Моңғол балуандары басым болды

Ал қазақ күресі әлемге танылды

Қазақ күресінің абыройын асырған екінші халықаралық «Еуразия барысы» мега жобасына биыл құрлықтың он екі командасы қатысты. Хош, сонымен…
Балуан Шолақ бабамыздың жүз елу жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған аламанның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев доданың сәтімен өтуіне тілектестігін білдірді.
2 3Мұнан соң командалар көрермендердің көз алдында жеребе арқылы жұптастырылды. Қазақстан құрама командасы алдымен аспан асты елінен келген қытайлықтармен күш сынасты. Бұл жұпта біздің жігіттер өздерінің айқын басымдылықтарын танытып, 5:0 есебімен жеңісті жұлып алды. Абзал Арыстанбеков, Қайрат Ағыбаев, жерлесіміз Дәулетхан Жақып, биылғы «Қазақстан барысы» Мұхит Тұрсынов бастаған жігіттер қарсыластарын алып ұрып, қас пен көздің арасындай уақытта өздерінің басымдылықтарын дәлелдесе, түйе балуан Айбек Нұғымаров қана белдесудің соңына дейін апарды. Бұдан кейін Тәжікстан өзбектердің құрамасын 3:2, Моңғолия Ресей балуандарын 5:0 есебімен күйрете жеңді.
Екінші айналымда Әзірбайжан құрамасымен кездескен біздің балуандар тағы да өздерінің басымдылықтарын анық аңғартты. Есеп тағы да 5:0. Жеребе жолдас болып, екінші айналымға еркін шыққан Грузия балуандары Украина жігіттерінің жауырындарын жер иіскетті. Есеп 3:2. Қап тауынан келген жігіттердің пайдасында.
Бұл аламанға алғаш қатысып отырған қырғыз елінің командасына да екінші кезеңде жеребе жолдас болмады. Азуын айға білеген алпауыттар топтасқан Моңғолия құрамасы оларды ірі есеппен іремей сойды. 5:0. Түркия құрамасына да тәжірибе жетіспегендігі анық аңғарылып тұрды.
Жартылай финалда біздің жігіттер Грузия құрамасымен кездесті. Әр кездесуде мейлі, күші келмесін, тау халқы балуандарының жеңіске деген талпынысына тағы куә болдық. Рас, 4:1 есебімен басым түстік. Дегенмен, грузиндер бұл турнирге кем түсу үшін емес, қарсыластарымен кемінде тең түсу үшін келгендіктерін байқатты. Грузия құрамасының балуаны Заур Гагнидземен белдесу барысында жерлесіміз Дәулетхан Жақып әдіс жасаймын деп, жарақат алып қалды. Сіңірін созып алса да жанарынан жеңіске деген ұшқын атқан батырымыз соңына дейін барын салды. Бірақ, иектеген жарақат өз әсерін бермей қоймады. Нәтижесінде грузин балуаны командасының еншісіне бір ұпай жазды.
Жартылай финалдың екінші жұбында моңғол батырлары өздерінің теңдессіз екендіктерін тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Тәжікстен құамасына олар соқыр ұпай ұстатқан жоқ.
Ал, үшінші орын үшін болған белдесуде Қап тауының өкілдері Тәжікстан құрамасының балуандарын 3-2 есебімен жеңіп, үшінші орынға табан тіреді.
Бұдан кейін біз күткен гранд финал да басталды. Өткен жылғы финалдың жаңаша сценарийі. Арагідік жаңа есімдер бар. Он екі елдің ішінен суырылып, үш кездесуде қарсыластарын жерге қаратқан қос алпауыт елдің нәтижесі қандай болмақ? «Кім жеңеді?» деген сұрақ алабұртқан көңілдерге күдік ұялата бергені де бар еді. Он екі команданың төртеуі ширек финалға еркін өтсе де, қос команда бәрін басына бастаған төрт ұжымның санатынан. Бір сөзбен айтқанда, қазақ балуандары да, моңғол батырлары да шаршаңқы.
