- Advertisement -

Тараздың өткенін таразылап біттік пе?

264

- Advertisement -

Осы бізде жиі-жиі көне Таразға байланысты суреттермен көмкерілген кітаптар шығып жатады. Зерделеп, аңғарып қарасаңыз – дерек бір. Тек соны әртүрлі қырынан баяндау бар. Суреттер де сол баяғы көріністер. Жаңадан қосылып жатқан тарихи дерек тапшы. Бұл Тараз қаласының тарихын тану, білу қаланың екі мың жылдығын тойлағанға дейін қызу жүргізіліп, одан кейін саябырсуы­ның салдары. Рас, Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу арқылы көне Таразды тану жанданған. Алайда қазір Тараз тарихына байланысты іздестіру, зерттеу, зерделеу жұмысымен айналысып жүрген тарихшыны біле бермейміз. Кезінде Тараздың тарихын жаңғыртуда жанын салып жұмыс істеген өлкетанушы-тарихшылар Бақытяр Әбділдаұлы мен Күзембай Байбосыновтың дүниеден өтуімен бірге бұл бағыттағы ғылыми жұмыс баяулағанын ешкім жоққа шығара алмайды.

Тараздағы жоғары оқу орындарында жеке тұлғалар атындағы ғылыми орталықтар болғанымен, «Таразтану» орталығы жоқ. Біздіңше, тараздық тарихшы ғалымдар үшін көне шаһарды танып-білу бірінші міндет болуы керек сияқты. Елбасының «Тараз – тарихымыздың темірқазығы», «Тараз – рухани байлығымыздың алтын діңгегі», «Тараз – шын мәнінде де біздің тарихымыздың таразысы, ғажайып айнасы, бұлтартпас айғағы екені анық. Біз көшіп-қонып жүре берген, ырзығын малдан ғана айырған халық емеспіз, өзіндік төлтума сәулеткерлік пен құрылысшылық дәстүрі бар, сайын далада сан түрлі қала тұрғызған, егін егіп, бақ өсірген, сан тарам мәдениеттер мен өркениеттердің тоғысқан торабында өмір сүріп, үлкен өнеге көрген өсімтал елміз. Әрине, бүгінгі дүниеде бұндай шындықты мойындағысы келмейтіндер әлі де аз болмас» дегендерін қалай ұмытуға болады?! Егер Таразда «Таразтану» ғылыми және археологиялық зертхана орталығы жұмыс істесе, бұл жұмыстың жанданатыны сөзсіз.
1893-1894 жылдары Әулиеатаның тарихын зерделеген академик В.В.Бартольд, 1927 жылы Көне Тараздың орнында қазба жұмыстарын жүргізген атақты ғалым М.Е.Массон, бұл жұмысты 1938-1940 жылдары жалғастырған А.Н.Бернштам сол кезде археологиялық үйірменің және пункттің жұмыс істеуіне ықпал жасаған. Көне қаланың тарихын зерделеу үшін ғылыми ортаның болуын қажет санаған. Ал біз бүгін Таразды тереңірек тануды артық санағандаймыз. Білгенімізді, жазғанымызды саралап көрсек, көптеген сауалға жауап жоқ. Ең қинайтыны – оны іздеп жатқан кісінің болмауы.
Білгенімізді ой елегінен өткізіп, теориялық зерттеу жұмыстарын жүргізу аса маңызды екенін түсінетін кез келді. Бүгінгі күні Тараз қаласында оның және айналасындағы қалалар мен қамалдардың, қорғандардың тарихымен жете айналысатын ғылыми және археологиялық зертхана орталығының аса қажеттігі күннен-күнге айқындала түсуде. Қазір зерттелмей жатқан ортағасырлық қалаларда археологиядан хабары жоқтар да қазба жұмысымен айналысатын жағдай да кездесе бастады. Оны нәсіп көзіне айналдырғандар да табылып жатыр. Егер Таразда тұрақты жұмыс істейтін археологтардың орталықтары болса, ондайлардың жолы кесіледі.
