- Advertisement -

Тәуелсіздік пен Елбасы туралы жас оқырмандарға жан-жақты мәлімет береді

262

- Advertisement -

Елбасы жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларында Қазақстанның өсіп-өнуі, өркендеуі, әлемнің алдыңғы қатарлы 30 мемлекетінің қатарына қосылуы тек білімді, сауатты жастардың қолында екендігін айтумен келеді. Әрине, жастар білімді болуы үшін міндетті түрде көп ізденіп, көп оқуға тиіс. Ал, жастардың білім алуы мен сөздік мәдениетін дамытуда кітапхананың алар орны ерекше. Осы орайда, Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы өзінің кітап қорын жыл сайын жастарға рухани азық болатын, оларды отансүйгіштікке баулитын түрлі басылымдармен толықтырып отырады. Сондай құнды дүниелердің бірі – еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың шығармалары мен Елбасы туралы жазылған туындылар.
Қазіргі таңда кітапханамыздың кітап қорында Елбасымыздың 40-тан аса еңбегі мен басқа авторлардың Елбасы туралы жазған 30-ға жуық кітабы бар. Аталған кітаптардың ішінде оқырмандардың көп сұранысына ие болып отырғандары туралы айтып өткім келеді. Астанадағы «Сарыарқа» баспасынан жарық көрген Мемлекет басшысының таңдамалы сөздер жинағы, Алматыдағы «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Тарих толқынында», «Рауан» баспасынан жарық көрген «Туған елім – тірегім» кітаптары жас оқырмандардың ой-өрісін кеңейтіп, сана төріне шуақ шашары сөзсіз. Ал, Елбасы туралы «Еліне елеулі Елбасы», «Жүректен жеткен жырлар», «Кемеңгер», «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» кітаптары да өскелең ұрпақтың сүйіп оқитын дүниелері десек қателеспейміз.
Нұрсұлтан Назарбаев «Бейбітшілік кіндігі» атты туындысында Қазақстанның ядролық қарудан бірінші болып бас тартуы және де ядролық қарумен қамтамасыз етілген мемлекеттерді де аталған арсеналдан бас тартуға шақыруы туралы жан-жақты айтылады. Ол – ядролық «құндылықтарды» танудың шегі мен оны қайта бағалаудың рецептері туралы кітап емес, керісінше, күштің парасатқа өктемдігінің күшейе түскен қатері мен адамзаттың ядролық қауіпсіздік формуласын қинала іздестіруі туралы толғанған ойларға толы. Сондай-ақ, «Елмен сырласу» атты еңбегіне ел Президентінің ішкі тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді, сыртқы саясатта жалпыға бірдей қауіпсіздік пен ынтымақтастықты, мемлекеттілікті нығайтуға бағытталған, өзара тиімді ықпалдастықты дамытуды мұрат еткен сөздері мен сұхбаттары енгізілген. Ал, «Өзекжарды ойлар» кітабында Елбасының еңбектері мен баяндамаларындағы, алқалы жиындар мен әртүрлі кездесулерде сөйлеген сөздеріндегі қанатты қағидалары қамтылып, пайымды пікірлері топтастырылған. Тың туынды Елбасының өмірдің сан-саласын қамтитын ой тербеген орамдарымен толықтырылған. Аталған кітаптағы кез келген адам баласын терең ойға шомдыратын мына бір сүбелі сөзге тоқтала кетсек. «Ештеңе де өзінен-өзі аспаннан аяғы салбырап түсе қалмайды. Өсу, тұрақты даму жағдайына жету үшін де белгілі бір кезеңдерден өту қажет. Оларды ешқашанда аттап кете алмайсың». Осы сөзі арқылы Елбасымыз жалпы қазақ еліне, соның ішінде жастарға ешқандай тірліктің, жақсылықтың бірден бола кетпейтіндігі, биік белестерді бағындыру үшін талай қиын-қыстау жолды жүріп өту керектігі жайлы айтады. Он екі тараудан тұратын бұл туындыны оқи отырып, өмірге азық болар көп дүние алуға болады.
Бұл ғана емес, қорымыздағы Елбасы туралы немесе Мемлекет басшысының қаламынан туған дүниелерден тұратын өзге де кітаптарын оқи отырып көпқырлы стратегиялық басымдықтар мен Қазақстанның дамуы мен жетістіктерінің сырына қаныға алады. Постиндустриялық қоғамды қалыптастыру мен өркениеттер серіктестігі, қазіргі заманғы ғаламдану мәселелерінің энергиялық-экологиялық қауіпсіздігі, технологиялық дамудың біркелкі еместігі, экономикалық қатынастардың әділетсіздігі сияқты әлемдік мәселелер жөнінде ойлармен танысады. Тәу етер Тәуелсіздігіміз бен сол жолдағы еңбегі ерен Елбасымыздың қадір-қасиетіне, биік болмысын шолып шығуға таптырмас мүмкіндік береді. Жас оқырмандарды осы кітаптарды оқуға шақырамыз.

Гүлфайруз Іңкәрбекова,
Д. Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер
кітапханасының директоры.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support