- Advertisement -

«Топағаштан» «Сұмқайттыға» дейін…

235

- Advertisement -

Көлік жарысы ішкі туризмнің дамуына септеседі

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тұрар Рысқұлов ауданына жұмыс сапарымен барып, облыстық «Джип Сафари» іс-шарасының ашылу салтанатына қатысты. Іс-шараның мақсаты – аймақта ішкі туризмді дамыту, облысымыздың киелі жерлерін елге паш ету, тарихи-мәдени ошақтарды халыққа танытып, туристерді тарту болып табылады.

Ләззат Құралбаева

Жамбыл жері тарихтан сыр шерткен, Ұлы Жібек жолында орналасқан аймақ. Өңірде 3441 тарихи-мәдени құнды ескерткіштер сақталған. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан көне Тараз қаласы мен аудан аймақтарында ЮНЕСКО-ның қарауына енген 5 нысан және 6 мемлекеттік аймақ, 67 негізгі туристік нысан бар. Облыста негізгі 37 туристік нысанды қамтитын 22 арнайы туристік бағыт құрылған. Солардың бірі Т.Рысқұлов ауданындағы «Шәушен» шаруа қожалығына тиесілі демалыс орны. «Джип Сафари» іс-шарасы осы тау бөктерінде орын тепкен табиғаты тамаша «Тау-қымыз» емдік сауықтыру шипажайы аумағында өтті. Облыстық туризм басқармасы ұйымдастырған іс-шараға «Джип» клубының мүшелері, блогерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, 300-ге жуық автокөлік саяхатын сүйетін қауым және еліміздің танымал өнер жұлдыздары қатысты. Атап айтсақ, Сәкен Майғазиев, Индира Расылхан, Кенжебек Жанабилов, Жанқош Тұраров, Ринат Заитов, тағы басқа өнерпаздар арнайы шақырумен келіп, салтанаттың шырайын ашты.

