- Advertisement -

Аудан әкімдерінің сыналатын сәті туды

38

- Advertisement -

Есет досалы

Әлемді әбігерге салған пандемия біздің елімізге де оңай соғып жатқан жоқ. Дүйсенбі күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шаралары жөнінде кеңес өткізіп, осы жағдайға ерекше назар аударуы бекер емес. Жұқпалы індетке қатысты облыстық штабтың кезекті отырысын өткізген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сөзін Мемлекет басшысының: «Бұл мәселеге Үкімет және әкімдер тікелей жауапты» деген тапсырмасынан бастады. Жиынға онлайн қатысып отырған Тараз қаласы және аудан әкімдеріне осы мәселені ескертіп, бұл жауапкершіліктен ауылдық округ әкімдері де сырт қалмайтынын жеткізді.

Жиында Бердібек Машбекұлы өңірде індетке қарсы іс-шаралардың нашар жүріп жатқанын баса айтты. Ал індет болса өршіп барады. Оған тұрғындардың сенімсіздігі, жергілікті жердегі аудан, ауыл әкімдерінің түсіндіру жұмыстарының дұрыс ұйымдастырылмауы кері әсерін тигізуде.
– Осыдан бір ай бұрын облыста індетпен ауырғандар саны 313 болатын, қазір 693 адамға жетті. Көрсеткіш бір айда екі есеге артты. Мейрамханаларда дүркіретіп той өткізу, саябақтарда көпшіліктің жиналып, бетпердесіз, санитарлық талаптарды сақтамай қыдыруы толастайтын емес.

Мекеме қызметкерлері де қорғанып жатқан жоқ. Дезинфекциялау жұмысы төмен. Денсаулық сақтау министрі Президентке өзінің жобаларын ұсынды, әр өңірге қаржы және құрал-жабдықтар керегін айтты. Сол бөліністен өзіміздің үлесімізді, қажетті құрал-жабдықтарымызды алуымыз керек. Мен осыны ұйымдастырып, Денсаулық сақтау министрлігімен байланысуды бірінші орынбасарым Бекболат Орынбековке тапсырамын. Дәріханаларда бетперде қымбат, дәрі жоқ деп тұрғындар дабыл қаға бастады. Қарапайым ғана парацетамол, аспирин сынды дәрілер Т.Рысқұлов, Қордай, Мойынқұм аудандарында да тапшы. Сарысу, Мойынқұм, Талас аудандарында бір реттік бетперде 120 теңгеден сатылып жатыр деген ақпарат бар. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше дәрі жеткілікті. Біздің өңірде де кемінде екі аптаға жетерлік дәрілер бар. Бірақ тұрғындарға түсіндіру қажет. Мысалы, аспириннің, парацетамолдың орнын басқа қандай дәрі алмастырады. Егер алмастырса, оны газеттер арқылы, телеарна арқылы түсіндіріп айту керек. Аудандарда медициналық мамандар жетіспейді. Осы орайда еріктілерді, медициналық университет және медициналық колледж студенттерін тарту қажет. Оның бәрінің есебі бізде болуы керек. Дәрілердің тапшылығын қадағалауымыз қажет. Халыққа түсіндіру жұмыстарын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы күшейтуді жалғастыру керек.
Облыста 39 «Жедел жәрдем» экипажы бар екен, тағы 10-ын алдырдық. Енді тағы 50-ден астамы келеді. Бұл жағдаймен нақты күресетін мезгіл жетті. Аудан әкімдерінің сыналатын сәті туды. Енді жұмыс істейтін уақыт келді. Талапты тыңдамаған нысан иелеріне көп көлемде айыппұлдар салынады немесе заңмен жазаланады. Оның бәріне аудан әкімдері және басқа да жауаптылар түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс, – деді облыс әкімі.
Мұнан соң облыстың санитарлық эпидемиологиялық қауіпсіздігіне қатысты облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков сөз сөйлеп, бірқатар мәселелерге назар аударды. Ол алдағы уақытта азық-түлік сататын дүкендерден өзге сауда орындарын, басқа да мекемелерді жабу немесе аз ғана сағат жұмыс істейтін режімге көшіруді ұсынды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов өңірде инфекциялық аурулар бойынша – 665, провизорлық бойынша – 430, карантиндік аурулар бойынша – 320 төсектік орын бар екенін, олардың 70 пайызға жуығы індет жағдайына байланысты резервте тұрғанын, одан бөлек «Айша бибі» шипажайы мен «Аналарды аялау» орталығынан да орындар қарастырылып отырғанын айтты. Алайда сол орындарды жабдықтауға 68 миллион теңге керек екен. Емханаларда да «COVID-2019» қызметі құрылып, пульмонолог, кардиолог, невропатолог, эндокринолог, психолог мамандардан әлеуметтік профильдік топ жасақталып жатқанын жеткізді.
Облыс әкімі жиынды қорытындылай келе: – Президент бұл індетпен күресті әкімдерге тапсырды. Жергілікті жердегі тұрғындарға жағдайды түсіндіру, оларды сақтандыру аудан әкімінің міндеті. Бұл вирус тұрмысымызды түгел өзгертті. Вирус – алдыңғы шепте жүрген дәрігер, әскерилер, ішкі істер саласы қызметінің, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін көрсетті. Ал облыстың мемлекеттік бас санитарлық дәрігерінің шешімімен карантин талаптары қайта күшеюі мүмкін. Осы жұмысты қадағалауды бірінші орынбасарым Бекболат Орынбековке тапсырамын. Бұл шектеулер азаматтардың өмірін сақтауға мүмкіндік береді. Біз жақын жанашырларымыз үшін жауап беріп, сақтық шараларын сақтауға тиіспіз. Коронавирустың да бітетін уақыты болады. Ол міндетті түрде аяқталады. Алда бізді жарқын күндер күтіп тұр. Әр отбасына амандық, береке, саулық тілеймін, – деді.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support