- Advertisement -

Партия тапсырмасы пәрменді

85

- Advertisement -

Жауапсыздыққа жол берілмеуі тиіс

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының саяси кеңесі бюросының отырысында екі мәселе қаралып, алдағы жоспарлар нақтыланды. Жиында облыстық «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Уалихан Болатбек Тараз қаласы мен аудандарда «жасотандықтар» тарапынан атқарған жұмыстарды баяндады. Өңірде жастар ұйымының 10 аудандық, 1 қалалық филиалы жұмыс істейтіні мәлім. Аталған ұйымға тіркелген «жасотандықтар» қатары 14 222-ге жеткен. «Жас Отанның» 3 жоғары оқу орны мен 48 арнаулы орта білім мекемесінде де бөлімшелері бар. Олар еліміздегі жетекші партияның жастарға арналған «Сәтті қадам» және «Жастар – Отанға!» жобалары аясында жүйелі жұмыс жүргізуде. Соның нәтижесінде «Жастар кадрлық резерві» жобасына қатысушы жастардың қатары жыл санап артуда. Жоба бойынша 21 жас маманның жеңімпаз атанып, қызмет көрсетуге мүмкіндік алуы – соның көрінісі. «Жасотандықтар» ардагерлерге көмек беру үшін 37 топтан тұратын «Еріктілер мектебін» де құрған. Бір сөзбен айтқанда, атқарылған іс аз емес. Дегенмен, кемшіліктер де баршылық. Бұл 9-12 тамыз аралығында жүргізілген зерделеу жұмыстары барысында анықталған.

– Байзақ, Шу аудандарында «Жас Отан» жастар қанаты базасы толық жасалмаған. Жамбыл, Сарысу, Қордай аудандық филиалдары жұмыстарының тиянақтылықтарымен ерекшеленсе, Тараз қаласы бөлімшесі әлі күнге электронды базасын жаңартпаған. Аудандарда «Жас Отан» жастар қанатының төрағаларының жиі ауысатыны да өзекті мәселенің біріне айналып отыр. Жастар жетекшілерін жиі ауыстыратындар: Меркі, Шу аудандары. Жалақы мәселесінің де оң шешімін таппауы ұйым жұмысына кедергі келтіруде, – деді Уалихан Болатбек кемшіліктерді тізбектеп.
Бюро отырысында облыстық «Жастар саясаты» басқармасының басшысы Еркебұлан Құралбаев, Талас ауданының әкімі Болат Рысмендиев пен Жамбыл ауданының әкімі Мәден Мұсаев және Мойынқұм ауданының әкімі Бақытжан Нұркеновтің есептері тыңдалды.
Күн тәртібінде талқыланған екінші мәселе қоғамдық қабылдауларды ұйымдастыру, олардың тиімділігін арттыру жолдары болды. «Нұр Отан» партиясының Тараз қалалық филиалының төрағасы Нұржан Календеров баяндама жасап, осы бағыттарда атқарған жұмыстарды баяндады. Қала әкімінің айтуынша, бірінші жартыжылдықта филиалда өткізілген қоғамдық қабылдауда 305 азаматтың өтініші қаралып, 219-ы оң шешімін тауыпты. 86 азаматқа тиісті сала мамандары заң талаптарына сай түсініктемелер берген. Сондай-ақ, филиал төрағасының өзі 2 рет қоғамдық қабылдау ұйымдастырып, 22 өтініш қараған. Ал орынбасары 5 қабылдау өткізіп, тұрғындардың 56 өтінішінің оң шешімін табуына ықпал етсе, мемлекеттік органдардың басшылары тараздықтарды 35 рет қабылдаған. Өтініштердің дені қаланың коммуналды шаруашылығына байланысты болған.
– Құқық қорғау органдарының басшылары, яғни қала прокуроры мен қалалық ішкі істер басқармасының бастығы бірінші жартыжылдықта 11 қоғамдық қабылдау өткізді. Соның арқасында көші-қон мәселесі, оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматтығын алу бойынша сұрақтар өз шешімдерін тапты.
«STOP қылмыс» акциясы аясында 2016 жылдың 9 ақпаны мен 9 наурыз аралығында Тараз қаласы ішкі істер басқармасымен бірге «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері «Әкімшілік жауапкершілік» атты іс-шара өткізіп, қаладағы қылмыс түрінің азаюына өз үлестерін қосты. Мамырда өткізілген «Жолда қабылдау» акциясында жүргізушілердің көлік кептелісі, автотұрақ, жолдардың сапасы бойынша айтқан уәждеріне мониторинг жасалып, тиісті органдарға ұсыныстар берілді.
Тұрғындарға «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған» бағдарламасын түсіндіру мақсатында Тараз қалалық әділет басқармасымен бірлесіп, Тараз қаласының халыққа қызмет көрсету орталықтарында «Әділет кеңес береді» атты акциясы өткізілді. Сондай-ақ, «Қазпошта» акционерлік қоғамы бөлімдері бейнеконференция режімінде қабылдаулар жүргізіп, өтініш айтқан бір азамат жұмысқа, екіншісінің баласы мектепке орналастырылды. Қоғамдық қабылдаулар өткізу азаматтардың уақыттарын үнемдеуде тиімділігін дәлелдеуде.
Сонымен қатар, тұрғындардың шағым-сұраныстарына қарай Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінде 22 өтініш бойынша, «Қарасу» мөлтек ауданында 2 үйдің ауласында – 11, Тараз қаласының жұмыспен қамту орталығында 16 өтінішке қатысты көшпелі қабылдаулар ұйымдастырылды. Нәтижесінде, жұртшылық тарапынан көтерілген жұмысқа орналасу, балаларды балабақшаға, мектептерге орналастыру мәселелері шешімдерін тапты, – деді қала әкімі Нұржан Календеров.
Жиында партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Асаубай Майлыбаев Байзақ ауданында Қызыл Жұлдыз елді мекеніндегі Намазбай Ақшабаев атындағы мектеп директорының қызметін асыра пайдаланып, заңсыздыққа жол беріп, партияның ішкі тәртібіне бағынбай, партия қатарынан шеттетілгенін, партия мүшелері тиісті жаза қолдануды аудан әкімдігіне жүктесе де, аудан басшысы істі аяқсыз қалдырғанын айтып, оның себебін сұрады. Бұған Байзақ ауданының әкімі Мұратхан Шүкеев: «Қаржы полициясы мамандары директордың қылмысын дәлелдемегендіктен тек қатаң сөгіспен шектелдік. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр», – деп жауап берді.
Өз кезегінде облыс әкімі де: «Өз кінәсін мойындап, қаржы жинағандығын жанындағылар растап отыр. Бұдан артық қандай дәлел керек? Онда партияның пәрменділігі қайда, біз мұнда несіне отырмыз салаға бақылау жасап?!» – деп бұл жауапқа қанағаттанбағанын білдірді.
Саяси кеңес бюросының отырысында қаралған мәселелер бойынша облыс әкімі сала мамандарына бірқатар жұмыстарды пысықтауды тапсырды. Күн тәртібіндегі мәселелер толық қаралған соң, ұсыныстарды ескере келе, тиісті қаулы қабылданды.

Наурызбек САРША,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support