- Advertisement -

Сауранбек пен Сәния

86

- Advertisement -

үйлену тойының қуанышын жетімдермен бөліскен жұп

Мейірман Сауранбек Сайрам ауданы орталығында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында бизнес-тәлімгер болып жұмыс істейді. Ал оның қалыңдығы Сәния Сейдуалханқызы жоғары оқу орындарының біріндегі экология факультетінде мұғалім. Жас жұбай­­лар жеке компанияда бірге жұмыс істеп жүріп таны­сыпты. Кейін жігіт қазіргі жұмыс орнына ауысқан.

Күйеу жігіттің айтуынша, ол өз үйлену тойының осыншама мән-мағынаға ие болатынын ойламаған. Достарының бірі жетімдерге дастархан жайған сәтін бейнежазбаға түсіріп алып, Facebook желісіне жарияламағанда бұл жайлы ешкім білмегендей де екен.
– Мен балалар үйіне барып, ата-ана мейірімінен айырылған балаларға жақсылық жасағым келіп жүретін. Сондықтан үйлену салтанаты кезіндегі серуен мен лимузинге ақша жаратқанша, оны балалар үйіндегі бейкүнә жандарға арнап, дастархан жаюға жұмсағанды жөн санадым. Қалыңдығыма бұл ойымды тойға екі күн қалғанда айттым. Бастапқыда ол сән-салтанатты ұнататын барлық қалыңдықтар секілді лимузинмен серуен құрғысы келді. Бірақ соған қарамастан менің ұсынысыма түсіністікпен қарады. Серуен сән-салтанатына 100 мың теңге жұмсалар еді, ал біз оны балалардың қуанышы үшін жараттық, – дейді жігіт.
Сауранбек балалар үйінің әкімшілігімен алдын ала келіскен. Сауранбек үш мақсатының болға­нын айтады: бірінші, балаларға қуаныш сыйлау, екінші, ысырап жасамай, ата-ана қуанышынан айырылған балаларға нағыз тойдың қалай болатынын көрсету, үшінші қал-қадерінше қайырымдылықпен айналысу.
Жігіт балалардың қатты қуанғанын айтады. Себебі балалар үйіндегі бүлдіршіндер бұрын ақ көйлек киген қалыңдықты өмірі көрмепті. Сондықтан болар өздерінің туған әпкелері немесе туған ағалары үйленіп жатқандай тебіренген. Қуаныштары олардың аға-әпкелеріне арнаған тақпақтары мен әндерінен белгілі болып тұрды дейді Сауранбек.
– Олар оқыған өлеңдер мен әндер жүрегіме жетіп, жанымды қатты толқытты. Балалардың дайындығы таңғалдырды. Әрине, осының бәрі біздің болашақ отбасымызға керемет көңіл күй, үлкен қуаныш сыйлағаны анық. Ал кешке тойымыз өтті. Онда туыстарымыз, достарымыз, ауылдастарымыз, барлығы 350 адам болды. Сөйтсек, балалар үйінде дастархан жайғанымызды ата-аналарымыз әлеуметтік желілер мен жаңалықтардан біліп риза болыпты, – дейді жас болса да бас болатын адамның тірлігін жасаған отағасы.
Сауранбектің айтуынша, ол жаңа­лықтар сайтында жазылған пікір­лерді оқып, қуанған. Қазіргі уақытта жас жұбайлар Шымкент қала­сында пәтер жалдап тұрып жатыр.
– Мен бұл істі бастадым, енді барлық қазақстандық жас жұбайлар қымбат көліктер жалдап, серуендегенше, балалар үйіне барып, қайырым­дылықпен айналысса деген ниетім бар. Қазіргідей дағдарыстың кезінде ақшаны желге шашқанша жақсылыққа жаратсақ сауап болар еді.
Сауранбектің сөзіне алып-қосарымыз жоқ.

«Ақ жол-Ақпарат».

Оңтүстік Қазақстан облысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support