- Advertisement -

Шал тауы — шежірелі мекен

582

- Advertisement -

Біз бұл сапарға мұқият әзірлендік. Қасымда аудандық музей меңгерушісі Есназар Құрымбаев, оператор-суретші Талғат Доспембетов бар. Ел аузында айтылатын аңыз-әңгімелерді жинақтай жүріп: «Оның астарында бір шындық бар-ау» деген ой санамыздан кетпей қойды. Түбі жоқ көк көлді, Шал баба бейнесі көрініс беретін құзар шыңды өз көзімізбен көргіміз келді.
Жаздың жаймашуақ күні. Әсіресе, тау бөктері масатыдай құлпырып, ерекше күйге енген. Айнала төңірек алқызыл гүлге тұнып тұр. Сарқыраған тау өзені буырқанған бурадай асау мінез танытып көбіктене ағады. Жолбасшымыз – Құмарық ауылының тау шатқалындағы қорықшысы болған (марқұм) Өмірбек Көлбаев. Лақап аты – Шөмек. Әлі сыр алысқан жоқпыз. Көңілін тапсаң, көл көрінеді. Біз де соған бейімделдік.
2 image003– Өмеке, әңгіме айтыңыз, жол қысқарсын, – дедім мен.
Ол біраз үнсіз қалды. Өткір көзін құзар шыңдарға тастап ой құшағында келеді.
Қырсықтырып аламыз ба деп, біз де үнсіз отырмыз.
– Не айтайын, – деді ол кенеттен, – әкем де қорықшы болған. Шал тауы – құт мекеніміз. Біздің әулетке бұл өлкенің әрбір тасына дейін таныс. Сіздерді адастырмай алып барамын. Оған қам жемеңіздер.
Тағы да үнсіз қалды. Әлден уақытта абалаған иттердің даусынан селк етіп, төңірекке көз тастасақ, аумағы әжептәуір мекенге де келіп қалыппыз. Іңір түсе бастаған. Тоқтадық. Бұл Өмірбектің фазендасы екен.
Таңертең ерте тұратын болғандықтан, тауға шығатын киімдерімізді дайындап жатып қалдық. Ұйқы келер емес. «Көк көлдің қандай құпиясы бар? Қысы-жазы қалайша не тартылмай, не тасымай бір деңгейде тұрады? Мұның құпиясын білер ме едік…» деймін дөңбекшіп. Ойыма Шал баба туралы аңыз оралды.
– Шал бабамыз Үйсін дәуірінде биік құзды мекендеп, құстың тілін, киіктің үнін, таутекенің сырын білген деседі. Аңызға қарағанда Шал баба өте желаяқ, ұшқыр, құралайды көзге атқан мерген болған. Құланды құрықтап, бұғыны бұғаулап мінген деген аңыз бар. Аю, жолбарыс, қабылан, таутеке Шал бабаның сиқырлы дауысына елітіп селт етпей тұрып қалады екен. Өзі әулие, көріпкел, табиғаттың тылсым құпиясын Алланың құдіретімен сезіп отыратын болған. Сондықтан бұл қасиетті мекен Шал тауы атанған деп жүз жасаған шежіреші Сәрсенбай атамыз айтып отырушы еді, – деп сыр шертеді сол ауылда кіндік қаны тамған азамат, ел шежіресіне көңіл бөліп, оны жинап жүретін әрі тарихшы, әрі композитор, – Дүйсен Бықыбаев.
Таудың бір бетінде күн шығарда Шал бабаның сағым бейнесі көрінеді екен.
Аңызда айтылған осы бір тылсым құпияны білгім келіп түнімен көз ілмедім. Бәріміз таң бозара оянып, тауға қарай бет алдық. Шал бабаның бейнесі көрінетін құзар шыңға қарама-қарсы келіп дамыл таптық. Төменде күн ыстық болса да биік таудың таңғы салқыны денемізді тітіркентіп, сергітіп жіберді. Айнала құлаққа ұрған танадай тыныштық. Сұлу көрініске тамсанбай тұра алмайсың. Табиғат тылсымы жаныңды баурап алғандай. Күн ұясынан көтерілгенде биік шыңдар ерекше күйге еніп, таңдай қақтырады. Біздің көзіміз тау шыңында. Күн көтеріліп келеді.
– О, Тоба! Тоба! – дедім мен күбірлеп. Өйткені, сағымданып адам бейнесі көріне бастаған еді.
