- Advertisement -

ТОЛАҒАЙ ТҰЛҒА

339

- Advertisement -

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Дінмұхамед Қонаевтың 100 жылдығына байланысты салтанатты жиналыста сөйлеген сөзі

Қазақ елінің тағылымды тарихында заман жүгін арқалаған талай толағай тұлғалар болды. Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев – сондай біртуар болмыс иесі. Қонаевтың атын мәңгі есте қалдыру үшін менің 1994 жылы арнайы Жарлық шығарғанымды білесіздер. Содан бері Димекеңе қатысты көптеген шаралар атқарылды. Оқу орындары мен мекемелерге, көшелерге аты берілді, мұражай-үйі ашылды. Бұл – Қазақстанның дамуына зор үлесін қосқан тұғырлы тұлғаға деген біздің шынайы құрметіміз болып саналады.
Кеңестік кезең – біздің тұтас тарихымыздың ажырамас бір бөлшегі. Сол кезеңде өмір сүріп, дәуірді көзі көрген, бүгінгі күнге де куә болып отырғандар арамызда аз емес. Сол тарихтың ауқымды бөлігі Қонаев есімімен тікелей байланысты. Дінмұхамед Ахметұлы – өз заманының перзенті болған ірі тұлға, көрнекті қайраткер. Қонаев жоғары қызметке келген уақыттың аса күрделі, қайшылығы көп кезең болғанын білесіздер. Кеңестер Одағы соғыстан кейін батыстағы күйреген республикаларды дамытуға басымырақ көңіл бөлетін. Қиырдағы Мәскеудің шешімінсіз республикада бірде бір өндіріс орны немесе мекеме іске қосылмайтын еді. Сол тұста Семей өңірі ядролық сынақ полигонына айналды. Ойланбай жасалған қадам арқылы Арал теңізі жойылуға таяды. Ұлттардың ерекшелігіне, мәдениеті мен дәстүріне қайшы келетін солақай шешімдер қабылданды. Қазақ тілінде білім беретін мектептер жабылып, халық мұрасы көмескі тартты. Дінімізге тыйым салынды.
Жоспарлы экономика салдарынан Қазақстан шикізат көзіне айналды. Тың игеруде де ірі қателіктер мен негізсіз қадамдар жасалды. Көп жерлер эрозияға ұшырап, жайылым тарылды. Алайда, осындай қиындықтарға қарамастан, Қонаев елдің дамуы үшін қолынан келгенін жасады. Республикада құрылыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларының дамуы ілгерілей түсті.
Елсіз жерлерде жаңа қалалар мен елді мекендер пайда болды. Сонымен қатар, Қонаев өнер мен мәдениеттің қарыштап қанат жаюына өлшеусіз еңбек сіңірді. Алды кең, жаны жомарт парасатты жанның өнер адамдарына қолдау көрсеткеніне талай рет куә болдым. Димекең туған қаласы Алматы үшін де көп жақсылықтар жасады. Бұл тұрғыдан алғанда, Дінмұхамед Ахметұлы – айрықша ардақтауға лайықты қарымды қайраткер. Сондықтан, біз оны Тәуелсіздікке дейінгі тарихымыздың тегеурінді тұлғасы деп бағалауымыз керек.
Біз бүгін Қазақстанның көрнекті мемлекет және саяси қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 100 жыл толуын атап өтіп отырмыз. Қазақ халқы және Қазақстан тарихындағы оның рөлі мен маңызын бағалау оңай емес. Қонаевты үлкен ішкі мәдениет, терең білім және орасан жеке тәжірибесі ерекшелендіріп тұратын. Ол бойына өз кезеңіндегі қазақ зиялыларының, біздің халқымыздың ең жақсы деген қасиеттерін шоғырландырған. Тарихтың өзі барлығымызды өз орнына қояды. Бүгін оның туғанына 100 жыл толу мерейтойында біз оның тарихымыздың бір бөлігі болғанын ерекше атап айтамыз. Осыдан екі онжылдық бұрын басқа республикаларда бұрынғы тұлғаларды қаралап және ғайбаттап, ескерткіштерін қиратып, сындырғанда, біз мұндай өрескел әрекетке бармадық. Біз еліміздің тарихында айтарлықтай із қалдырған, аға ұрпақ өкілдеріне, өзіміздің өткенімізге әрқашанда құрметпен қараймыз. Бұл бәріміз де ескеретін сабақ болып табылады. Біз мұны келешек ұрпаққа еліміздің тұрақты дамуы үшін мұраға қалдырамыз.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың сіңірген еңбегі мен ерекшелік ауқымын түсініп, бағаламау мүмкін емес. Оның өзінің: «Коммунист болдым, коммунист болып қалдым» деген сөздері бар. Бұл оның мақсат-мүддесі, сондықтан да құрметке лайық. Бұл бір одақтық орталықтың тарапынан қатаң бақылау болған ауыр кезең еді. Республиканы дамыту, қайта және қашан құру сияқты шешімдер біздің шекарамыздан мыңдаған шақырым қашықтықтағы Мәскеуде шешілетін. Сіздер мен біздер мұны ұмытқан жоқпыз. Әйтсе де, орталықтың қолдауынсыз және оның шешімдерін мүлтіксіз орындамай осындай үлкен тақта отыру және қандай да болсын мәселелерді шешу мүмкін емес болатын. Бұған қоса, ол кезде басшыларды халық сайламайтын, орталық тағайындайтын. Ол кездегі жүйе осылай болды.