Ортағасырлар тарихын зерттеушілердің біразы Тараз қаласы туралы айтқанда, оның ешқандай билікке бағынбағанын, өзінше өмір сүргенін, мұнда Шығыс пен Батыстың ірі саудагерлері өмір сүргенін, ертеректе мұсылмандар мен түріктердің сауда орталығы болғандығын сөз етеді. Сонымен бірге біраз деректерде «Тараз сол кездердегі мемлекеттердің астанасы болды» дегенді кездестіреміз. Бұл міндетті Тараздың атын алға тартып, оның айналасындағы серіктес қалалардың атқарған сәттер де жиі кездескен. Тараз оларға дем беріп отырған. Тек сауданың еркін жүруін қамтамасыз етуді басты міндетіне санаған. Осы ұстаныммен қала Ұлы Жібек жолындағы өте ірі сауда орталығына айналды. Орайы келгенде мына бір жәйітті де айта кету керек. Кезінде Ұлы Жібек жолымен бірге «Тараз жібек жолы», «Тараз сауда жолы» да болған.
Махмұд Қашқаридің жазбалары бойынша «Янгі – төрт қалаға қатысты ат. Олардың әрқайсысының бір-бірінен арақашықтығы 1 фарсах, әрқайсысының жеке-жеке атауы бар. Біреуі – Янгі, келесісі – Янгі – Балық, үшіншісі – Кенджақ, соңғысы – Тараз» деп аталуының сырына бір сәт зерделей қарайықшы. Бұл қалалар туралы 1253 жылы шығыс елдеріне жасаған саяхаты туралы жазбаларында Рубрук та жан-жақты айтқан. Ал Византияның елшісі Земарх Батыс Түрік қағанатының билеушісі Ыстымы (Істемі) қағанның жанында болғанда оның елшілер мен өзге де қонақтарды Тараздың айналасындағы қалалар мен қорған-қамалдарда қабылдағанын айтады. Міне, осы мәліметтерге қарағанда астаналық міндетті Тараздың айналасындағы өзге қалалардың бірі атқарып, бас қала билігі соларды қорғаумен әрі еркін сауда орталығын дамытумен айналысқан. Әйткенмен Ұлы Жібек жолының айналасындағы барлық қалалардың өзегі Тараз болған және оның билігі жүрген.
629 жылы қытай саяхатшысы Сюань Цзян Тараз қаласы туралы былай деген: «Онда әртүрлі елдерден келген көпес-саудагерлер мен хусилықтар (соғдылықтар) аралас тұрады». Бұл аз десеңіз, әл-Макдисидің: «Саманиліктер мемлекеті жүйесінде Тараз және Талас аңғары өз бетінше өмір сүрген және тәуелсіздігін сақтап қалған» деген тұжырымы біздің пікірімізді бекіте түседі. Мұны В.Бартольд та айғақтайды. Ол Тараздың «шотын шауып, кетпенін арқалаған» қалалардың қатарына Жікілді, Төменгі Барысханды, Бахлуды, Атлахты, Хамукетті, Шельджіні, Сусты, Көл мен Текабетті жатқызған. Саяхатшылар мен тарихшылар Тараздың айналасындағы қалалар мен қорғандарды әртүрлі атағанын тағы байқап отырмыз. Сонымен бірге біз осы қалалардың қай жерде орналасқанын әлі жете жүйелеген жоқпыз.
Тараз қаласының екі мың жылдығы тойланған 2002 жылдың 26 қыркүйегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бәйдібек бабаның ескерткішін ашарда жүрек тербеген кестелі сөзінде көп мәселелермен бірге нақты деректер келтірген болатын. Тарихшылар сол айтылған ой мен деректерді толықтыру, айғақтау бағытында жұмыс жүргізулері керек-ті. Алайда ол жұмыс жүйелі жалғаспады.
