«Талас болсам да таласпаймын…»

Ерназар ауылында Талас Оразқұлов деген әзілкеш кісі бар. Ауыл тұрғындары ол кісінің тапқыр сөздеріне тәнті болып, Төкең бар жерде ауыздарына абай болады.
Сол Таластың бір ағайыны келін алады. Оқиға осыдан біраз жыл бұрын болса керек. Жастар сөзді пісірмей, келінді алып қашып келіпті. Жас келін Талас ауданының «Талас» асыл тұқымды мал зауыты жағынан екен. Содан өлі-тіріні апарып, құдалардың алдынан өтуге тілің бар деп Таласты жібереді.
Талас бастаған екі-үш кісі Таластың Үшаралына кешірімге барады. Қыздың әкесі мән-жайды естіп, «Сендер кімсіңдер? Баса-көктеп қызымды әкететіндей» деп бұларды ашулы қарсы алады. Сонда Талас:
– Ассалаумағалейкум, құда. Құда болсаңыз, шыда! Арадағы аз ғана өкпе, тарқап кетер бұ да. Құдалық Алланың бұйрығы шығар, бұйрықтан асып қайда барамыз, құда! Алла қаласа, екі жас бақытты болады. Сіздің мекеніңіз – Талас, менің есімім –Талас. Сіздің ашуыңыз, өкпеңіз орынды. Қанша жерден Талас болсам да сізбенен таласпаймын, – деген екен.
Сонда қыздың әкесінің ашуы тарқап, өзінің іні-келіндеріне «Қонақтарды жақсылап күтіңдер. Қызбен жеңгелері дұрыстап сөйлессін. Бұйрық осылай болған екен. Дауды доғарыңдар» деп бірден жібіген көрінеді.

«Бір айналам ба, шыр айналам ба?…»
Талас Оразқұлов – кеңшарда шопыр. Шаруашылықты аралайтын көлікті жүргізеді екен. Оның машинасына бірде партком хатшысы, бірде бас зоотехник, бас мал дәрігер, инженер, бас агроном кезектесіп мініп, мал шаруашылығы мен егіншілікті аралайды. Бір жолы кешке кеңшардың гаражының алдына бас агроном Қапаш Балқыбеков деген кісі екеуі келіп тоқтайды. Бас агроном көліктен түскеннен кейін сол жерде топталып тұрған адамдармен сөйлесіп тұрып қалса керек. Талас болса гараж меңгерушісіне кіріп шығып, бір күндік жұмысты растайтын қағазына бас агрономға қол қойдырмақшы болады. Сөйтсе, агроном қасындағылардың қызу әңгімесін қимай: «Талас, сен бір айналып келші, жарайды ма?» – дейтін көрінеді. Сонда шаруаны шешпей, әңгімеге беріліп тұрған бас агрономға қарап:
– Уа, басеке, бір айналам ба, жоқ әлде шыр айналам ба? Машинаға мінуді білесіз, егісті аралап қотыр жолдармен жүруді білесіз. Гараждың алдында бір топ адаммен сөйлесіп, күлуді білесіз. Екі секунд қол қоюды неге білмейсіз? – депті. Сонда ғана бас агроном есін жиып:
– Айналайын Талас, әкел қағазды, қол қойып берейін. Мына сөзіңді ешкімге қайталап айта көрме. Елге тарап кетпесін. Үйіме шақырып айыбымды жуамын, – деп шопырға әбден риза болыпты.

Дайындаған Есет Досалы,
«Ақ жол».

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/