол – қазақ арулары арасынан шыққан тұңғыш кәсіпқой боксшы. Жастайынан шаршы алаңда тер төгіп, әбден ысылған Фируза әуесқой бокста бірнеше мәрте ел біріншілігінде жүлдегер атанып, Азия чемпионатынан да медальмен қайтқан. Ерекше техникасымен, шаршы алаңда қарсыласының осал тұсын дәл таба білуімен ерекшеленген Фирузаның таланты кәсіпқой бокс әлемінің мамандарын бейжай қалдырмағаны анық. Кәсіпқой бокста қазақстандық арулардың да алар үлесі бар екенін Фируза айқын дәлелдеді.

Шыны керек, Фирузаның кәсіпқой боксшы ретіндегі мансабы сәтті басталған жоқ. 2016 жылдың мамыр айында алғашқы жекпе-жегін өткізді. Кіммен дейсіз ғой. Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері, екі дүркін әлем чемпионы ресейлік София Очигаваға қарсы шаршы алаңға шыққанынан-ақ секем алып қалғанбыз. Дәл қазіргідей әйелдер арасындағы кәсіпқой бокста ресейлік менеджерлердің, мамандардың айтқаны ақ боп тұрған шақта Ресей асуы қалай болар екен деген күдік көкейде тұрды. Рейтингілік жекпе-жекте қарсыласын әдемі соққылармен күтіп алып, оның шабуылдарынан дер кезінде жалтарып кеткен қазақстандық боксшының басым түскені талас тудырмаған-ды. Алайда төрешілер атақты Очигаваның қолын көтерді.

Әрқашан тәуекелге бел буып жүретін Фируза Шарипованың жұдырықтасу өнеріне таңдай қаққан ресейлік промоутерлік компания 2 жылдық келісімшарт ұсынды. Әйгілі менеджер Сергей Завилейскиймен қоян-қолтық жұмыс істеуді мақұл көрген Фируза Шарипова қалған шайқастарының барлығында жеңіс туын желбіретті. Ағымдағы жылдың тамыз айында «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында шаршы алаңға шыққан жамбылдық жампоз болгар қызы Милена Колевадан айласын асырып, қазақ қыздары арасынан алғаш болып кәсіпқой бокста әлем чемпионы атанды. Ол аталмыш жекпе-жекте WIBA және WBU тұжырымдарының белбеуін иеленді. Елорда төрінде чемпиондық атаққа қол жеткізген жұдырығы жойқын қыздың жүрегі нәзік екенін көз көрді. Көз жасына ерік берген Фируза жанкүйерлер сенімін ақтайтынына сендірді.
Фируза Таразға келгенде оның менеджері Сергей Завилейскиймен аз-кем тілдескенбіз. Сонда ол Фирузаны бизнес жобаға айналдырғысы келетінін айтып қалған.
– Қарап отырсаңыз, АҚШ-та аралас жекпе-жекте Ронда Роузи табысты спортшы саналды. Әйелдер шайқасын басты жекпе-жекке қою да үрдіске айналып келеді. Мен Фирузадан бірнеше жылдан кейін Мейвезер, Макгрегор секілді табысты спортшы жасағым келеді. Сол бағытта тер төгуге әзірміз.
Фируза міндетті түрде Қазақстанда да, АҚШ-та да жұдырықтасатын болады. Алдағы уақытта біз Лос-Анджелеске аттанамыз. Біз ол жаққа чемпион ретінде барғымыз келді. Мысалы жарты жыл бұрын Фирузамен келісімшартқа отыруға белгілі промоушндер 1 миллион доллар ұсынса, қазір 5 миллион доллар ұсынуда. Алдағы уақытта 15-20 миллион доллар ұсынатын болады. Жақында Фирузаның өз промоушны ашылды. Енді ол кәсіби мансабынан бөлек, жас боксшыларды тәрбиелейтін болады. Біз Фирузадан танымал боксшы жасай алдық. Енді бизнес-империя құрамыз, – деді белгілі менеджер бізбен әңгіме барысында.
Жамбыл жеріне әлем чемпионы атанып оралған Фирузаны облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қабылдап, екі бөлмелі пәтер кілтін тапсырған болатын. Сол кезде жерлесіміз өңір басшысына алғысын айтып, алар асуы алда екеніне сендірген еді. Жыл жабылар тұста Фирузаны қазақстандықтар «Халық таңдауы» байқауында «Жыл спортшысы» деп таныпты. Қазақ әйелдерінің кәсіпқой бокстағы тұңғышын біз де жыл үздігі деп бағалағанды жөн көрдік.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support