Қазақстандық және шетелдік ортағасыр тарихын зерттеушілердің сөздерін Тараздан бастауының өзіндік себептері бар. Ең алдымен Тараз билеушілері әркез өзінің жеке дара өмір сүруі үшін саяси, діни және әлеуметтік жағдай орнықтыра білген. Соның нәтижесінде Тараз ықпалды саяси және діни орталыққа айналды. Ол үшін айналасында өзін қорғап тұратын қалалар мен қорғандар, қалашықтар мен қамалдар, қарауылтөбелер мен төрткүлдер (керуен сарайлар) салған және олардың дамуына мүдделі болған. Шығысында – Ақыртас, батысында – Күйік, оңтүстігінде – Алатау, солтүстігінде Саудакент аралығында жиырмадан аса қаланың болуы осыны айғақтайды. Қазақ даласында, Ұлы Жібек жолының бойында Тараз сияқты ірі сауда және саяси орталық болмаған. Тараз қаласының айналасындағыдай саясаты мен экономикасы, тұрмысы мен тіршілігі бір өзекке байланған, бір сөзбен айтқанда, дамуы биік деңгейге көтерілген қалалар мен қамалдар өзге өңірде көптеп кездесе бермейді. Болса да, олар қуатты емес.
Жібек жолының әлеуетінің күшті болуының тағы бір себебі – қалада, бүгінгі тілмен айтқанда, инвесторлардың көп болуы. Осы орайда Елбасының айтқан мына бір сөздері ойға оралады: «Олай болуы заңды еді. Тараз – қай заманда да геосаяси маңызын жоғалтпайтын аса мәнді стратегиялық қонысқа жайғасқан қала. Сондықтан да бұл ежелгі қаланы әлемдік діндердің барлығы да өздерінің шарықтау кезеңдеріндегі үлкен тірегі еткен. Мұнда зороастризм, христиан, манихей, будда діндерінің ірі орталықтары болған. VІ ғасырдан бастап оған батыстан арабтар, шығыстан қытайлар мықтап көз тіккен», – деген сөзінің астарында көп мән бар. Ең алдымен, қалада әртүрлі дінді ұстанғандардың бейбіт өмір сүруіне жағдай жасалынғанын айғақтайды.
Елбасы айтқандай, Тараз бірнеше діндердің орталығы болуының басты себебі қала билігі әртүрлі халықтың саясатпен және саудамен бірлесе айналысуын қуаттап, қолдап отырды. Оларды бизнесте ынтымақтаса отырып қорғауға жұмылдырды. «Саудада достық жоқ» дегендей, олар баю мақсатын алға қойғанда, дініне де, сеніміне де, тіліне де қарамаған. Бір мақсатта араласып-құраласып өмір сүрді. Молалары да бір жерде болғанға ұқсайды. Мұны қазіргі «Достық» алаңының орнында болған ұн базарын қазу кезінде табылған тарихи жәдігерлер растайды.
Әулиеатаның әкімі болған Каллаур 1904 жылы, 1927 жылы М.Е.Массон, 1950 жылдары Л.И.Ремпель қазба жұмыстарын жүргізгенде жерлеу рәсімінің ерекшіліктері туралы кең көлемде есептер жазды. Тіпті, ерекше астау табыттарды Ташкент пен Ленинградқа жіберген. Тараз өңірінен табылған тарихи жәдігерлерді 1895 жылы құрылған археология әйесқойларының Түркістан үйірмесі де, 1938 жылы Жамбыл қаласында ашылған Археологиялық пункт те сыртқа жіберумен тұрақты түрде айналысқан. Өкініштісі, қандай жәдігер қай жақта тұрғанын анықтап жатқан ешкім жоқ. Мұнымен қазақ тарихшылары мен археологтары әлі күнге дейін түбегейлі айналысқан емес.
