Көзін тапқанға табыс көп

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Жамбыл ауданына жұмыс сапарымен барып, ең алдымен ауылдықтардың табысын арттыру бағытындағы пилоттық жобаның қалай іске асырылып жатқанына баса назар аударды. Бірінші нысан Бесағаш ауылдық округіне қарасты Түрксіб ауылында жеңілдетілген несие алып, жеке кәсіп ашқан Рысбек Иманалиевтың мал бордақылау шаруашылығында болды.

– Малдың бабын білген соң тәуекелге бардым. Пилоттық жоба бойынша 2,5 пайыздық өсіммен 5 миллион теңге несие алдым. Бордақыланып жатқан екі жасар бұқаларға күніне бес килограмм жем, бес кило шөп беріледі. Тәулігіне өгізшелер 800 грамға дейін салмақ қосып отырады. Гисар тұқымдас қойларым семірген кезде 60 килодан аса ет береді. Бұлардан бөлек 4 сиыр бар. Ал тағы төрт құлынды бие мен бір айғырды өріске жібердік.
Мүйізді ірі қара малды шет елге тірідей жіберуге тыйым салынғаннан он күн өткен соң-ақ бұқаларымыздың етінің бір килограмының бағасы бірден 1800-ден 1600-ге, ал сиырдың еті 1200 теңгеге төмендеді. Сойылып сатылатын малымыздың терісі мен жүнін еш жерге өткізе алмай қалдық. Бұрынғыдай тері, жүн қабылдайтын орындар жоқ. Жемшөпті болса да сатып аламыз.
Қанатқақты жобаның екінші бағыты бойынша үй іргесіндегі жер телімін тиімді пайдаланып, көкөніс, жеміс-жидек пен дәнді дақылдарға дейін өсірумен айналысып жатырмыз, – деді ағынан жарылған Рысбек Зүбайраұлы.
Бердібек Машбекұлы пилоттық жоба бойынша туындап отырған проблемалардың шешімін табу жолдарын қарастыруды аудан әкімі Сәкен Арубаевқа тапсырды. Өз үйіндегі осындай бақшада қырыққабат, жүзім, тәтті және ащы бұрыштар мен таңқурай өсірумен айналысып жатқан Бесағаш ауылының тұрғыны Олжас Әбенов те пилоттық жоба бойынша жұмыс жасап жатыр екен.

Әсіресе әлден-ақ пісіп, жиын-терімі басталып кеткен, сонау тамыз-қыркүйек айына дейін өнім беретін таңқурайдың көлемін ұлғайтсам ба деген жас кәсіпкер Олжас Бақытжанұлының ниетін Бердібек Машбекұлы қолдайтынын білдірді. «Таңқурайдың бағасы қаншадан?» деген сұраққа Олжас: «Өткен жылы 800 теңгеден еді, биыл 900-1000 теңгеден сатылуда. Бір теріп шыққанымызда 50 килограмға дейін жинаймыз» деп, жауап берді. Аймақ басшысы өзінің Ақтөбе облысын басқарған кезінде бір жеке кәсіпкердің таңқурай өсіруді осындай телімнен бастап, қазір 50 гектарға дейін ұлғайтып, жанынан тосап, тағы басқа дайын өнім шығаратын цех қойғанын есіне алды. Сондай-ақ оныңa бұл өнімдерін бүгінде Атырау, Ақтау сияқты қалалар ғана емес, Ресейге де саудалайтындай дәрежеге жеткенін үлгі ретінде айтты.
Түркісіб іргесіндегі алты гектар алқапта «Іске сәт» ауыл шаруашылығы кооперативі бидай орағын бастап кетіпті. Су жаңа комбайнның жал-жал етіп қалдырған сабанын тракторға тіркелген техника тайлап келеді. Заманауи үлгідегі комбайн бір түйір дәнді де ысырап етпей бункеріне құяды екен. Гектарына 30 центнерден аса астық жиналуда.
Түркісіб ауылында соғылған жаңа мектеп биылғы жаңа оқу жылында пайдалануға берілмек. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова жаңа мектептің жай-күйімен таныстырып, оқу жылына дайындығы туралы айтып берді. Бердібек Машбекұлы аталмыш білім ордасына жұмысқа келген жас педагогтермен де ашық әңгімелесті.
Бесағашқа кіреберісте Қазақ ғылыми-зерттеу институты жүгері, бидай, жоңышқа еккен екен. Облыс әкімі: «Мынадай аласа бойлы жүгеріні кім болса сол егіп өсіреді. Әрнәрсені егіп, өсіре алмай жерді қор қылғанша дәнді дақылдың бір-ақ түрін немесе жоңышқа егіп, шаруаларға оның сапалы ұрығын ұсынуларыңыз керек. Бұл болмайды. Жергілікті тұрғындардан 922 гектар жер дұрыс мақсатқа пайдаланылмай келеді деген шағымдар түседі. Осы жер мәселесін шешсін деп облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Бахтияр Көпбосыновты әдейі шақырдым» деп, осы шаруаға басшы болып жүрген ғалымға сын айтты.
Естеріңізге сала кетейік, бұл мәселені «Aq jol» газеті де көтерген болатын. («Жерді не өздері игермейді, не жұртқа бермейді» №70, 19 маусым, 2020 жыл).
Ауыл шетінде «Байділ-дәхан» жеке кәсіпкерлігінің жылыжай салу қарекетімен қаныққан аймақ басшысы одан әрі «Ақ бұлым» ауылын сумен қамтамасыз ету үшін жүргізіліп жатқан істермен және Қызылқайнар ауылындағы шарап зауытының жұмысымен танысты.

 

Тұрмаханбет ҚАЗАҚБАЙ

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.