Ол кездегі басшылар партияның тапсырмаларын өмірге мүлтіксіз енгізуге мәжбүр болатын, көпшіліктің мүддесі ескеріле бермейтін. Бастамаларға қолдау көрсетілмейтін. Халықтың жадынан ұлттық дәстүрлер қолдап ұмыттырылды. Жүздеген мың қазақстандықтар Семейдегі полигонның атом қаруынан ауыр зардап шекті. Арал теңізі апатты жағдайға душар болды. Дінмұхамед Қонаев та республика басшысы ретінде жоғары орталықтандырылған жүйенің ықпалынан шыға алмады, өзінің жеке саясатын жүргізе алмады. Бұл оның жеке тағдырындағы қарама-қайшы­лықтар болатын. Әйтсе де, осындай қатал жағдайдың өзінде Дінмұхамед Ахметұлы республика үшін қолдан келгеннің бәрін жасады.
Д. Қонаев Алматының ең көрікті қала болуы үшін барлық мүмкіндікті жасады. Оның Қазақстан білімі мен ғылымы, мәдениеті мен өнерін өркендетудегі үлкен рөлі баршаға белгілі. Бүгін Қонаевтың туғанына 100 жыл толу мерейтойында, сондай-ақ, 50, 60, 70-жылдардағы қазақстандық ұрпақтардың сіңірген еңбектеріне ерекше көңіл бөлеміз. Олардың еңбектегі табысы, экономикамызды өркендетуге қосқан үлестері Тәуелсіз Қазақстанның дамуының іргетасын қалады. Жаңа Тәуелсіз Қазақстанды құрған қазақстандықтар алдыңғы толқын ағалардың және басшылардың сіңірген еңбегін бағалайды әрі ұмытпайды. Біз олардың жасаған игіліктері үшін әрқашанда ризашылығымызды білдіреміз.
Қонаев жұмыс істеген және өмір сүрген уақыт Тәуелсіз Қазақстанның кезеңіне хронологиялық жағынан жақын. Әйтсе де, олардың арасында орасан тарихи арақашықтық бар. Бүгінде тәуелсіз елімізді бұрынғы кеңестер одағының құрамындағы Қазақстанмен мүлде салыстыруға болмайды. Тәуелсіздігімізді атап өткен 20 жылда еліміз экономикасы, саяси және қоғамдық жүйесі мүлде бөлек мемлекетке айналды. Біз тоталитарлық идеологиядан мүлдем бас тартып, либералды экономика мен саясатқа көштік.
Қазақстанның барлық көп ұлтты халқы достық және келісімде өмір сүруде. Бірлік бар жерде, тірлік бар. Еліміз осындай береке-бірліктің нәтижесінде гүлденіп, жоғары жетістіктерге қол жеткізуде. Мұның барлығы елімізде қазір өмір сүріп жатқан, өмірден өтіп кеткен қазақстандықтардың бірнеше ұрпақтарының еткен еңбегінің жемісі. Сондықтан да біз бүгін Дінмұхамед Қонаевтың 100 жылдық мерейтойы кезінде оған деген өз құрметімізді білдіреміз. Менің 17 жыл бұрынғы Жарлығыммен оның есімі мәңгілікке қалдырылды. Оның маңызы туралы еске сала кеткім келеді. Д.Қонаевтың Қазақстанның алдында ерекше сіңірген еңбегі, есте қалдыру мақсатында:
– Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының тау-кен ісі институтына;
– Шығыс Қазақстан облысы, Ленинагор металлургия комбинатының акционерлік қоғамына;
– Алматы қаласындағы Карл Маркс көшесін Қонаевтың атымен атауға;
– Жас ғалымдар үшін жер туралы ғылым саласында академик Қонаев атындағы жыл сайынғы сыйлық тағайындауға;
– Алматыда Қонаевтың үй-музейін ұйымдастыруға;
– Ол өмір сүрген Төлебаев көшесіндегі №10 үйге мемориалдық тақта орнатуға қаулы қабылданды.
Бүгінде олардың барлығы орындалды. 100 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында фильмдер түсіріліп, монеталар шығарылды. Көрнекті отандасымыздың қызметі мен өмірі туралы кітаптар шығарылды. Біздің парызымыз – аға ұрпақ өкілдері жасаған игіліктерді сақтау және көбейту болып табылады.
Тағылымды тарихты еске алып отыру – өсер елдің белгісі. «Өткеннің өнегесі – ұрпаққа ұлағат» дегендей, жақсының игілікті істерін үлгі етуіміз керек. Біздің тарихымыздың жасампаз парағы Тәуелсіздікпен бірге ашылды. Таяуда 20 жылдығын атап өткен Қазақстан Тәуелсіздік арқылы әлем таныған елге айналды. Димекең еліміздің абыройы асқақтаған осы күнді көзі көргенде сөзсіз қуанар еді. Біздің бұл белесті береке-бірлікпен бағындырғанымызды білесіздер. Тәуелсіздік тойы арқылы біз жаңа кезеңге қадам бастық. Алда биік белестер бар. Қиыншылықтар аз емес. Қилы кезеңде алмағайып дүниенің сан құбылып тұрғанын білесіздер. Болашақтың не берерін болжап білу мүмкін емес. Сондықтан біздің баршамыз қазір Тәуелсіздіктің тұғырлы болуын ойлауымыз керек. Елдің бірлігін ойлауымыз қажет.
Қандай ауыртпалық болмасын, біз қиындықты бірге жеңіп, қатарымыздан озып келе жатқан елміз. Мен қабырғалы халқымыздың бұл асқар асулардан абыройлы өтеріне сенемін.
Ер елімен бірге жасайды. Елі барда Ер елеусіз қалмайды. Ендеше, мерейтой құтты болсын!

12.01.2012 ж.

«Димекең еліміздің абыройы асқақтаған осы күнді көзі көргенде сөзсіз қуанар еді».

Нұрсұлтан Назарбаев.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support