Тағы бір аса өзекті мәселені айтпасқа болмайды. Ол – ашық аспан астындағы музейге айналған «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінің аумағын кеңейтуге қатысты. 1864 жылы орыс әскері қазақ даласының оңтүстігін басып алғаннан кейін мұнда әр сала бойынша ғалымдар жұмыс жүргізген. Біз қазір солардың және жоғарыда аты аталған ғалымдардың тұжырымдары айналасында ойымызды шимайлап жүрміз. Солар жазған, солар сызған, солар анықтаған мәселелерді тереңдей зерттеуге бармағынымыз көп нәрсенің жабулы күйінде қалуына әкеп соғуда. Болмаса отарлаушы әскермен бірге келіп, Әулиеата көріністерін суретке түсірген М.Знаменскийдің суреттеріне неге зер салмаймыз? Оның суреттеріндегі биік қорғандар қайда? Жоқ екені белгілі. Ал орнын сызбаға түсіріп, анықтадық па? Жоқ… Өкінішті-ақ.
Міне, бүгін рухани жаңғыруды болашақ бағдарымыз деп таныған сәтте тарихтың ашылмаған деректерін халқымыздың, еліміздің өткенінің көріністерін айшықтау аса маңызды. Атап айтқанда, Көне Тараз қаласының шахристанын қорғап тұрған қабырғалардың сызбасын анықтап, оның сілемдерін қайта тұрғызу керек. Бұл ең алдымен бүгінгі ұрпаққа: «Мынау орта ғасырда Ұлы Жібек жолының інжу-маржаны болған Тараз көріністерінің сілемдері», – дей отырып, тарихи жәдігерлерді көз алдына елестете отырып, мақтаныш сезімін оятсақ, туристер үшін қызықты нысан болатыны анық.
Өкініштісі, тәуелсіз Қазақстан­ның археологтары әлі қаланың бірінші қабатына дейін қазба жұмысын жүргізбеді. Соның салдарынан көптеген ғалымдар Тараз қаласының орнына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары туралы айтқанда, 1938 жылы А.Н.Бернштамның жетекшілігімен өткізілген қазба жұмыстарының деректерін алға тартады. 1941 жылы Алматы қаласынан Қазақ біріккен мемлекеттік баспасынан шыққан «Памятники старины Таласской долины» атты тарихи-археологиялық очеркінде Көне Тараздың қабырғалары бұзылғандығын және оның аздаған орындары қалғандығын сөз қылады. Қаланың солтүстік жағындағы қабырғалар Коммунист (қазіргі Төле би) көшесінің жаяу жүргіншілер жолының астында қалғаны да келтірілген. Яғни қаланы солтүстік жағынан қоршаған қалың қабырға қазіргі «Сенім» баспаханасының жанынан Бектұрғанов көшесін қиып өтіп, Орталық стадионның оңтүстік жағын жағалай, театрдың теріскей жағымен Атшабарға жалғасып, Сүлейменов көшесіндегі Төрткүлге дейін жеткен сияқты. Ал қаланың батыс жақтағы қоршау қабырғасын Коммунист көшесіне қиылысып жататын арықтар бойынан көруге болатындығын алға тартқан. Ал шығыс қабырғасының орнын табу қиын болғанымен, іргетасы қазіргі С.Аққозиев көшесінің сыртында болғандығы анық. Қаланың бас қақпасы да осы маңда болған. Талас өзенінің үстіне салынған аспалы көпірдің аса үлкен әрі мығымдығын Әулиеатаны жаулап алушы Черняев те жазып қалдырған.
Совет билігі кезінде салынған құрылыстар қала қоршауына айналған биік дуалдарды жойып жіберген. А. Бернштам қаланы оңтүстік-шығыс жағынан қоршап тұрған қабырғаның да бұзылып кеткенін жаза келіп, осы аумақтардың әр жерінде жүргізілген шағын қазба жұмыстарының нәтижесі бойынша бұрынғы Молотов және Пушкин көшелерінің аралығындағы бау-бақшаның орнын айғақтап, саманиліктер мен қарахандықтардың заманындағы қыш бұйымдарды кездестіресіз дегенді айтады.
