- Advertisement -

Тау көтерген толағайлар

67

- Advertisement -

Хьюстонда өткен әлем чемпионатында қазақ зілтеміршілері командалық есепте үздік үштіктен көрінді

Тұңғыш Президент күні қарсаңында мәресіне жеткен АҚШ-тың Хьюстон штатында өткен әлем чемпионаты қазақ зілтеміршілері үшін табысқа толы болды. Қатарынан оза шауып бәйге алған оғландарымыздың жанкешті ерліктері Қытай мен Ресей секілді ауыр атлетика алыптары шоғырланған елдердің мамандарын таңғалдырды.
Иә, Хьюстон төрінде тамаша өнер көрсеткен 77- келі салмақ дәрежесіндегі Ниджат Рахимовты алтын жүлде алады дегенге ешкім сенбегені анық. Алайда, өзінің үздік нәтижесін көрсеткен Ниджаттың еңбекқорлығы өз жемісін бергенде бөркімізді аспанға аттық. Өйткені, бұл біз күтпеген жеңіс еді. Тіпті, екінші жаттығуда 211 келіні аспанға атқанда әлем рекордының мұрты бұзылатыны мәлім болған. Мүмкіндікті мүлт жіберді. Бәлкім, Риода жаңа рекорд орнап қалар. Қазақстан құрамасының тағы бір сенсациясы 105 келідегі Александр Зайчиковтің ерлігі еді. Қоссайыста 421 келілік зілтемірді ырқына көндірген Сыр өңірінің саңлағына әлем чемпионатының қола жүлдегері, ресейлік Давид Беджанянның өзі қарсылық көрсете алмады. Илья Ильинді жоқтатпаған ізбасары осылайша мерейімізді асырды. Өзбек атлеті Нұриддинов пен Ильин жоқта алтын жүлдені Беджанянның қанжығасына күні бұрын байлап қойған мамандардың өзі қазақстандық жас зілтеміршінің өнеріне таңдай қақты. 94 келідегі Алмас Өтешов пен жамбылдық жампоз Жасұлан Қыдырбаевтың күмісі мен қоласы Рио Олимпиадасында алтынға айналарына сенім мол. Өйткені, екі саңлақ та жоғары салмақтарды бағындырып жүр. 69 келіде екі дүркін әлем чемпионатының күміс жүлдесін еншілеген қазақтың қара домалақ қызы Жазира Жапарқұлдың да Олимпиада биігін бағындыруына тілектеспіз. Бір сөзбен айтқанда, әлем чемпионаты қазақ ауыр атлеттері үшін жеңіл өтті. Жеңісті жорықтар жалғасты болсын дейміз!

Табиғат АБАИЛДАЕВ, Есет Досалы, «Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support