- Advertisement -

Осы жұрт Әшір Бүркітбаевты біле ме екен?

406

- Advertisement -

белгілі мемлекет және қоғам Қайраткеріне Тараз қаласынан бір көшенің аты берілсе

Ол 1906 жылдың 17 желтоқсанында Саудакент жерінің Жон өңіріндегі Қаратас ауылында шаруа отбасында дүниеге келіп, жастайынан жетім қалып, қиындықпен күресіп өсті. Өзінен небәрі екі жас үлкен Досай ағасы екеуі бірігіп бай-манаптың қозысын бағып, қойын қайырып, көп тауқымет көрген. Байдан әбден зәбір көрген екі жас бала ауылдан қашып шығып,жолда Ташкент шаһарына бара жатқан саудагер-арбашыларға тап болады.
Бұл 1919 жылдың жаз айы екен. Саудагерлермен бірге сол кезде «нанды қала» атанған үлкен қалаға келіп, мектеп-интернатқа орналасқан. Оқу мен білімге құштар балаң жігіт Ташкент қалалық ФЗО-сына түсіп, оқумен қатар трамвай депосында токарь болып жұмыс істеген. Еті тірі, өжет Әшір мектепте білімге зеректігін көрсетіп, жастарға үлгі болып 1920 жылы комсомолға, 1925 жылы Коммунистік партия қатарына өтеді.
1927 жылы комсомолдық жолдамамен Қарағанды облысындағы Қарсақпай кентіне жіберіліп, онда токарь болып істеді. Негізгі жұмыстан қолы қалт еткен кезде ол жұмысшылар мен жастар арасында саяси сабақ өткізіп, көпшіліктің көзін ашты. Марксизм-Ленинизммен бірге қазақтың оқымысты ұлдары Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Тұрар Рысқұловтың, Ораз Жандосовтың еңбектерін оқыды.
1928 жылы Қазақстанның сол кездегі астанасы Қызылорда қаласында өткен республикамыздың комсомолдар конференциясына қатысып, оның хатшысы болып сайланды.
Білімге деген құштарлық Әшірді Ресейдің Свердловск қаласында Тау-кен және металлургия инженерлерін даярлайтын Академияға алып келді. Оны қызыл дипломмен бітірген Ә.Бүркітбаевқа республикада алғашқы техникалық жоғары оқу орны – Қазақ кен-металлургия институтын ұйымдастыру тапсырылды және оның алғашқы басшысы болды. Міне, ғалым өмірі, жүріп өткен өнегелі жолы осындай.
Жақында Сәтпаев атындағы техникалық университет ұжымы қазақтың алғашқы инженер-геологі, мемлекет қайраткері, Қазақ тау-кен институтының (қазіргі ҚазҰТУ) алғашқы ректоры Әшір Бүркітбаевтың туғанына 110 жыл толуын кеңінен атап өтті.
Белгілі ғалым, профессор, Ұлттық академияның корреспондент мүшесі Ақжан Машанов:
– Алматыдағы Қазақ кен-металлургия институтының негізін салған Әшір Бүркітбаев еді. Ол бұрын комсомолда тер төккен. Жас жағынан қарағанда екеуміз құрдас болып шықтық. Бірде ол мені шақырып алып: «Сен екеуміз құрдаспыз. Өзің студент жастар арасында ересек көрінесің және жақсы оқиды екенсің. Сен маған студенттер арасында тәрбиелік жұмыс істеуге көмектес», – деп өтініш жасады. Мен ол кезде үйлі-балалы едім, директор жатақханадан бір бөлме берді. Оған дән риза болып, студент-жастар арасында коммунистік тәрбие жұмысына қызу араластым, – деді еске алу жиынында тебірене сөйлеп.
Қазақ политехникалық институтының 1939 жылғы түлегі, доцент М.Медведев:
– Әшір Жаналыұлы бала кезінен жарқын тұлға болатын. Өндірісте тәжірибесі мол еді. Ол әдеттен тыс қабілетті, еңбексүйгіш, білімге құштар, мінезді адам болды, жастарды өзіне ілестіре білді. Үнемі өз замандастырының арасында жаңашылдыққа, өз заманының жаңа талаптарын білуге, мақсатқа жетуге деген құлшынысымен ерекшеленді.
Әшір – толқынды қара шашты, қалың қасты, сымбатты бейнесімен есте қалды. Әшірді түпкілікті халық жастарының көпшілігі зор ықыласпен тыңдап қана қоймай, оған сене білген шешен әрі дарынды комсомол жетекшісі болған деп әңгімелейді. Оның сөйлеу мәнері орыс әдебиетін жақсы білгенін дәлелдейді. Сол кездегі мәртебелі оқу орны – Орал өндіріс академиясында оқып, оны үздік бітіруі де тегін емес еді. Бізге, студент-оқушыларға директорымыз Ә.Ж.Бүркітбаев өте сауатты, кішіпейіл, елгезек, мейірімді болатын. Ол жастардың жатақханасына келіп, олардың хал-жағдайымен танысып, қолдан келген көмегін аямайтын. Өмірінің соңғы жылдарын ғылыми, оқу-тәрбие жұмыстарына, республикада жедел дамып келе жатқан өнеркәсіптерге инженер кадрларын даярлау ісіне арнады. Коммунистік партияның тәрбиесін көрген Әшір Бүркітбаев терең ойлы, жаны жайсаң, таза жүректі нағыз коммунист болды. Ол біздің көңілімізде, жүрегімізде солай сақталып қалды, – деді. Міне, ғалымдар еске алу шарасында осылай толғанды.
