Германиядағы дода жерлесіміз Әйгерім Асқарова чемпион атанды

Германияның Штральзунд қаласында дәстүрлі «Queens Cup» халықаралық турнирі мәресіне жетті. Биыл үшінші рет жалауы желбіреген додада негізінен кәрі құрлық былғары қолғап шеберлері қатысты. Азиядан тек қазақ елі ғана додада бақ сынады. Бұл туралы «Топжарған.kz» сайты хабарлады.
Жасөспірім қыздар, бойжеткендер және әйелдер арасындағы әлем мықтылары неміс елінде барын салып, жанын салып-ақ айқасты. Халықаралық турнирдің жылдан-жылға ауқымы кеңейіп келеді. Әлем чемпионатының жүлдегерлері Саванна Маршалл (Ұлыбритания), Анна Лоурелл (Швеция) сынды мықтылардың әлеуетін бақылай алдық.
Енді өз аруларымыздың жағдайын саралайық. Еуропаға аттанған отандастарымыздың абыройы асқақтап қайтты. Жасөспірім қыздар үш алтын, төрт қола жүлдеге иелік етсе, бойжеткендер бір алтын, екі күміс және үш қоламен қуантты.
Жасөспірім қыздар сапынан финалда жұдырықтасқан Динара Какенова, Аида Әбікеева және Аида Оңдаш қарсыластарынан анағұрлым басым болды. Меруерт Қонысбай, Ұлдана Нұрланова, Азиза Кеңес және Надира Маратова жартылай финалда сүрінді.
Бойжеткендер бәсекесінде Баян Ақбаева қара үзіп шықса, Назерке Жұрғараева мен Балауса Мұздыман күміс жүлдегер атанды. Ангелина Лукас, Махаббат Әбдіманапова және Ақтолқын Кеңесбекованың қола жүлдесі тағы бар.
Әйелдер жарысына құрамадан жалғыз Әйгерім Асқарова қосылып, бұл сында да алтынға қол жеткіздік. Тараздық Әйгерім Асқарова финалда польшалық Гронсканы бет қаратпай жеңді. Жартылай финалда ол алманиялық ару Сара Борманнан анағұрлым мықты екенін байқатып, айқын басымдықпен жеңді.
Осылайша, Еуропа төрінде аруларымыздың абыройы биіктеп қайтты. Әрі қарай финалдағы техникалық нәтижелермен таныс болыңыздар.

Финал:
Қыздар:
48 келі: Динара Какенова (Қазақстан) – Шоун Бланэй (Ирландия) – 2:1
60 келі: Аида Әбікеева (Қазақстан) – Леа Коуверчелле (Франция) – 3:0
+80 келі: Аида Оңдаш (Қазақстан) – Жессика Морка (Германия) – 3:0

Бойжеткендер:
51 келі: Танесиа Валентин (Нидерланды) – Назерке Жұрғараева (Қазақстан) – 2:0
54 келі: Алисие Хользен (Нидерланды) – Балауса Мұздыман (Қазақстан) – 3:0
69 келі: Баян Ақбаева (Қазақстан) – Анастасия Богданов (Германия) – 3:0

Әйелдер:
48 келі: Әйгерім Асқарова (Қазақстан) – Анжелика Гронска (Польша) – 3:0

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Comments are closed.