Моңғолия – Қазақстан құрамаларының финалын бәріміз де күттік. Сонымен, бірінші болып бозкілемге беттеген Абзал Арыстанбеков өткен жылы айласын асырған Хэрлен Гандболдұлына қарсы. Абзалға дейінгі қарсыластарын қирата жеңген моңғол балуанының жанарында от ұшқындап тұр. Бекер емес екен. Абзалдан қарымтасын қайтарды. Арыстанбеков шамасы келгенша шайқасты, намысты қолдан бермеуге тырысты. Бірақ, моңғол жігітінің десі басым болды. Жетпіс келідегі жампозымыз Қайрат Ағыбаевқа тіпті оңай емес. Ресей мен қырғыз балуанын ауада шыр көбелек айналдырған моңғолдардың ұлттық батыры Цагаанбаатар Хашбаатарұлымен белдесу кімге болса да оңай тимесі анық еді. Іс жүзінде солай болып шықты. Рас, Қайрат қайраты жеткенше қарсыласты. Бүк ұпайын екі мәрте алды. Бірақ, Цагаанбаатар мықты екен. Өзінің басымдығын байқатып, есепті еселей түсті. Үшінші болып бозкілемге беттеген, Дәулетханның орнына шыққан Бегімхан Әділбеков қолда тұрған жеңісті сусытып алды. Бегімхан отыз секунд шыдас бергенде бәлкім үшінші кездесуде басым түсер ме едік. Амал нешік, бұл белдесуден кейін Моңғолия жігіттері жеңімпаз атанып қойған болатын. Төртінші кездесуде биылғы «Қазақстан барысы» Мұхит Тұрсынов та қарсыласы Цогтэрэл Хуягтулынан жеңіліп қалды. Екеуі бір-біріне алма-кезек әдіс қолданды. Дегенмен, қонақтардың спортшысы басым түсті. Аса ауыр салмақта сынға түскен 205 келілік моңғол алыбы Сугаржаргал Болдпурэвті өткен жылы Бейбіт Ыстыбаев таза жеңгені жадымызда қалғандықтан ба, бұл жолы да Айбек Нұғымаров алып ұрар деп топшылағанбыз. Бірақ, Бейбіт басқа, Айбек басқа екен. Екеуінің белдесуі іш пыстырып жіберді. Бес минут бойы алысқан қос алыптың қайсысы басым болғанын әдістен гөрі ескертулер анықтап берді. Төрешілер тарапынан бірнеше ескерту «еншілеген» моңғол балуаны жеңілді. Айбек әупірімдеп жүріп қоржынымызға жалқы ұпайды салды.
Тура өткен жылғы есеп. Алайда бұл жолы моңғолдардың пайдасында. Жеңілдік деп жасудың қажеті жоқ. Өйткені моңғолдардың төл күресі «бох» деп аталады. Олардың бір белдесуі тіпті төрт сағатқа дейін созылады екен. Осы тұрғыдан келгенде қонақтардың физикалық тұрғыдан осал емес екені анық. Моңғолдардың жеңіске жетуі қазақ күресін өзге елдердің де тани түсетіндігін аңғартса керек. Бұл қазақ күресі үшін қажет «құрбандық». Оның үстіне оларды қазақ күресінің сырына қанық қандасымыз Бақыт Онлай баптайды.
Сонымен Моңғолия құрамасы бас жүлдемен қатар елу мың долларды, өзге де сыйлықтарды иеленсе, біздің жігіттер жиырма мың долларды еншіледі. Үздік үштікке енген Грузия құрамасының қоржынында он мың доллар бар. Төртінші, сегізінші орын аралықтарын өзара бөліскен командалар да қаржылай сыйлықтан құр қалған жоқ. Ең бастысы грек рим күресінен Мәскеу олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, өзге де саңлақ спортшылар, шенеуніктер келген дода тартысты өтті. Облысымыздың дене шынықтыру және спорт басқармасы да жоғары деңгейде ұйымдастырылуына қол ұшын берді.

Comments are closed.