Одан әрі қайраткер жерлесіміздің өмірін сабақтай түссек.
1937 жылдың 1 желтоқсаны күні Әшір Бүркітбаев «халық жауы» деген жаламен ұсталып, абақтыға жабылды. Қай-қайдағы «Контрреволюциялық ұйым мүшесі», «Отанын сатқан Жапон тыңшысы», «Ұлтшыл буржуазиялық партия мүшесі» тағы басқа адам миына кіріп-шықпайтын жала жағылды. Сөйтіп, 1938 жылдың ақпан айында Алматыдан 35 шақырым жердегі «Жаңалық» ауылының түбінде НКВД-нің жандайшаптарының оғына ұшты.
Қуғын-сүргін құрбаны Әшір Бүркітбаевтың артында 8 жасар Әсия, 5 жасар Сәния, 2 жасар Болатбатыр есімді ұл-қыздары қалды. Қабырғасы қайысып, көзі жасқа, жүрегі мұңға толып, 24 жастағы сүйген жары Ғарифа Мүрсәлімова қалды. Елдегі Досай ағасына «халық жауының бауыры» деген қара дақ жағылып, өлместің күнін көріп, замандастарының жүзіне тік қарай алмай тіршілік етті (ол өткен жүзжылдықтың 60-жылдары қазіргі Сарысу ауданындағы Түркістан ауылында өмірден озды).
Көңілде өкініш көп. Егер сол бір жантүршігерлік қуғын-сүргінге толы күндер болмаса жерлесіміз – республикамыздың комсомолының жетекшісі (сегізінші хатшысы), аракідік республикалық жастар газеті «Лениншіл жастың» (қазіргі «Жас алаштың») он төртінші редакторы болып қызмет атқарған, қазіргі Қазақ ұлттық техникалық Қ.Сәтпаев атындағы университеттің негізін қалаған және оның алғашқы ректоры болған Әшір Бүркітбаев уақыт келе еліміздің белді ғалымына, қоғам қайраткеріне айналып, халқымыздың ірі тұлғаларының бірі болар еді-ау! Өрімдей талантты ұйымдастырушы жастың өмірі бар болғаны 31 жасында қиылыпты.
…Сарғайған құжаттарды парақтай отырып, тағы бір қағазға көзіміз түсті. Одан «1958 жылдың 25 наурызында ССРО-ның Жоғарғы соты (әділет полковнигі Цирлинскийдің төрағалық етуімен) Әскери бас прокурор подполковник Базыкиннің Қазақ тау-металлургия институтының бұрынғы директоры Ә.Бүркітбаевтың ісі бойынша тергеу-зерттеу қорытындысын тыңдап, онда Жоғарғы соттың әскери алқасының 28.02.1938 жылғы үкімі қайта қаралып, сотталушы Ә.Бүркітбаевқа ату жазасы негізсіз берілген деген шешімге келді. Сондықтан Жоғарғы соттың 28.02.1938 жылғы ол үкімі күшін жойып, сотталушының іс-әрекетінде қылмыс құрамының болмауы себепті ақталсын», деген тасқа басқандай жазуларды оқимыз.
Ә.Бүркітбаевқа республика үшін ең ауыр, жалпы халықтың 65 пайызы, оның ішінде қазақ халқының 40 пайызы ғана сауатты болған кезінде жұмыс істеуге тура келді. Осыған қарамастан тұңғыш инженерлік-техникалық жоғары оқу орнын құру және дамыту, студенттер контингенті мен профессорлар-оқытушылар құрамын, материалдық-техникалық базаны, өнеркәсіп кәсіпорындарымен байланысты қалыптастыру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жетілдіру қажет болды. Оның үстіне, бұл тоталитарлық режим репрессия жасап, қазақ интеллигенциясы өкілдерін аяусыз қырып-жойып жатқан уақыт еді.
Қазір Ә.Бүркітбаевтың екі немересі – Гүлсім Асанова мен Сәуле Меркібаева Алматы қаласында тұрады. Шөбересі Тимур АҚШ-тағы университеттердің бірінде жоғары білім алған, бүгінде Дубай қаласында тұрып жатыр. Олар атасының жарқын істерін жалғастырып, әрдайым ерекше мақтанышпен, ыждаhаттылықпен оның есімін еске алып отырады.
Сарысу ауданында Әшір Бүркітбаев атында ауыл бар. Сонда ғалымға ескерткіш-бюст орнатылды. Қайраткердің 100 жылдығы қарсаңында ҚазҰТУ-нің бір институтына университет негізін қалаған Әшекеңнің аты берілді. Шымкент қаласының бір көшесі де оның есімімен аталды.
Бұл күндері жамбылдық жерлестерінің мақтанышына айналған мемлекет қайраткері, ұлтымыздың алғашқы инженер-геологтарының бірі Әшір Бүркітбаевтың есімі Тараз қаласының бір көшесіне берілсе артық болмас еді. Әшір Бүркітбаев сияқты жасындай ағып өткен Алаштың белгілі тұлғаларының есімі ұмытылмай, жадымызда жаңғырып тұрғаны өте орынды.

Сағындық Ордабеков,
медицина ғылымдарының докторы.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support