- Advertisement -

Талас өзенінің арнасы бақылауда

154

- Advertisement -

 Қызылқайнар ауылындағы су шайып кеткен газ құбыры қайта қалпына келтірілуде

Биыл жауын-шашынның мол түсуіне байланысты өзен суларының арнасынан асып, жағалауын шайып кету қаупі орын алып отыр. Айтар болсақ, Қырғыз Республикасына қарасты Киров су қоймасына мөлшерден тыс су жиналып, Талас өзеніне тасталынатын су көлемі де айтарлықтай ұлғайған. Су көлемінің артуына байланысты Жамбыл ауданының Қызылқайнар, Жасөркен ауылдарына газ тасымалдайтын құбырдың тірегі шайылып, істен шыққан болатын. Соның салдарынан 650 үй «көгілдір отынсыз» қалған. Десек те, қазір жағдай жіті бақылауда, ал газ құбырларын қалпына келтіру жұмысы қолға алынды.

Алаңдаған ауыл тұрғындарымен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев арнайы кездесіп, мән-жаймен танысып қайтты.
– Өздеріңіз байқағандай, Талас өзенінің суы әдеттегідей емес, биыл арнасы тола, ағысы қатты. Оған соңғы уақыттардағы табиғи жауын-шашынның көптігі әсер етуде. Осы орайда «көгілдір отын» тартылған құбыр тірегін өзен суы шайып кетуі орын алған. Алайда, бұл құбырларды қалпына келтіру жұмыстары жедел қолға алынды. Мен бұл іске жауапты басшыларға қалпына келтіру жұмыстарын тезірек аяқтауды тапсырдым. Ал өзен суының тасуы туралы айтар болсақ, қазір ауыл тұрғындарына алаңдауға еш себеп жоқ. Бүгінгі таңда Киров су қоймасынан Талас өзеніне келіп жатқан су көлемі секундына 156 текше метрді құраса, бұдан бұрын судың келуі секундына 245 текше метрге дейін жеткен болатын. Яғни, бұл су көлемінің бұрынғыдан әлдеқайда төмендегенін көрсетеді. Алдағы уақытта бұдан да азайту көзделуде, – деген облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев Талас өзенінің барлық жағалауы жіті бақылауда екенін, әзірге ешқандай алаңдаушылық туындап отырмағанын жеткізді.
Ал «КазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының директоры Болат Мұртазаев газ құбырын қайта қалпына келтіру үшін 10-нан астам арнайы техника жұмылдырылғанын айтты. Олар су жағалауына топырақ төсеп, құбыр жүргізуге қолайлы жағдай жасауда. Аталған жұмыс бір аптаның көлемінде аяқталады деп күтілуде.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support