- Advertisement -

Біз – чемпионбыз!

99

- Advertisement -

Жамбыл боксшылары федерация кубогының иегері атанды4 2Бұл біздің өңір үшін көптен күткен жеңіс! Тәуелсіздік мереке­сіне былғары қолғап шеберлерінің тартуы! Иә, жерлестеріміз Қазақстан бокс федерациясы кубогының жартылай финалында алдымен Алматы облысының командасын 6-5 есебімен жеңіп, (қосымша кездесуде 69 келідегі боксшы Сағадат Рахманқұлов жеңісті жұлып алды) финалға шықса, дәл сондай есеппен
ақтық сында Ақмола облысының құрамасын тізе бүктірді!

Күрзі жұдырықты шеберлеріміз алдымен жартылай финалда Алматы облысымен жұдырықтасқанын айттық. Сол тартысты бәсекеде «шыбындар» салмағындағы (49 келі) Шерхан Сүгірбек Мардан Берікбаевқа қарсы шықты. Жерлесіміз жарақат алып қалған соң келесі күнгі финалдық кездесуге шықпайтыны анықталды. Сонымен қатар, 60 келідегі үмітіміз Жәнібек Күшенбаев қарсыласы Роман Щегриновтан ауыр соққы алып қалды да, ол да келесі күнгі жекпе-жекке қатыспайтыны мәлім болды. Дегенмен, 52 келідегі Олжас Сәттібаев, 56 келідегі Алмас Жақыпов, 64 келідегі Ғани Жайлауов, 69 келідегі Асланбек Шымбергенов, 91 келідегі Мұрат Құралбаевтардың жеңісі жұртты желпіндірді. Есеп теңескен соң, Сағадат Рахманқұлов қосымша кездесуде қарсыласының мысын басып, ақтық сынның жолдамасын әперді. Аты аталған жігіттеріміздің барлығының жеңісін күткенімізбен, мамандар 91 келідегі Мұраттың жеңісіне ерекше риза болысты. Ол фаворит саналған Арбек Әбдунағиевтен айласын асырған болатын.

Ақмола облысына қарсы өткен ақтық финалда бізден жоғарыда аты аталған қос боксшымыз рингке көтерілмесе, қарсылас командада аса ауыр салмақтағы боксшы табылмады. Жамбылдықтардан алғаш шаршы рингке шыққан 52 келі салмақтағы жерлесіміз Олжас Сәттібаев қарсыласы Ануар Батырхановтан анағұрлым басым түсіп, есепті теңестірсе, 56 келідегі былғары қолғап шеберіміз Алмас Жақыпов Нұрсұлтан Көшеғұловтан жеңісті тартып алды. Келесі салмақта біздің боксшы болмағандықтан есеп теңесті. 64 келіде жұдырықтасқан Ғани Жайлауов күтпеген жерден қарсыласы Сабыржан Бақбергеновке есе жіберді. Бұдан кейін рингке шыққан 69 келідегі боксшымыз Асланбек Шымбергенов Тимур Мақсұтовты айқын жеңді. Есеп қайта теңескен сәтте рингке шыққан Нұрсұлтан Жаңабаев 75 келідегі қарсыласы Жандос Хайруллаевтан басым түсті. Осылайша есепте алға шықтық. Жалпы әр салмақтағы боксшыларымыз өзінің қарымын көрсетті. Қарсыластарымызда аса ауыр салмақтағы боксшы болмағандықтан есеп 5:5 болды. Кейбір боксшыларымыз жеңіліске ұшырағанымен, нашар бокстасты деп айта алмаймыз. Ал, қосымша кездесуде біздің облыстан рингке 49 келідегі Азамат Исақұлов беттесе, қарсыластарымыз оған қарсы тұратын боксшы таба алмады. Осылайша жерлестеріміз жеңіске жетті. Ақтық сында асығы алшысынан түскен жерлестеріміз кубокпен қатар 25 миллион теңгеге иелік етті.

Табиғат Абаилдаев,
«Ақ жол».

Астана-Тараз-Астана.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support