Қала тарихын ұзақ жылдар бойы зерттеп жүрген ғалым Карл Байпақов пен өлкетанушы Күзембай Байбосыновтың 2008 жылы Алматы қаласындағы «Мектеп» баспасынан жарық көрген «Көне Тараздың қазынасы» атты еңбегінде мынадай дерек келтіріледі: «Қаланың солтүстік қабырғасы 370 метр, ал батыс жақ қабырғасы 160 метр ұзындықта болғаны байқалады. Оңтүстігіндегі қала қалдықтары 200 метр бойында көрінеді. Шаһардың солтүстік қабырғасына ішкі қамал жалғасады. Солтүстік қабырғасы – 175 метр, батысы – 117 метр, шығысы – 115 метр, оңтүстігі 125 метрге тең төртбұрышты төбе жобасында сақталған. Қала түбіндегі мекен (рабад) қалдықтары шаһар орнынан батыс және шығыс жақ бетке қарай байқалғанымен, олардың өлшемдерін қазіргі кезде анықтау мүмкін емес», – делінген. Сонымен бірге осы авторлар XIX ғасырдың аяқ шенінде қаланың жалпы аумағында 48 төбешіктің болғанын айтады. Ол төбешіктер жай ғана төбе болмағаны анық. Әрқайсысы тарихи жәдігерлерді бүгіп жатқаны белгілі. Алайда соның көпшілігі сырылып, тегістеліп кетті. 1899 жылы археология әуесқойларының Түркістан үйірмесі сол төбешіктердің орналасу картасын жасап, әрқайсысына сипаттама берген. Іздейтін адамға ол төмпешіктердің орнын қазірде табуға болады. Алайда онымен айналысып жатқан кісі жоқ.
Көне Тараздың жерасты жәдігерлері туралы кезінде ғалым Лазарь Ремпель жазып қалдырған аса құнды тағы бір деректі айтпасқа болмайды. Ол – Көне Тараздың шахристанының айналасындағы құрылыстар. Бүгінгі Атшабарды зерделеп қараған адам бұл орынның қорғаныс үшін салынғанын аңғарады. Қазіргі Сүлейменов көшесінің табаны қаланы жаудан қорғау үшін Талас өзенінің бір аңғары болған. Археологтар осы Атшабардың айналасына қазба жұмыстарын жүргізген кезде екі метр жер астынан жан-жағы таспен қаланған, балшықтан салынған, ортасы құммен толтырылған қалың қабырғалардың орнын кездестірген. Бұл қабырғалар бір емес, бірнеше жерден табылған. Осыған қарап Тараз қаласының шахристаны биік қорғандармен қоршалғанына тағы да көзіңіз жетеді. Ол бұл туралы былай дейді: «Табылған археологиялық қазба жәдігер – саз балшықтан қаланған дуал. Қаланған құрылыс тұрғын үйдің қабырғасы емес… Бұл – қираған қатпарлы құрылыстың қалдықтары».
Тараз қаласының тарихына қатысты жәдігерлерді көне шаһардың бүгіп жатқаны айқын. Осыны еске ала отырып археологиялық жұмыстарды жүргізіп, Көне Тараз қорғанының кескін-келбетін көз алдымызға елестететін сілемдерін салуды ойластыруымыз керек. Бұл «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенімен жалғасып, бір арқау болса ғажап. Көне қаланың сілемдерін тұрғызу тарихымызды жаңғыртады, қалаға жаңа рең береді, өткенімізді үнемі еске түсіреді, жас ұрпақтың тарихты білуіне ынтасын тудырады. Мұның қай-қайсы болса да рухани жаңғыруды мақсат еткен бізге қажет!

Мақұлбек Рысдәулет,
жазушы, мұрағаттанушы.

Суреттерде: Тараздың тарихын айғақтайтын жоғалған жәдігерлер.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support