- Advertisement -

Кемелдену кезеңі

272

- Advertisement -

2017 жыл еліміз үшін елеулі кезең болып тарихта қалары анық. Себебі, дәл осы жылы дамудың екі кезеңінен табысты өткен Қазақстан Үшінші жаңғыруға қадам басты. Конституциялық реформаларды сәтті жүзеге асырды. Сарыарқаның төріне төрткүл дүниенің назарын аударып, Елордада ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесін абыроймен өткізді.
Жаңғырудың жаңа кезеңі өз кезегінде барлық құндылықтарға жаңаша көзқараста қарауды талап еткені белгілі. Экономикалық дамудың жаңа моделін жасау үшін де еліміз алдымен рухани жаңғыруы қажет еді. Мемлекетті дамытудың тың идеялары да – рухани толысу мен рухани серпілістен, прагматикалық көзқарастан туындайтыны айқын. Осы тұрғыдан алғанда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы қазақстандық қоғам үшін нағыз іздегенге-сұраған еді. Мақаладағы «Бәсекелік қабілет», «Прагматизм», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Білімнің салтанат құруы», «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы», «Сананың ашықтығы» деп аталатын негізгі 6 бөлімге көз жүгіртіп көріңізші, қоғамдық сананы жаңғыртудың жолы – осы. Ал қазақ тілін латын әліпбиіне ауыстыру туралы бастама, «100 жаңа оқулық», «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «ЖаҺандағы заманауи Қазақстандық мәдениет», «100 жаңа есім» жобалары – өткенімізді таразылап, болашаққа бағдар түзейтін бірегей бағдарламалар десек, қателеспейміз.