– Талғат, бол тез, тез! Түсіріп қал! – дедім мен аптығып.
Қозғалатын Талғат жоқ. Аузы ашылып кетіпті. Тілі байланып қалғандай үн қатпайды. Тек басын шайқай береді. Ғажайып көрініс сәлден соң көзден ғайып болды. Мен ренжіп Талғатқа ұрсып жүрмін. Ол болса:
– Түсіруге сескендім, қорықтым, – дейді.
Ата-бабамыздан ырымшыл ұрпақпыз ғой. Талғаттікі дұрыс та шығар. Ләм деген жоқпын. Бірақ ғажайып көріністі түсіре алмай қалғандағы өкінішім басылар емес.
– О, құдірет! Құдірет! Осындай да ғажайып болады екен ғой, – деп өкінішімді басқандай болдым. «Аңыз түбінде шындық бар екен ғой» деген ой түйдім.
Шал баба жайлы екінші бір аңызда былай дейді: «Бағзы заманда Көкдөнен атты жігіт ерекше қабілеті мен қайырымдылығының арқасында ел аузына ілігіп, халықтың ризашылығы мен рақымына бөленіп жүреді екен. Соғыс, қантөгістен қажыған халқының жоғын жоқтап, әкесіз қалған ұлдарына рухани қуат беріп, ағалық қамқорлығымен жанына жалау бола біліпті. Сондай жаны жайсаң, қайырымды жігіт өзі де уыздай жас, пәк екен. Осы жастық желігі мен риясыз көңілі оны да махаббат сезімінің алдына әкеліп, жігерін құм, көңілін кермек етіпті. Ол былай болған. Көкдөнен жігіт Тарты жерінің қалың қамысының арасына жабайы қабанға аңға барады. Оны бүгін қалай да қолға түсіруі тиіс еді. Себебі ағасы Керімнің үйіндегі жеңгесі 7 жыл құрсақ көтермей, осы жуықта ғана аяғы ауырлағанын естіп, өзі іштей қуанышты жүрді. Оны да көрші ауылдан келіп босағадан аттай бергенде апасы:
– О, жаратқан ием, тоба қылдым! Тоба! Домалақ ене, жебегеніңе разымын! Көкдөненнің артынан ертіп бір қара қиғаныңа! – деп, әсем жүзі қуаныштан нұрлана балбырап тұрған жеңгесін маңдайынан сүйіп тұр екен.
Есейіп қалған қайнысынан ұялып кеткен жеңгесі ернін тістелеп, төргі бөлмеге енгенде, Көкдөнен де төбесі көкке жеткендей:
– Апа, шын ба, шынымен ағамның баласы – менің бауырым дүниеге келе ме? – деп шешесін құшақтай алды.
Арада 3 ай уақыт өткенде апасы шақырып:
– Жабайы қабанның жүрегі қажет, жеңгең жерік. Жерігі қанбаған ананың сәбиі «нышаналы» болып туылады, – деп ағасының сапардан әлі орала қоймағанын айтты.
Көкдөнен жігіт бірден келісім берді. Ал анасы баласы үшін тағы да мазасызданып, аңшы Әмір қарияға барып жолығып, соған «тауып кел деп өтініш жаса», – деді.
Алайда, Көкдөнен бұл жауапты да күрделі істі өзі атқармақшы болып, белін бекем буды. Таң атпастан тұрып Тартының нулы қамысты сайына «Қабан, қайдасың?» деп тартып кетті. Межелі жеріне күн арқан бойы көтерілгенде жетіп, біраз тыныстап алды. Астындағы Қаракерді қамыстың оң жақ бетіндегі төбенің бөктеріне қалдырды. Онысы: «Егер қауіп төне қалса, атым қауіпсіздеу жерде болсын, өзім алаңдамайын» дегені.
Сақ қимылмен Әмір аңшы нұсқаған қамыстың солтүстік батыс жағына жақындай бергенде бір әлсіз, қысылғандай, ауырсына ыңырсыған дауысты естіп, селт етпестен тұрып қалды. Сыбдырсыз, жай басып жақындап келгенде қарауытып жатқан адамның сұлбасын көрді.
