- Advertisement -

Сербияда атой салған чемпион

109

- Advertisement -

Самбо күресінен жастар арасындағы әлем чемпионы
Жадыра Әміртаеваны жамбылдықтар қошеметпен күтіп алды

Сербияның Нови-Сад қаласында самбо күресінен жастар арасындағы әлем чемпионаты өткені белгілі. Төрт күнге созылған айтулы аламанға жамбылдық спортшылар да қатысып, жүлделі орындардан көрінген болатын.

IMG-20171020-WA0002Бұл дода – жас спортшылар үшін ең басты бәсекелердің бірі. Әлемдік сында қатарынан оза шауып, бәйге алу оңай емес. Десе де талпынғанның мұратқа жететіні анық. Өйткені, жеңіске деген құштарлық түбі бағаланады.
Байрақты бәсекеде барын салған, жанын салған жамбылдық спортшыларға екі бірдей жүлде бұйырған-ды. Атап айтсақ, 52 келі салмақ дәрежесінде қыздар арасында топқа түскен Жадыра Әміртаеваның мерейі үстем болды. Сербия төрінде өзін жақсы қырынан көрсетіп, жасындай жарқыраған ол қарсыластарының барлығын қапы қалдырып, шын мықты екенін айқындап, алтын жүлдені мойнына ілді. Көк Туымызды көкте желбіреткен саңлақтың асқақ армандары мен алар асулары әлі алда екені анық. Сонымен қатар, 56 келі салмақ дәрежесінде ерлер додасына араласқан Елнұр Сүлеймен де үмітімізді ақтады. Елнұр – қола жүлдегер.
Әлем біріншілігінде атой салған Жадыра Әміртаева мен бапкері Абылай Бошқайды жамбылдық жұртшылық Тараз қаласының шығыс қақпасынан күтіп алып, қошемет көрсетті. Сайыпқыранға алдағы сындарда толайым табыстар тіледі. Жадыра өз кезегінде қандай жарыстарда болсын, қолдау білдіріп, қасынан табылып жүрген бапкеріне, туған-туыстарына ризашылығын жеткізді.
Мұнан соң сөз алған бапкері Абылай Бошқай: «Мен Жадыраны бала күнінен жаттықтырып келемін. Жадыра өте еңбекқор қыз. Жаттығуларда барын салады. Қандай жағдайда болсын салқынқандылық танытып жатады. Ол дзюдо күресінен де бірқатар жетістіктерге қол жеткізді. Енді міне, самбо күресінен де өзінің алар үлесі бар екенін әйгілеп отыр. Жастар арасындағы әлемдік сында алдымен сербиялықты, сосын қырғыз спортшысын жарыс жолынан шығарды. Ақтық сында румыниялық спортшымен кездесті. Қарсыласына қарсы мықты дайындықпен шыққан шәкіртім соңғы жиырма секундта жеңісті жұлып алды. Байрақты бәсекеде топ жару – өте қиын. Жадыраның жеңіске жеткеніне қуаныштымын. Бізге қолдау білдірген барлық ағаларымызға, жанкүйерлерімізге алғысым шексіз», – деді ол ойымен бөлісіп.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support