Облыс әкімі бастаған топ ең алдымен туризмді дамыту мақсатында қойылған арнайы көрмені тамашалады. Онда республикаға танымал фототілші Алтынбек Қартабайдың облыстың туристік, тарихи жерлерінен түсірілген туындылары қойылған. Сонымен қатар, «Рыспаева и К» полиграфиялық компаниясының қолөнер бұйымдары мен баспахана өнімдері көрсетілді. Сәуле Рысбаева компанияның құрылуынан бастап бүгінгі күнгі тыныс-тіршілігіне дейін аймақ басшысына баяндап, өнімдерімен таныстырды. «Көне Тараз» сериясымен шығарып жатқан қолөнер туындылары келген қонақтарды тәнті етті. Сәуле Рысбаева бірнеше жылдан бері балалардың білімі мен тәрбие жұмыстарына атсалысып, балабақша, мектеп ашқаны туралы да сөз етті.
Ал «Асыл апам» шаруа қожалығында экотуризмді дамыту мақсатында сол мектеп оқушыларына жылыжай, сүт фермасы, мал шаруашылығы кәсібін үйрету, жалпы бала кезден кәсіпке баулу сабақтарын өтеді екен. Облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының көрмесі де құнды жәдігерлерді көрсете білді. Көрмеде Көне Тараз қалашығынан табылған Х-ХІ ғасырлардағы қыш құмыралар мен суқұйғыш, қол шырақ, тостағандар бар. Экскурсоводтар қонақтарды көне жәдігерлер тарихымен таныстырып, тарихтан сыр шертті.
Халықаралық сән көрсетілімдерінің бірнеше дүркін жеңімпазы «Аспара-Хан» брендінің киім үлгілері де көптің назарын өзіне аударды. Айдархан Қалиевтің эксклюзивті ұлттық нақыштағы көйлектер мен орамалдар желісін көрген кеш қонақтары жаңа брендке айналып жүрген жусан мен адыраспаннан жасалған иіс суларға тәнті болды. Туған жердің иісі аңқитын парфюмерлік бұйымдар шетелден келген бауырластарымыздың арасында өте жоғары сұранысқа ие екен. Бұдан соң «Джип Сафари» туризмді насихаттау мақсатындағы іс-шараның ашылу салтанатында облыс әкімі Бердібек Машбекұлы сөз сөйлеп, туризм – мемлекеттің дамуының негізгі саласы екенін атап өтті.
– Кейбір мемлекеттерде ешқандай табиғи ресурс жоқ. Дегенмен бай тарихын насихаттаудың арқасында туристерді көптеп шақырып, ел экономикасы мен әлеуетін көтеруде. Киелі Әулиеата жерінде мыңдаған жылдық тарихи бар көптеген нысандар бар. Олардың барлығын бүкіл Қазақстанға, әлемге таныту – біздің мақсатымыз. Бүгінгі іс-шараға арнайы танымал әншілерді шақырдық. Бұл азаматтардың әлеуметтік желілерін миллиондаған оқырмандары қарап отыр. БАҚ арқылы, әлеуметтік желі арқылы мәдени ошақтарды көрсетіп, туристерді тартуымыз қажет. Қазақстанның атын дүниежүзіне танытып, абыройы мен беделін көтеріп жүрген әншілер қауымы, біздің шақыруымызды қабыл алып, келгендеріңізге рақмет. Бұл іс-шараны сіздер арқылы миллиондаған еліміздің тұрғындары, шетелдіктер көреді, таниды. Бүгінгі «Джип Сафариға» іс-шарасына қатысып отырған азаматтарға сәттілік тілеймін, – деді аймақ басшысы. Бұдан соң іс-шара қатысушылары турдың арнайы дайындалған бағыты бойынша «Топағаш» тоғайы, «Арғынкөл» жағалауы мен «Сұмқайтты» жазығына жол тартты.
Облыс басшысы Бердібек Машбекұлы ауданның бірнеше нысандарын аралап көрді.
Биылғы жылы ауданға мемлекеттік бағдарламалар аясында құрылыс жүргізу үшін облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлінген. Соның ішінде «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында Әбжапар ауылында ауызсу құбырлары жаңартылуда. Аймақ басшысы құрылыс басына барып, жұмыс барысымен танысты. «Тараз – Ирригация» ЖШС жүргізіп жатқан құрылыс жұмыстарына 573,561,0 мың теңге бөлінген. 2021 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған құрылыстың қарқыны жаман емес. Жұмыстар кестеге сай, тоқтаусыз жүруде. Су 70-80 метр тереңдіктен шыққан. Көп жылдардан бері ауызсу тапшылығын көріп отырған ауылдықтарды келесі жылы таза ауызсумен қамтылатындығы қуантады. Ауылдағы су құбырларының 2,5 шақырымы бүгінгі күні жаңартылыпты. Мердігер компания құрылысты биылғы жылы пайдалануға беруді жоспарлауда.