«Аң ба, адам ба, жау ма?» деген неше түрлі сауалға жауап іздегендей біраз тұрды да, не де болса жақындайын деп барды. Жанына таяп келгенде ғана бөрігін басына бастыра киген 14-15 жастағы бозбаланың сол аяғының қақпанға қысылып қалғанын көріп, көмекке ұмтылды. Бар күшін салып керіп ашқан аң қақпанынан әзер босанған әлсіз дене сылқ етіп жанына қарай қисая кетті. Жылдам аяғын тексерді. Қалың балақты шалбар мен саптама етіктен қақпанның ізі айқын байқалады. Көкдөнен жігіт шапшаң қимылдап аяғын жалаңаштап жіберіп, қаншалықты жарадар екенін көрмекші болды. Алайда, ауырсына ыңырсыған бозбала аяғын тартып, шешуге қарсылық білдірді. Көкдөнен бір кезде торсығын ашып бейбақ бозбаланың аузына сусын тамызды. Ауырсына ыңырсыған жігіттің бөркі ысырылып шешілгенде, оның шашы жайылып, бозбаланың жігіт емес, қыз екенін көріп таң-тамаша қалды. Біраздан соң торсықты қыз ерніне апара бергенде, кірпіктері сәл қимылдап, көзін ашты. Қыз жүзінен шексіз ризалық байқаған жігіт еріксіз жымиды. Бір кезде оқыстан «қорс» еткен дыбысқа екеуі де жалт қарағанда, өздеріне құйғыта шауып келе жатқан қабанды көрді. Жігіт қызды тастай беріп, өзі ұшып тұрып, хайуанға қарсы ұмтыла берді.
Қынабынан суырып алған өткір қанжарын бар күшімен қабанның жүрек тұсына тығып алды. Айқас ұзаққа созылмады. Бір кезде екеуі де жерге «гүрс» ете құлады. Қыз бар қайратын бойына жиып, сүйретіліп жігіт жанына келді. Жігіт ес-түссіз еді. Қанша мезгіл болғаны белгісіз. Бір кезде Көкдөнен басын сүйеп, аузына сусын тамызып отырған арудың жылы алақаны мен бетіне тамған ыстық жасынан есін жиды. Әлгінде ғана өзі құтқарған бейбақ арудың енді өзіне демеу болып отырғанына қайран қалған жігіт езу тартты.
Бірі иығынан, бірі аяғынан жараланған екі жастың бір-бірін ұнатып қалғанына көгілдір аспан мен ұлан-ғайыр дала ғана куәгер болады. Ауылына оралған Көкдөнен жігіт ендігі жерде жатса да, тұрса да Көгершін аруды ұмыта алмады. Бар ерік-жігері мен жүрегінің әміріне сүйенген Көкдөнен ел ағасы, ру басы Шал бабаға келіп өз жайынан хабар береді. Шал баба Көгершін арудың жөнін сұрады.
Біраз үндемей, сағым даладағы қаңғып бара жатқан қаңбаққа көзін қадаған қария былай деді:
– Бойжеткен – Барақ батырдың қызы. Әкесі асқан жаужүрек, көңілі түскенге көлдей, қасиетті кісі еді. Түнеу күнгі соғыста қаза тапты. Алайда, бұл таңдауың – адасу, райыңнан қайт! Қазақ жеті атасына дейін қыз алыспаған! Қайт райдан, балам, қайт! – деді.
Үміт пен үрей арқалаған Көкдөнен Көгершін аруға сол кеште жолығып, арманының қаңбақтай қаңғып кеткенін айтады. Қыз да болса ақыл-парасатымен, жаужүректігімен жігітке пара-пар Көгершін ару өз махаббатын тұншықтыра тұрып: «Тағдыр бізге бірге болуды жазбаса да, бауыр болып сыйласуды жазған екен, ендігі жерде аға деп сыйлап өтер ардағымсың! Байламымыз осы болсын!» – депті.
Міне, бүгінгі алмағайып заманның өткелінде тұрып, талай ұятты оқиғалардың куәгері болып, ұрпақ тәрбиесі мәселесінде «Әттеген-ай» деген тұстарымызды зерделеп, Шал бабаның өсиетін алған Көкдөнен жігіт пен Көгершін арудың ақылы мен қайраты сабақ болса екен деп тілейміз. Ақылын сабырына билеткен ұрпақ қана өз елінің нағыз ұлы мен қызы болмақ.

Тұрсынхан ЖАМАНБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Т. Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support