Нұрлы жол – болашаққа бастар жол

29Құрметті оқырман!
Сіз бүгін өзіңіздің рухани жансеріктеріңіздің бірі — «Ақ жолдың» екі мың он төртінші жылғы соңғы нөмірін оқып отырсыз. Ел тыныс-тіршілігі мен өңір өмірінде өрнекті ізі бар Жылқы жылы артта қалды. Отанымыз тәуелсіздік тұсындағы жаңа тарихының тағы бір асуынан табыспен өтті. Еліміздің еңсесі көтеріліп, халқымыздың әлеуеті арта түсті. Береке-бірлік пен тынымсыз тірлікті ұлықтаған еліміздің ұлы жолы Қой жылында да жақсылықтарға толы болсын!

Баршаға белгілі, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Нұр Отан» партиясының кеңейтілген отырысы аяқталар тұста тосыннан мәлімдеме жасап, Қазақстан халқына кезекті Жолдауын арнады. Жылда қаңтардың басында немесе бірнеше күн бұрын ескертілетін Жолдауын Елбасы бұл жолы мерзімінен ерте жариялады.Сөйтіп, халықты өзіне қарашада қаратқан биылғы Жолдау – «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» деп аталды. Жаңа Экономикалық Саясат – жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы тұра алатын ауқымды бағдарлама болмақ.
Әлем бүгінде күрделі сынақтардың алдында тұр. Жаһандық экономикалық дағдарыс, геосаяси шиеленістер, санкциялық текетірестер, сондай-ақ, энергия ресурстарына әлемдік бағаның төмендеуі ғаламдық үдерістердің белсенді қатысушысы — біздің елімізге әсер етпеуі мүмкін емес.
Елбасы атап өткендей, «…таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Әлемнің бүкіл архитектурасы өзгереді. Барлық елдер осы күрделі кезеңнен лайықты өте алмайды. Бұдан тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады…».
Міне, осындай жағдайда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында «Нұрлы жол» Жаңа Экономикалық Саясатын жариялады. Бұл тарихи құжатта дағдарысты еңсерудің кешенді шаралары ғана көрсетіліп қоймай, еліміздің әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің

қатарына енуіне қажетті жағдай, ұзақмерзімдік даму жолы анықталып отыр.
Бүгінде көптеген әлемдік алаңдарда саясаткерлер, экономистер, сарапшылар дағдарысты еңсеру, сондай-ақ, ұлттық экономиканың өсімін сақтап қалу жөніндегі тұспалдар мен болжамды шараларды қарастырып жатқанда, еліміз Елбасының стратегиялық көрегендігінің арқасында алғашқылардың бірі болып айқын, әбден пысықталған іс-қимыл жоспарын қабылдады. Алғашқы кезекте экономиканың елдің дамуына және азаматтарымыздың әл-ауқатының артуына неғұрлым оң әсерін тигізетін салаларына қолдау көрсетіледі.Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Үкіметке барлық әлеуметтік міндеттемелермен сөзсіз қамтамасыз ету міндетін жүктеді.
«Нұрлы жол» Жаңа Экономикалық Саясаты – бұл болашақтың инфрақұрылымын кең көлемде инвестициялау есебінен экономиканы жүйелі түрде қайта құру. Көлік, индустриялық, энергетикалық, тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ шағын және орта бизнеске барынша қолдау көрсету тұрақты экономиканың негізі – мықты орта тапты қалыптастыра отырып, болашақ Қазақстанның іргетасын мызғымастай етіп нығайтады.
Жолдар құрылысы өңірлерді байланыстырып, ауыл мен қаланы жақындатуға, еліміздің транзиттік әлеуетін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Шағын және орта бизнеске, сондай-ақ, азаматтарға өндіруші нарықты қолжетімді етудің арқасында сауда-саттық жанданады.Тұрғын үй-

коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылым құрылысының, сондай-ақ, мемлекеттік қолдаудың жаңа тетігінің арқасында миллиондаған қазақстандық баспанаға қол жеткізуге және өмір сапасын арттыруға мүмкіндік алады.
«Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру дегеніміз – жүздеген мың қосымша жұмыс орны, жаңа өндірістер, бизнесті жандандыру және қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру.
Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің, оның ішінде АҚШ пен Германияның тәжірибесі инфрақұрылымды кең көлемде инвестициялау болашақ өркендеу үшін мызғымас негіз қалыптастыратынын көрсетеді. Еліміз «Нұрлы жол» Жаңа Экономикалық Саясатының жүзеге асырылуын Ұлттық қорға жиналған қаржының арқасында қамтамасыз етпек.
Ел Президенті нақты іс-қимыл жоспарын бекітіп және қажетті қаржылық негізбен қамтамасыз ете отырып, мемлекет үшін сын-қатерлерді мүмкіндіктерге айналдыра келе, экономикамыздың бұдан әрі өрлей беруі үшін барлық шараны қабылдады.
Мемлекет басшысы атап өткендей, «…жаһандық сынақтан өту үшін біздің топтаса білуіміз қажет. Біз барлық қазақстандықтар арасындағы сенімді нығайтуға тиіспіз… Бірлігіміз бен этносаралық келісімді біздің өзіміз сақтауға тиіспіз».
«Нұрлы жол», бұл – ел дамуының жаңа кезеңінің бастауы. Бұл тек дағдарысты еңсеру бағдарламасы ғана емес. Бұл — біздің ортақ мақсатымыз – Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына енуін қамтамасыз ете отырып, бұрынғыдан да күшейе түсуіміздің, топтасуымыздың және Мәңгілік Ел идеясын іске асыруымыздың тарихи мүмкіндігі.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/