Келесі кезекте Бердібек Машбекұлы Көгершін ауылдық округіне қарасты Сұмқайтты ауылындағы Александр Линниктің егіс алқабын көрді. Шаруашылыққа тиесілі 14500 гектар жер бар. Оның 9500 гектарына егіс егілген. Ал қалғаны сүдігерге қалдырылған. Биылғы егістің жағдайы көңіл қуантады. Жоспарлаған өнімді алуға толықтай мүмкіндік бар. Шаруашылық қажетті техниканың барлығына қол жеткізген. Атап айтсақ, 11 бірлік «Джон дир» комбайны,11 бірлік трактор, 1- «К-701», 2-МТЗ-80, 5-ДТ-75 және қосалқы техникалары бар. Жылда өз өнімдерін жинап-теріп болған соң ауылдықтарға егістерін жинауға қол созады екен. Шаруашылық негізінен тұқым өндіруші, сақтаушы болып табылады. Егіннен бөлек асыл тұқымды мал өсірумен, құрылыс және техникалық қызмет көрсету, сауда-саттық қызметтерін де қолға алған.
Егіс алқабын аралап көрген аймақ басшысы Құмарық ауылындағы Болтай батыр мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Мектеп директоры Рабиға Жаңабердиева құрылыс жұмыстарының барысын баяндап, жоспарланған өзгерістер туралы айтты. Білім ордасы екі ғимараттан тұрады. Бір бөлігі 1968 жылы соғылған. Ол 2014 жылы толықтай күрделі жөндеуден өткен. Ал екінші ғимараты 1991 жылы пайдалануға берілген. Сол жылдардан бері еш жөндеу көрмеген. Облыс басшысы бас жобалаушы Мұрат Махмудовпен жоба аясында пікір алмасып, екі ғимараттың да сырт келбеті біркелкі болу керектігі туралы айтты.
– Мектептің сырты ажарлы болуы тиіс. Бұл әкімдік, ұйым-мекеме емес. Көзтартарлық, балалар қуана келетін білім ордасы болуы тиіс. Құрылыс тек жаңартылып қана қоймай, жағымды өзгерістерімен де ерекшеленуі қажет. Қайта қарастырып, ортақ шешімге келуді тапсырамын, – деді аймақ басшысы.
Мектеп ауласына шыққан соң ескі асфальт төсемені ауыстырып, өрнектас төсеу мәселесін ойластыруды аудан әкімі Е.Садырқұловқа тапсырды.
Бұдан соң іссапар Жарлысу ауылындағы ауызсу құрылысы басында жалғасын тапты. «Жігер –2004» серіктестігі ұтып алған жобаға 498,599,0 мың теңге қарастырылған. Пайдалану мерзімі келесі жылға жоспарланыпты. Ауылда 23 шақырым ауызсу құбырын тарту жұмыстарына 28 адам жұмылдырылған. Облыс әкімі құрылыс жұмыстарына отандық өнімді пайдалануларын тілге тиек етті. Ал Өрнек ауылдық округінің әкімі Бауыржан Ақүрпеков ауылдың тыныс-тіршілігін қысқаша баяндап, мұнда 150 мың мал басы бар екенін, 15 гектарға бақша, 50 гектар жерге қант қызылшасы егілгенін айтты.
Жоспарланған нысандарды аралап көрген соң облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осы ауылдың тумасы «Шәушен» шаруа қожалығының иесі, меценат, жомарттығымен бүкіл Қазақстанға танымал болған Сайрамбай Дөненбаевтың игі істерін көрді. Тұңғыш Президент қабылдауында болып, «Еңбек ері» атанған Сайрамбай ағамыз туған ауылында мешіт, балабақша, шаруашылық қызметкерлеріне үй соғып берген. Сонымен қатар ауылдағы әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарды қолдау мақсатында жылына 50 миллион теңге қаражат бөліп тұруды дәстүрге айналдырған. Аймақ басшысы 2012 жылы пайдалануға берілген интернат ғимаратын көрді. Мұнда шаруашылық қызметкерлерінің, яғни мал бағушы шопандарының балалары жатып, білім алады. Интернатта бүлдіршіндерге барлық қолайлы жағдай жасалған. 40 балаға шақталып соғылған ғимаратта бүгінгі таңда 38 бала тәрбиеленуде. Интернат директоры Дархан Бұланбаев шәкірттерінің арасында облыстық ғылыми-зерттеу байқауларының жеңімпаздары атанып жүргендері де бар екенін тілге тиек етті.
Интернат ауласында 2014 жылы бой көтерген бабаларға тағзым ескерткіші көз жауын алады. Жарлысу ауылында 1931-1932 жылдардағы ашаршылық кезеңінде 700 отбасынан 70 отбасы қалған. Зұлмат жылдардың қиыншылығын көрген, Ұлы Отан соғысының қасіретін тартқан ата-бабалар рухына арнап соғылған ескерткіш алды субұрқақ, гүлзарлармен абаттандырылған. Жалпы Сайрамбай Дөненбаевтың жомарттығы, ерлігі, еңбегі туралы көп айтуға болады. Атымтай жомарт азаматтың игі істерінің куәсі болған облыс әкімі Бердібек Машбекұлы алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Ал ауданда тұсауын кескен «Джип Сафари» іс-шарасы жалғасын тауып, қатысушылар 28 маусым күні өңірдің тарихи-мәдени нысандарына экскурсия жасады. Онда «Ақыртас», «Тектұрмас» этномәдени кешендері мен «Қарахан», «Дәуітбек», «Айша бибі» және «Бабаджа хатун» кесенелері қамтылды.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support