- Advertisement -

Өткеннің өнегесі – бүгіннің баға жетпес байлығы

80

- Advertisement -

Қазақ халқы өзінің ғасырлар бойғы тіршілігінде өзіндік мәдениеті ретінде анықталатын рухани құндылықтарды жасап, жинақтап, шашауын шығармай сақтап келеді. Халқымыздың өзіндік генотипі мен биологиялық, әлеуметтік байланыстары атадан балаға берілуде. Сол ғасырдан-ғасырға мирас болып келе жатқан құндылығымыздың бірі қан арқылы ұрпағына беріліп, бар ұлттың ерекше сый-құрметіне бөленіп келе жатқан ізгі дәстүрі, асыл қасиеті – қонақжайлылығы.
Осындай этномәдени, рухани құндылықтардың негізі – қазақтардың этногенездік бастауы ерте кезеңдердегі сақ, ғұн, үйсін, қаңлы, бертіндегі түркілік тұтастық пен түркілік бөлшектенуге ұласқан тарихи ұлы саралану барысында өзінің ата жұртында елдіктің іргесін қалап, ұлт болып ұйысқан қазақтың қанына сіңген бауырмашылдық, меймандостық қасиеттері. Бұл туралы тарихи жазба түп деректерде көптеген мәліметтер кездеседі.
Қазақтардың қонақжай­лылығы, кісілік қасиеттері туралы кезінде Н.Зеланд:
«… Қазақ – қызу қанды жан. Оның рухына ізгілік тән, ол ылғи да жайдары жүреді, сергек. Жүйке салауаттылығы қазақтардың иманды, өнегелі бейнесінен де жақсы байқалады. Жаны жайсаң, өзгелерге іш тартқыш, ниеті ақкөңіл, барынша адал, басқаның қайғы-қасіретіне ортақтаса кетеді, балажан, қонақжай, бәрінен бұрын аса төзімді. Қатыгездік пен кекшілдік кездеспейді десе де болады. Ажалмен бетпе-бет келгенде ешқашан абыржып-абдырамайды», А.И.Левшин: «Қазақ – меймандос халық: ол ең жақсы төсенішін қонағының астына төсейді, асының дәмдісін соның аузына тосады», Э.С.Вульфсон: «Қазақ баласын үлкенді сыйлауға кішкентайынан үйретеді» деп жазған болатын.
Ертеден еркіндік пен елдікті, бейбітшілік пен берекені тілеген еліміз ешқашан өзгені өзекке теппеген. Қазақтың жақсыны жатсынбайтын қасиетімен төре кіндігінен тараған ұрпақтарды ел басына отырғызуы Тәңірінің жазуындай заңдылыққа айналды. Бұл үрдісті қазақ халқы еш қарсылықсыз қабылдады. Өз алдына ұлт болып, іргесін қалаған халқымыз небір қилы замандарды бастан кешірді.
Ел басына күн туған қилы замандарда да халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған – осы ынтымағы мен бірлігі. Жаугершілік заманда да берекесі мен қазанын ортайтпаған қанағатшыл қасиеті тал бесік пен жер бесік арасындағы біреуге ұзақ, біреуге шолақ өмір жолдарында ешкімді де өзекке теппей, өзгенің қызылына қызықпай, ұтымды іспен, орамды оймен, терең кемеңгерлікпен, ешқашанда тарылмаған кеңпейілділігімен еліміздің тамырын жаза, бұтағын жайқалтып, құшағын кеңейтіп келеді. Достық пен ынтымақ бар жерде береке мен ырыс болары айдан анық. Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік. Еліңді, жеріңді қорғау үшін бірлік қаншалықты қажет болса, тәуелсіздік жемістерін, бүгінгі қол жеткен табыстарымызды сақтап қалу үшін де ол сондай қажет.
Қашанда аталы сөзге қонақ берген қазақ өз замандарында аузы дуалы жыршы-жыраулары мен шешен-билерінің ынтымағы жарасқан ел болуға, береке-бірлікке, елі мен жерінің тұтастығын сақтауға шақырған өнегелі сөздері мен жыр-толғауларын тәлім-тәрбие ретінде атадан-балаға жатқа айтып қалдырып отырған. Осының негізінде қоғамдық өмір сахнасында көкейкесті ойлар айтылып, елдіктің ұйытқысына айналған.
Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы бақытты ел болуға талпынды. Азаттықты аңсап, тәуелсіздікті, теңдікті, елдікті көкседі. Сан жылдық аласапыран шайқас, күрес, қақтығыстардан арылып, татулықтың туы желбіреген бейбіт ел болуды армандады. Соның бәрін артқа тастап, тәуелсіздік таңына талып жеткен қазақ елі бүгінде бейбітшілік бесігінде тербеліп отыр десек артық емес.
Ата Заңымызда атап көрсетілгендей, кез-келген ұлт өкілі тең құқылы. Ұлы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» айтқан өсиетін басшылыққа алған еліміз өсіп, көркейе де бермек. Сан ұлыстың мекені болған мемлекетіміздің алар асуы алда. Қазақстанның саяси жүйесінде маңызды тұтқа болып табылатын Ассамблея бүгінгі таңда барлық этностардың мүддесін ортақ қазақстандық мүддеге айналдыруды, ұлттық ерекшеліктеріне қарамастан барлық азаматтардың құқығы мен еркіндігін сақтауды қамтамасыз ететін қоғамдық институт ретінде толығымен қалыптасты. 130-дан астам ұлт Қазақстан жерінде өмір сүріп келеді. Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен этностар қалыптастырған ел бірлігі мен тұрақтылықты сақтауға бағытталған қазіргі мол тәжірибе этносаралық мәселелерді шешудің әлемдік тәжірибесіне енуде. Киелі қазақ шаңырағына уық болып қадалған өзге этнос өкілдері «Қазақстан – достық пен татулықтың шынайы мекені» дегенді ұранға айналдырған. Ұлтаралық татулықты нығайтуға Қазақстанда тұрып жатқан әр ұлттың өкілі келешек ұрпағымыз үшін этносаралық достықтың, конфессияаралық түсіністіктің қаймағы бұзыл­мауына еңбек етіп, атсалысуда. Тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін де, елімізді жаңа белес­терге жетелейтін де біздің осы ауызбіршілігіміз. Бірлігіміз бен ынтымағымыз мәңгілік болғай!

Жанна СЕЙІТҚҰЛОВА, 
ТарМУ «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support