Облыста қоғамдық сананы жаңғырту, Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласын іске асыру және ілгерілету бойынша жүйелі жұмыстар қолға алынған. Атап айтсақ, өңірімізде рухани жаңғыру бағдарламасы аясында 6500-ден астам түрлі форматта іс-шаралар өткізіліп, оған 800 мыңға жуық адам тартылды. 4 кіші бағдарлама – «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Атамекен», «Ақпарат толқыны» бойынша қолға алынған жобалар мен іс-шараларға 1 094 768 мың теңге жұмсалды. Оның 197 751,1 мың теңгесі жергілікті бюджеттен болса, 897 016,0 мың теңгесі меценаттардың демеушілігі арқылы жиналған.
Рухани жаңғыру кезеңіндегі облысымызда орын алған елеулі оқиғаның бірі – «Достық» үйіндегі бағдарламаның негізгі 4 бағытын жүзеге асыру мақсатында ашылған өңірлік жобалық офистің интерактивті алаңдардың ашылуы. Алаңдар заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, онда электронды форматта интерактивті табло және интерактивті киоскілер жұмыс істейді. Мысалы, «Тәрбие және білім» интерактивті алаңында электронды табло арқылы өңірде жүзеге асырылатын жобалар туралы ақпараттар орналастырылған және еліміздегі әрбір азамат оқуға тиісті 100 оқулықтың электронды түрде оқуға, аудиожазбаларын тыңдауға мүмкіндік бар.
Сондай-ақ латын әліпбиін оқып, үйренуге, дәрістер оқуға арналған мониторлар, одан бөлек, тұрғындардың компьютерлік сауаттылығын арттыру және офис қызметкерлері жұмыс істеуі үшін арнайы моноблоктар қойылған. «Рухани қазына» интерактивті алаңында бағдарлама аясында іске асырылған жобалар және жоспардағы жобалар, өңірдің киелі жерлері, Қазақстандық заманауи мәдениет, өңір табиғаты бағыттарында жүзеге асырылатын жобалар туралы ақпараттарды таба аласыз. Ал «Атамекеннен» – әлеуметтік бағдарламалар, үкіметтік емес ұйымдар, меценаттардың форумы, еріктілердің атқарып жатқан жұмыстары, интерактивті платформа, «Жомарт жүрек», «Асыл жандар» жобаларымен танысуға болады.
«Ақпарат толқыны» интерактивті алаңы кіші бағдарламаларды ақпараттық сүйемелдеуге бағытталған. Алаңшада деректі фильмдер мен видеороликтер көрсетіліп, вебинарлар, семинарлар, онлайн-конференциялар өткізуге болады. Онда жобалық офис менеджерлері үшін «Co-working» орталығы жұмыс істейтінін айту ләзім. Журналистер мен басқа азаматтарға да осында келіп, жұмыс жасауға мүмкіндік қарастырылған. Бір айта кететіні, барлық алаңдар интерактивті жүйеге құрылған. Яғни рухани жаңғырудың басым бағыттарын жүзеге асыруда цифрлық құрылғылардың мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылуда. Бұл – «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында көзделген міндеттердің іс жүзіндегі көрінісі.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрініс тапқан жобалардың бірі – «Қазақстанның 100 жаңа есімі». Бұл жобаның барша қазақстандықтардың патриоттық рухын оятып, еңбек өнімділігін арттыруға септігін тигізгенін айта кетуіміз керек. Еткен еңбектің ескерусіз қалмауы, Қазақстанның қазіргі даму жолы ертеңгі тарихымызда қатталуы – заңдылық, әрине. Жоба бойынша үздік деп танылған 102 жаңа есімнің елге дәріптеліп, тарихқа енуі – соның айғағы. Біздің облысымыздан аталған жобаға 12 адам ұсынылып, оның 8-і осы тізімге енді. Бұл – үлкен жетістік.
Үздік жүздіктің қатарына енгендер үшін облыста арнайы алаң ашылып, 7 желтоқсан күні облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жоба жеңімпаздарымен кездесу өткізіп, өңірлік жобалық офистің таныстырылымы ұйымдастырылды.
Бағдарламаны түсіндіру жұмысында ақпараттық топ пен мобильді топтың да әлеуеті пайдаланылуда. Олар бүгінге дейін 500-ге жуық кездесу өткізіп, оған 257 мың адам тартылды. Тарқатып айтсақ, облыс өңірінде бір мезгілде «Бір сәби – бір ағаш» атты акциясы ұйымдастырылды. Шара барысында облыс аумағында барлығы мыңнан астам ағаш көшеттері отырғызылды. Аталған акция алдағы уақытта да тұрақты ұйымдастырылатын болады.
Облыс жұртшылығының қызығушылығын тудырған тағы бір шара аудандар мен Тараз қаласында бір мезгілде өткен «Туған жерге туыңды тік!» атты ауқымды акциясы болды. Туған өлкені көркейтуге, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға негізделген акция аясында 2,0 миллиард теңге көлемінде қаржы тартылғанын да айта кету керек. Жалпы, 80-нен астам меценаттың көмегімен өңірде 50-ге жуық жаңа нысан ел игілігіне пайдаланылуға берілмек.
Бағдарламалық мақала аясында барлық ауданды қамтыған «Рухыңды ұлықта» атты акциясы, Тараз қаласында «Ancient Taraz» халықаралық туристік форумы өткізілді. Форумға Еуропа, Қытай, Ресей, Орталық Азия елдерінің халықаралық сарапшылары, Мәдениет және спорт министрлігі, облыс әкімдіктерінің басқармалары, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, қазақстандық және халықаралық туристік ассоциациялар, туристік және қонақ үй нарығының өкілдері қатысты. Одан бөлек, облыста Мемлекет Басшысының «Қазақ тілін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығын қолдау бойынша қоғамдық-саяси іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Рухани жаңғыру бағдарламасының басым бағыттарын жүзеге асыру жұмысына азаматтық қоғам институттары да белсенді тартылуда. Мәселен, бағдарламаның «Әлеуметтік бастамалар картасы» негізгі кіші жобасын іске асыру бойынша ағымдағы жылы этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынасты, еңбек саласындағы өзекті әлеуметтік мәселелерді зерттеуге, азаматтық бастамаларды, жергілікті өзін-өзі басқаруды, азаматтық бақылауды дамытуға, тұрғындарға тегін консультациялық көмек көрсетуге 25 әлеуметтік жоба арналған. Аталған жобалар барысында 1200 адам қамтылған 32 іс-шара іске асырылды, 30-ға жуық азаматқа тегін консультациялық қызмет көрсетілді. Сондай-ақ облыстағы саяси партия өкілдері де бағдарламаның сәтті жүзеге асуына белсенді қатысуда. Атап айтқанда, есепті мерзімде «Нұр Отан» саяси партиясының облыстық филиалы 45 іс-шара, Қазақстанның коммунистік халықтық партиясы 2 іс-шара, «Ақ жол» партиясының облыстық филиалы 4 іс-шара ұйымдастырды. Жалпы, саяси партиялар тарапынан түрлі форматтағы 400-ден аса шара өткізіліп, оған 270 мыңнан астам адам қатысты.
Бағдарлама шеңберінде «Қазақстанның киелі орындарының географиясы» жобасы қолға алынып, Ұлттық музейі жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасының 100 нысанының тізімін жасақтағанын айту ләзім. Аталған тізімге облысымыздан 8 нысан енгізілді. Олар: Мерке-Жайсан түркі ғұрыптық кешені, Ақыртас бекінісі (VIII-IX ғғ.), «Ежелгі Тараз қалашығы» (І-ХІХ ғғ.), «Тектұрмас» кешені (ХІV ғ.), «Қарахан» кесенесі (ХІІ ғ.), «Айша бибі» кесенесі (ХІ-ХІІ ғғ.), «Бабажы Хатун» кесенесі (ХІ-ХІІ ғғ.), «Байзақ батыр Мәмбетұлы» кесенесі.
Бұл – рухани жаңғыру бағдарламасын іске асыру үшін атқарылып жатқан жоспарлы жұмыстардың ең ауқымдылары ғана. Жалпы, бағдарламаны жүзеге асыру үш кезеңді қамтиды. Бірінші кезең – 2017-2020, екінші кезең – 2021-2025, үшінші кезең – 2026-2030 жылдарды қамтиды. Осыдан-ақ, біздің алдымызда қыруар міндеттердің тұрғанын байқауға болады.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын сарапшылар бүгінгі жаһандану дәуіріндегі орын алуы мүмкін түрлі сын-қатерлерге қарсы қабылданған маңызды жоспар деп бағалауда. Иә, әрбір мемлекет өзінің ұлттық құндылықтарын сақтаудың, патриоттық рухы мен санасы ашық ұрпақ тәрбиелеудің жолын таңдауы тиіс. Осы тұрғыда біздің басты бағдаршамымыз, әрине, Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясымен өзектес рухани жаңғыру бағдарламасы болары анық.

Ғалия Боранбаева,
облыс әкімдігі ішкі саясат
басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support